«Ауыл аманаты» жобасы қанша ауылды қамтиды?
– Облысымызда жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аз уақытта-ақ тиімділігін дәлелдеді десек, қате айтқанымыз емес. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары төмендетілген пайызбен несие алып, табысын арттырып, тұрмысын тіктеді. Жалпы баспасөз, телеарналар арқылы жарқын жоба бойынша несиеге қалай қол жеткізуге болады, шарттары қандай және басқа да қызықтырған осындай сұрақтарымызға байланысты мол мағлұматтарға қанықпыз. Енді жоба бүгінге дейін қанша ауылдық округте жүзеге асқанын, қанша тұрғын қамтылғанын, биылғы жоспары қандай екенін білгім келеді.
Бейсенбек ҚҰРАЛБАЕВ, Тараз қаласының тұрғыны
– «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде биыл 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылып отыр. Бұл округтерде жалпы 69 514 адам тұрады. Аула саны – 13 157. Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 3 923 жобаға 18,6 миллиард теңге қажет. Орташа чек – 4,7 миллион теңге. Қазіргі таңда жалпы сомасы 10,8 миллиард теңгеге 1 795 өтінім келіп түсті. 26 округтің барлығында кооперативтер құрылып, тіркеуден өтті. Бағыттарға жеке-жеке тоқталар болсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 412,9 миллион теңге қажет. Малшаруашылығын дамыту бағытына 13,2 миллиард теңге жоспарланған. Бұл қаржыға 98 мың мал сатып алу жоспарланып отыр. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытына 546,9 миллион теңге керек. Кооперативтердің жер көлемдері әлі нақтылануда. Құрылатын 26 ауылшаруашылық кооперативіне 332 ауылшаруашылық техникасы мен қайта өңдеу қондырғыларын лизинг жүйесімен алуға 3,2 миллиард теңге қажет. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 159 жобаға 1,2 миллиард теңге қаражат керек. Бұл бағытта «Eco chiсken» және «Гидропоника» жобалары да енгізілген. Қазіргі таңда 11,5 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына аударылды. Өтінімдерді қаржыландыру жұмыстары басталып кетті.Шәкір МОМЫНҚҰЛОВ, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары
Келесі мақала