Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ САУАТТЫ МӘТІННЕН БАСТАЛАДЫ

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ САУАТТЫ МӘТІННЕН БАСТАЛАДЫ
ашық дереккөз
ТІЛ МӘДЕНИЕТІ САУАТТЫ МӘТІННЕН БАСТАЛАДЫ
Жалпы қоғамдағы сауаттылық мәселесі өте өзекті. Ал қоғамдық пікір қалыптастырушы журналистердің сауатты болуы – екі есе маңызды. Біз мұны облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «БАҚ және тіл мәдениеті: тілдік нормалар» атты республикалық семинар барысынан аңғардық. Аты айтып тұрғандай, маңызды семинарға еліміздің бірнеше аумағынан тіл жанашырлары қатысты. Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметова ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң жиынды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып семинарға «ZOOM» платформасы арқылы қосылып отырған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Төкенқызы «Медиа кеңістіктегі тіл мәдениеті: әдістемелік мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде медиа тілінің өз бағыты бар екенін, медиа тілі публицистикаға, публицистика әдеби тілге жақын екеніне тоқталды. «Медиакеңістік – жеке адамдарға емес, ауқымды аудиторияға арналады. Сондықтан сауаттылық жоғары болуы керек», деді. Мұнан соң Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Жеңіс Жолдыбаев «Қазақ сөз мәдениетінің интернеттегі көрінісі» тақырыбында ой қозғап, әлеуметтік желідегі әріптік қатеге, немкеттілік пен сауатсыздыққа кеңінен тоқталды. Келесі кезекте Қарағанды қаласынан арнайы келген Жұпар Жақан «Тіл мәдениеті және тілдік норма» тақырыбында баяндама жасап, көп мәселені слайд арқылы түсіндіріп өтті. Бұл кісі өз сөзінде белгілі тіл жанашыры Назгүл Қожабектің «Telegram»-дағы «Калькасыз қазақ тілі?» жобасы мен жас ғалымдар шығарған «Сөз түзер» кітабындағы мысалдарға көбірек тоқталды. Мәселен, баяндамашы «Ағымдағы жылы», «Үстіміздегі жылы» деген секілді мәнсіз сөзден сақтандырып, «ақтық мәре», «ақтық бәсеке» дегендегі «ақтық» сөзінен абай болуға шақырды. Келесі сәтте ономаст ғалым, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанова ұлттық сана, ұлттық жігер, ұлттық болмыс төңірегінде терең ой қозғады. Облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек «БАҚ тілі – әдеби тіл дамуының көрсеткіші» тақырыбында баяндама жасады. Тұрсынбек Темірланұлы тілдік норманы газет жұмысымен байланыстыра сөйледі. «Соңғы бір жыл көлемінде елімізде 400-ден астам ақпарат құралы ашылған. Ақпарат құралдарының ашылуы оңай болып кетті. Неге? Бізде «Aulieatа-media» ЖШС-на қарасты «Aq jol» мен «Знамя труда» газеттерінің жарық көргеніне 100 жылдан асты. Ал жастар газеті «AR-AI» ашылғалы да 20 жылға жуықтады. Бұл дәстүрлі басылымдарда тілдік норма жақсы сақталған. Қазір не көп – жаңадан ашылған сайт, басқа көп. Бас редактор көп. Тіпті журналистикаға қатысы жоқ адам да бас редактор», деп мәселе көтерді. Мұнан соң тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Перизат Маханова бүгінгі таңдағы сұранысқа ие сөз зергерлері мен тіл шеберлерін меңгертудің қысқамерзімді «Сөздер» бағдарламасы туралы ой қозғап, оқыту барысымен таныстырып өтті. Семинар барысында қатысушылар ой-пікір алмасты. Олар тұрақты сөз тіркестерінің сөз мағынасы баспасөз беттерінде кейде өзгеріске ұшырайтынын, телеарнадағы тіл жұтаңдығын қамтып өтті. Осындай маңызды семинарларға телеарна басшылары мен мамандары көп қатысса деген де ой айтылды. Семинарды Гүлхан Мұхтарқызы қорытындылап, қонақтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ бірқатар азаматтарға Алғыс хат тапсырды. Айжан ӨЗБЕКОВА  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ЗАМАНАУИ «ЗЕРБҰЛАҚ»
Алдыңғы мақала
ЗАМАНАУИ «ЗЕРБҰЛАҚ»

Ұқсас жаңалықтар