Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЗАМАНАУИ «ЗЕРБҰЛАҚ»

ЗАМАНАУИ «ЗЕРБҰЛАҚ»
ашық дереккөз
ЗАМАНАУИ «ЗЕРБҰЛАҚ»
Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлінің маңындағы Орта Азия бойынша ең ірі халықаралық деңгейдегі аквапарктің құрылысы аяқталды. Ауқымды жоба осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігі мен қала әкімдігінің қолдауымен өңірімізде туризмді дамыту мақсатында жүзеге асқан болатын. Бұл демалыс аймағының салтанатты ашылуы 1 шілде күні өтпек. Кіру құны – үлкендерге 5000 теңге. Екі жасқа дейінгі балалар тегін кіреді. 2 жастан 13 жасқа дейінгі балаларға билет құны – 4000 теңге. Жұмыс уақыты күндізгі сағат 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін. Мұнда 40 шақты жаңа жұмыс орны ашылған. Үш жеңіл тамақтану орны, бір мейрамхана, 14 түрлі әткеншек, толқынды бассейн бар. Аквапарктегі әткеншектердің барлығы Түркиядан әкелінген. Зербұлаққа күніне 4 мың адам келеді деп жоспарланып отыр. Билетті «ZER» мобильді қосымшасы арқылы да алдын ала алуға болады екен. Аквапаркке келген бетте QR-кодты сканерлеу арқылы ішке енесіз. Бұл жайлы туып-өскен жеріне қайта келіп, аквапарктің негізін қалаушы үш инвестордың бірі, кәсіпкер Айбек Оршубеков айтты. – «Туған жерге туыңды тік!» демекші, туған жерім Таразыма осылай инвестиция құйып, «Зербұлақ» аквапаркін ашып жатырмыз. Бұл үш инвестор азаматтың туған жерге деген сыйы. Толқын тербелісі бар, сырғанауға арналған және дренажды бассейндер қойдық. Жиырма шақты адам жұмыспен қамтылып отыр. Кешенді іске асыру облысымыздың имиджін көтереді деп сенеміз. Арасында жетім және мүгедек балаларға, көпбалалы отбасыларға жеңілдік қарастырып тұрамыз. Уақытқа шектеу жоқ. Азанда кіріп, тұрғындар кешке дейін жүре алады. Бірақ өздерімен бірге тамақ, сусын әкелуге болмайды. Мұндағы ыстық тамақ, жеңіл тамақ болсын медициналық тексерістен өткен. Біз сол себепті ережені бұзған адамдарды аквапаркке кіргізе алмаймыз, – деді ол. Халық көптен күткен, сұранысқа сай аквапаркке екі балаға бір ересек кіру қажет. Егер үшінші бала кірсе, онымен қоса тағы бір ересек еріп жүруі қажет. Бұл демалыс орталығы әкімшілігінің баланың қауіпсіздігін ойлағаны. Бассейн саны көп және аумағы үлкен болғандықтан баланың адасуы сынды жайттарды ескере отырып, барлық маңға бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бассейндер өздігінен тазартылады. Арнайы тазалағыш құрылғылар қойылған. Суы мөлдір және таза. Топ адамдар арасында адасып кетпес үшін дыбыс күшейткіш құралдар да іске қосылыпты. Біз барғанда құрылыс жұмыстарының соңғы сәттері жүріп жатыр екен. Жай ғана көл болған бұл аймақ шынымен де жасарып, жаңарып қалған. Адам танымастай өзгерген «Зербұлақ» көздің жауын алып тұр. Әдемісі әдемі-ақ! Десе де айлығы шайлығына жетпейтін көне қаланың тұрғындары үшін кіру құны тым қымбат емес пе деп қалдық. Бұлай ойлаған себебіміз – қалада көпбалалы аналар көп. Бес баласын апаратын болса, әке-шешесі 30 мың теңгесінен қағылмақ. Осындай жағдайларды ескеріп, басшылар әлеуметтік жеңілдік жағын да қарастырар деген ойдамыз.

Э.Тілеубердіқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар