ЕЖЕЛГІ ОЛИМПИЯ МЭРІ ТАРАЗ ШАҺАРЫНДА
Ежелден тарихы бай, топырағы құнарлы, табиғаты әсем әрі ислам дінінің бесігі саналған ежелгі Тараз қалашығы – Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Жуырда мұсылман халқының атаулы мерекесі саналған Құрбан айт мерекесінде Грекияның ежелгі қалаларының бірі Олимпия мэрі Георгиос Георгиопулос бастаған грек делегациясы Тараз қаласына іссапармен келді.
Қала қонақтарын күтіп алған шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков ежелгі Тараз жеріндегі көрнекті орындармен таныстырды. Атап айтқанда, делегация мүшелері бірінші кезекте «Достық» үйіне аттанды. Меймандарды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева және этномәдени бірлестіктердің басшылары ерекше құрмет, жылы жүзбен қарсы алды. Сондай-ақ келелі кездесуге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының қоғамдық кеңесшісі, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында шетелден келген делегация мүшелері халқымыздың дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Кейінгі кезекте «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева өңірлік ассамблеяның тыныс-тіршілігімен бөліскен алғысөзінен кейін көрермендер назарына қазақ халқының биі ұсынылды. Кездесу барысында «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жастар орталығының төрайымы Татьяна Герантиди гректер жөнінде кеңінен мағлұмат беріп, этномәдени бірлестіктің Әулиеата өңіріндегі ахуалынан хабар берді.
Бұдан соң ЮНЕСКО тізіміне енген «Ортеке» күйінің театрлық миниатюрасын Қазым Аманқосов қазақтың қара домбырасында орындап, көпшіліктің өзіне деген назарын аудартты. Ассамблеяда өткен кездесу соңында шетелдік қонақтар делегациясының назарына сан түрлі этностың тарихынан сыр шертетін ұлттық нақыштағы бұйымдардан құралған көрме ұсынылды. Георгиос Георгиопулос өз кезегінде Эллада ұрпақтарын қиын жылдары бауырына басқаны үшін қазақ халқына алғысын білдірді.
Қарсы алу іс-шарасынан ерекше әсер алған соң делегация мүшелері жоспарға сәйкес аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен кездесіп, екіжақты кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан-Грекия Іскерлік кеңесінің тең төрағалары Жақсыбек Құлекеев, Ламнидис Томас, Грек Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі Бақытжан Сүйіндіков те қатысты.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін атқарылатын жұмыстар мен жоспарларға тоқталды.
– Тараз да, ежелгі Олимпия да – ғасырлар бойы қалыптасқан терең тарихы мен мәдениеті бай қалалар. Біз туризм, өнеркәсіп, жаңартылатын энергия көздері саласында да ынтымақтастықты жолға қоюға дайынбыз, –
деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Негізгі салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара қарым-қатынасты арттыруға, мәдени-гуманитарлық, білім беру және спорт салаларындағы байланысқа ерекше назар аударылды. Атап кету керек, Жамбыл облысының Грециямен тауар айналымы былтырғы жылы 3,3 миллион АҚШ долларын құраған.
Георгиос Георгиопулос екі ел арасындағы, оның ішінде өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
Г.Георгиопулос бастаған делегация мүшелері іссапардың екінші күнінде «Анаға тағзым» орталығына келді. Олимпия мэрі орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, алдағы жоспарлармен танысты.
Кездесу барысында «Береке» аспаздық студиясында курс қатысушылары Құрбан айт мерекесіне орай бауырсақ пен әсіп тағамын пісірді. Делегация мүшелері де ыстық тағамнан дәм татты.
Кейінгі кезекте «Мирас» ата-дәстүр залында Г.Георгиопулос тараздық кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті. Мұндай құрметке мерейлі мейман ризашылық білдірді.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала