«АТА МЕН НЕМЕРЕ» МОНУМЕНТІ АШЫЛДЫ
Байзақ ауданының Ынтымақ ауылдық округінде мектеп бітіргеніне 45 жыл толған түлектердің ұйытқы болуымен «Ата мен немере» монументі ашылды.
Ұлттық нақышқа негізделген айрықша монументтің ашылуына ауылдық округ әкімі Мейірбек Ноғаев, ардагерлер мен ұстаздар, түлектер қатысты.
Түлектердің атынан сөз алған Айтбай Мықтыбаев «Туған жер» бағдарламасы аясында игілікті іске атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, «Ата мен немере» саябағының тек демалыс орны ғана емес, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәніне тоқталды. Түлектердің бірі Сыдық Шохайбаев:
– Ата, әке, немере – үш буынды жалғайтын үш құндылық жүйесі. Ұрпақ сабақтастығы жолындағы ата мен немере арасындағы байланыстың жігі еш уақытта үзілмеуі тиіс. Болашақтың сәулесі немере болса, парасат иесі ол – ата. Бұл монументтің символикалық мағынасы тереңде жатыр, – деп лебізін білдірді.
Биіктігі үш метрден асатын монументтің авторы – мүсінші Сұңғат Қожағұлов. Ауылдың сәнін келтірген монументтің жалпы құны 1 жарым миллион теңгені құрады.
Жалпы Мәдімар ауылында мектеп бітірген түлектер ізгі істер жасаудан жарысқа түскендей. Мәселен, 1974 жылғы түлектер ауыл тұрғындарына «Street Workout» алаңшасын пайдалануға берсе, 1972 жылы туған азаматтар Мәдімар мешітіне еуроқақпа орнатқан. 1982 жылғы азаматтар имандылық үйіне 100 адамдық бастырма, ал 1983 жылғы азаматтар пеш соғып берсе, 1984 жылғы азаматтар 100 адамдық «палатка» алып берген екен.
1964 жылғы азаматтар мешіт пен мектепке орындық орнатып, ауыл жастарын қазан-ошақ тарту еткен. 1986 жылғы азаматтар қорым басына 3 бастырма, 1966 жылғы азаматтар «Алғашқы механизаторлар» аллеясына евроқақпа салған.
Монументтің ашылу салтанатында ізгілікті іске мұрындық болған түлектерге ауыл әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Келесі мақала