Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«САБАҚТАСТЫҚ ҮЗІЛГЕН ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ»

«САБАҚТАСТЫҚ ҮЗІЛГЕН ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ»
ашық дереккөз
«САБАҚТАСТЫҚ ҮЗІЛГЕН ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ»
Облыста журналисттік кәсібіне адал болған, осы салада талай жыл тер төгіп, шығармашылық еңбегінің жемісін көрген қаламгерлер аз емес. Солардың қатарына Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионовты жатқызуға болады. Ол кісі қазіргі таңда облыс ардагерлеріне арналған бірегей басылым – «Ғұмыр-Дария» газетінің облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен табысты шығаруда. Негізгі жұмысына қоса Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалына басшылық жасауда. Біз сәті түсіп, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Жаңабай Миллионовпен сұхбаттасқан едік. – Жаңабай Миллионұлы, баспасөз саласында, идеология жағында тер төктіңіз. Мемлекеттік қызметте ұзақ еңбек ете алмағаныңызға өкінбейсіз бе? – Мен еңбек жолымды аудандық газеттің тілшісі ретінде бастаған болатынмын. Кеңес заманында комсомол, партия деген ұйымдар болды. Көзінде оты бар, көкірегі ояу, талантты жастарды өздерінің қатарына қызметке тартып отырды. Содан аудандық газетте еңбек етіп жүргенімде комсомол ұйымына жұмысқа шақырды. Ол жерде хатшы болып 4 жыл жұмыс істедім. Аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Аудан жастары жетекшілерінің бірі атандым. Жастармен жұмыс істеген өте қызық. Бұл менің одан кейінгі істейтін жұмысыма кең жол ашты деп ойлаймын. Көп тәлім-тәрбие алдым, тәжірибе жинадым. Екіншіден, комсомолдық қызметтен кейін бірден облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «AQ JOL») деп аталатын газетке ауыстым. Ондағы ауылшаруашылық бөлімінде тілші болдым. Біздің бағымызға орай деймін бе, әлде сәттілік пе, өңкей мықтылардың ортасына түстік. Бұл кезді газеттің «алтын ғасыры» деуге болады. Аталған газеттің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Бақытяр Әбілдаев болатын. Өте жүйрік, жүлделі журналист, ол кісінің білмейтіні жоқ еді. Облыстың тарихын қопара жазды. Жамбыл қаласына «Тараз» деген тарихи атауын қайтаруға тікелей еңбегі сіңді. Сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына осы жайлы мәселе қойды. Сөйтіп, қаламыз байырғы атауын қайта иеленді. Осындай мықты, білімді журналист Бақытяр Әбілдаевтың қарамағында жұмыс істедім. Сол кезде үлкен ұжымда 60-тан астам шығармашылық қызметкер болатын. Газет аптасына 5 рет шығатын. Сондықтан тікелей тәрбиешім де, ұстазым да, бастығым да сол бөлім меңгерушісі болды. Жаңа айтып өткенімдей, ол уақытта партия жас коммунистерді іріктеп, таңдап қызметке алатын. Сарысу аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі сол жылдары идеологиялық бөлім деп аталды. Облыс комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов қатал, сұсты жан еді. Кәдімгі мемлекеттік қызметкер ғой. Сол кісінің алдында болып, қызмет бабымен туған ауданым Сарысуға жол тарттым. Сонда 4 жыл қызмет еттім, мемлекеттік қызметте де еңбек етіп көрдім, көп нәрсені үйрендім. Партия қызметі деген – ол мүлдем бөлек. Журналистика­мен салыстыруға болмайды. Қайнаған өмірдің ортасы, тікелей мәселе шешесің, тәрбие жұмысымен айналысасың, ауданның білім, мәдениетіне жауап бересің. Сондықтан сол саланың басшыларымен, жалпы бұқара халықпен тығыз жұмыс істедік. – Ұрпақтар сабақтастығы дегенді қалай түсінесіз? Қазіргі жас журналистер арасынан Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев секілді түлғалар шығады деп ойлайсыз ба? – Ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды өзім жиі айтып жүремін. Экология, әлеуметтік секілді қай саланы алып қарасақ та жалпы сабақтастық болмаса өмірде тоқырау басталады. Тіпті сол экономиканың, әлеуметтік саласының бір буынында сабақтастық сақталмаса, әрине, ол істе береке болмайды. Мәселен, белгілі бір кәсіпорынға немесе мекемеге жаңа басшы келді дейік. Ол бұрынғы басшының еңбегін жоққа шығарып, жаңадан тәсіл ашсам деген оймен бастайды жұмысын. Солай қателеседі. Дұрыс, істі жетілдіру керек, заманауи талапқа сай кайта құру керек. Бірақ бұрынғы сабақтастықты сақтау керек. Жаңа басшының бұрынғы жұмыс істеп келе жатқан кәсіби тәжірибесі мол кадрларды ауыстыруы, сапырылыстырып немесе олардың жұмысын жоққа шығаруы жұмыстағы бейберекетсіздікке, сылбырлыққа, тоқырауға алып келеді. Енді журналистика бағытын айтатын болсақ, жалпы өздеріңіз істеп отырған баспасөз саласы да сабақтастықты сақтау арқылы дамиды. Былтыр «AQ JOL» газетінің 100 жылдығы өткен болатын. Қарап отырсам, сонда бірінші редактордан бүкіл редакторға дейінгі жұмыс тарихының шежіресі жасалды. Сол газетті әр жылдары басқарған Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев секілді нар тұлғалар өзіме өмірлік ұстаз санаған азаматтар болды. Ол кісілерден көп нәрсе үйрендім, соларға қарап бой түзедім. Оларды інілік, шәкірттік сезіммен жақсы көрдім. Байқасаңыз, бұл жерде де сабақтастық бар. Баттал Жаңабаев ағамыз бас редакторлықты Арғынбай Бекбосынға беріп кетті. Арғынбай Бекбосын –Баттал Жаңабаевтың шәкірті. Қарамағында істеді, бірге қызмет етті. Жақсысын бойына сіңірді. Ал Арғынбай Бекбосын бас редактор болған кезде газетте Әлдихан Қалдыбаев қызмет етті. Осы үшеуі бас редакторлық жасаған жылдарды газеттің «алтын дәуірі» деуге болады. Мен өзім сол кезеңде жұмыс істеген соң айтып отырғаным жоқ. Жалпы тарих соны көрсетіп отыр. Өйткені сол кездерде ұрпақтар сабақтастығы қатты сақталып отырды. Сабақтастық болғанда да мен үшеуі бір-бірінің жұмысын қайталады дегенді айтып отырғаным жоқ. Олар бірінің жұмысын бірі толықтыра, жетілдіре отырып, облыстық газетті биік деңгейге көтерді. Мәселен, Баттал Жаңабаевтың кезінде газеттің таралымын қалай болғанда да шарықтатып жіберуге мол мүмкіндік бар еді. Бірақ қатып қалған жоспарлы экономикаға сай басылым 26 мың данамен шығатын. Одан асыртпайтын, мына мекеме мына данаға, бұл жер осынша данаға, осы кәсіпорын мұнша данаға жазылады деп алдын ала жоспарлап қоятын. Арғынбайдың кезінде жағдай басқаша болды. Сол тұста Кеңес одағы Коммунистік партия Орталық комитетінің Бас хатшылығына Горбачев келді. Жаңа Бас хатшының заманында жариялылық, жеделдету бағыты, «қайта құру» саясаты жүргізіліп, жақсы жаңалықтар, игілікті істер орын алып жатты. Арғынбай Бекбосын бас редакторлық жасаған сол тұста газеттің таралымы 50 мыңнан асты. Көз алдымызда газетіміз адам танымастай өзгерді. Мазмұны да, безендірілуі де керек болса, «Ақ жол» болып аты да өзгерді. Баттал Жаңабаевтың кезінде де газет жаман болды деп айта алмаймыз. Баттал Жаңабаев ағамыз тәртіптің адамы еді. Ұжымымыз ұйымшыл болды. Жұмысты жапырып істеді. Арасында демала да білді. Атаулы мерекенің барлығын ұжымымыз бірге атап өтетін. Бірге жүретінбіз. Бірге қыдыратынбыз. Ал бірақ тәртіп бұзған адам болса, Баттал аға оларға жеңілдік жасамайтын. Тәртіптік жазаның пайдасын кейінірек көрдік қой. Ал енді Әлихан Қалдыбаев ағамызға келетін болсақ, апта басында баспасөз күніне орай біздің журналистердің бастамасымен, облыстық Журналистер одағы филиалының ұсынысымен Тараз қаласы әкімдігі ол кісі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатты. Әлдихан ағамыз осы үйде 1972 жылдан 2015 жылға дейін тұрған екен. Сонда 50 жылдан астам өмірі өткен шаңырақ қой. Сондықтан бүгінгі журналистер ағамыздың рухы, әруағының алдында сауабы мол іс жасады. Есімін елеп жатқан қала әкіміне рақмет! Әлдихан ағамыз өте жайлы басшы ретінде есте қалды. Кең адам еді. Өте парасатты, білімді жан болатын. Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосынның жолын жемісті жалғады. Қаншама жасты, журналистердің жаңа буынын тәрбиеледі. Ағамыздың алды кең жайлау болатын. Кабинетіне именбей кіріп, шаттанып шығатынбыз. Астарлы әзілдері мен тапқыр сөздерін, әңгімелерін рақаттанып тыңдайтын едік. Ауылдан келген кішкентай баламыз ғой, нағыз аңыз адамдардың қасында жүргенімізді, нар тұлғалармен қызметтес болғанымызды біле бермедік. Есесіне есейе келе ұғындық, оларға деген құрметіміз арта түсті. Сол ағаларымыздың қасында жүріп, тәрбие алғанымызды мақтанышпен айтып отырамын. Ұрпақтар сабақтастығы дегенде сол кісілердің атын атап тұрып, нақты мысал келтіріп отырғаным сондықтан. Журналистика саласында ерен еңбек сіңірген бұл ағаларымыздың есімін кейінгі толқын үлкен құрметпен еске алып, ісінен үлгі алып келеді. Мұнымен айтпағым, сабақтастық үзілген жерде береке болмайды. – Жекеменшік газет аштыңыз. Мұндай ой қайдан келді? Не түрткі болды? – Өзім басшылық етіп отырған «Ғұмыр-Дария» газетінің қалай ашылғаны туралы талай айтып жүрмін. Газетті о баста облыстық ардагерлер кеңесімен ақылдаса отырып, өңіріміздің жасы үлкен, дария ғұмыр ардагерлеріне арнап аштық. Өйткені кез келген газеттің артында қоғам тұру керек, күш тұру керек. Сол кезде газетті жарыққа шығаруға көмегі тиген ағаларымды айтпай кетуге болмайды. Өте парасатты, тәжірибесі мол Тілеуқабыл Төребеков ақсақал сол кезде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болатын. Ал орынбасары Халил Бейсеев ағамыз да нақты істің адамы. Өмірден өткенге дейін осы «Ғұмыр-Дарияның» жалауын көтеріп өткен Нәрейім Сейдуалиев ақсақал бар, осы үшеуі ардагерлерге арналған басылым шығарамыз деген шешімімізді қос қолдап қолдады. «Бұл біздің жұмысымызға жаңаша леп береді, біраздан ойымызда жүрген нәрсе еді, бірақ біз оны ашудың жолын білмей жүр едік» деп қуаныштарын жасырмады. Бұл 2013 жыл болатын. Тілеуқабыл ағамыз бізге: «Жігіттер, 5 маусым күні облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы болатын еді. Жиынға республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, облыс әкімі қатысады. Соған орай газеттеріңнің алғашқы санын шығара аласыңдар ма?» деп қолқа салды. «Иә, аға, 5 маусым күні газетімізді жарыққа шығарамыз» деп сеніммен айттым. Бұл күнде марқұм болып кеткен Болат Бекжанов деген әріптесім, досым газетті шығарар уақытта қасымнан табылып, бар көмегін аямай көрсетті. Талантты жас журналистерді іріктеп жүріп, газеттің алғашқы ұжымын жасақтауға көмектесті. Алғашқы нөмірін шығаруға мықты ардагер журналист Досымжан Төлеуішов, қазіргі уақытта «AR-AI» жастар газетінде бөлім басшысы болып жүрген Талғат Нұрханов атсалысты. Маржан Өсерова деген қызымыз газеттің дизайнын жасады. Сонымен не керек, аталған күні пленум барысында Тілеуқабыл ақсақал жиналған қауымнан сүйінші сұрады: «Бүгін облыс руханиятының тарихында елеулі күн. Облыс ардагерлеріне арналған «Ғұмыр-Дария» газетінің ең бірінші нөмірі қолымызға тиді», деп қуанышпен хабарлады. Былайша айтқанда, сол жерде жаңа басылымның тұсауын кестік. «Ғұмыр-Дария» газеті өмірге осылай келді. – Қазір мүйізі қарағайдай газеттердің таралымы төмендеп қалды. Ал «Ғұмыр-Дария» сол қалпын сақтап тұр. Себебі неде? – Газеттің артында облыстық ардагерлер ұйымы деген үлкен күш тұр. Жылда баспасөзге жазылу науқаны басталатын кезде осы мәселеге байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы төралқа отырысы өтеді. Қалалық, аудандық ардагерлер ұйымының төрағаларымен, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағаларымен тығыз байланыста боламыз. Өйткені олардың жұмысының бір көрсеткіші «Ғұмыр-Дария» газетіне ардагерлерді жазуға шақырумен есептеледі. Олар өздерінің жиналыстарында, іс-шараларында, ардагерлермен кездесулерінде төл басылымымызды насихаттап отырады. Бұл арада ең басты көрсеткіш – газеттің мазмұны. Айтсам мақтаншылыққа кетті демеңдер. «Ғұмыр-Дария» бірінші нөмірі шыққан күннен бастап оқырмандардың ойынан шығып келе жатқан, ақпарат айдынында өзіндік орны бар басылым деп ойлаймын. Өйткені бізге қариялар телефон шалып, жылы лебіздерін білдіріп, ұсынысын айтып хат жазып жатады. Өздері редакцияға арнайы іздеп келіп тұрады. «Газеттеріңіз ойымыздан шығады. Газет беттерінде ардагерлер ұйымының жұмысы ғана емес, ғибратты ғұмыры, тағылымы, олардың өткен өмір жолы жиі жарияланып тұрады. Керек болса, ардагерлер немен мақтана алады, неден жасқанады, осы мәселелердің барлығы жазылады» деп оқырмандар пікірін білдіреді. Сосын бізде тарихи-танымдық, тәрбиелік мәні бар мақалалар да жиі жарияланып тұрады. Қазақтың әр адамының өткен өмірі тұнып тұрған тағылым-тәрбие. Соларды шама-шарқымыз келгенше жазып, болмысын ашуға тырысамыз. Ол қария әке болсын, қария ана болсын, бұрын басқа жерде жарияланбаған, ел оқымаған қызықты дүниелерді ұсынуға тырысамыз. Мәселен, жақында 3 рет егіз туған, соларды бағып-қағып өсірген ана туралы жаздық. Біздің үлкендеріміздің арасында сондай ұлағатты тағылымы мол оқиғалар аз емес. Әсіресе соғыс тарихында ел біле бермейтін ерліктер жетерлік. Кешегі қанқасап соғыстың шындығын жеріне жеткізе жаздық деп айта алмаймыз. Керек болса кешегі Желтоқсан оқиғасының шындығын да толық білмейміз. Ол тұрмақ «Қаңтар оқиғасының» ақиқаты ашыла қойды деп айту қиын. Сол шындықты шымырлатып шет жағалап айтуға «Ғұмыр – Дария» әрекет жасады. Біз оқырмандарымызды жалықтыратын саясатты көп жазбаймыз. Өйткені газеттің саясаты – қариялар, ардагерлер. Біздің саясатымыз – үлкендердің ұлағаты. Сол төңіректе жазып жүрміз. Күні бүгінге дейін оқырмандарымызды өкпелетіп көргеніміз жоқ. Алдағы уақытта да газетіміз өз деңгейінде қалады деген сенімдемін. – Журналистер одағы филиалының төрағасы ретіндегі қоғамдық жұмысыңыз бар. Осы филиалды басқаруға келісуіңізге не түрткі болды, оған уақытты қалай тауып жатырсыз? – Жалпы Журналистер одағы – қоғамдық бірлестік. Мен атқарып жүрген филиал төрағасы қоғамдық негіздегі қосымша лауазым. Дегенмен осы жылдың басынан бері әріптестерім осындай жауапкершілік жүгі мол міндетті жүктеді. Әрине, мен де енді қариялық жастағы азаматпын. Елу жылдай журналистика саласында қызмет етіп келе жатырмын, аудандық газетті 13 жыл басқардым. Жалпы аудандық газетте 20 жылдай қызмет еттім. Облыстық газетте 20 жылдай жұмыс істедім. 10 жылдан бері «Ғұмыр-Дария» газетін шығарып жатырмын. Сондықтан тәжірибем бар, аудандық, облыстық деңгейде, қай буындағы журналистер болсын олардың өмірін де, тағдырын да, шығармашылығын да жақсы білемін деп ойлаймын. Басшылармен де, қарапайым мамандармен де, жай жұмысшы шаруалармен де қызметтес болдық. Бірге жүрдік. Өзім ауылда туып-өскен адаммын. Сондықтан қаланың да, даланың да өмірі маған таңсық емес. Журналистермен тіл табысып жұмыс істейтініме сенімдімін және мүмкіндігінше үдеден шығуға жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан ұсынысты дұрыс қабылдадым. Оның ішінде қолымыздан келетіні бар, қаржыға тірелетін мәселе де жоқ емес. Жақында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің арнайы қабылдауында болып, Журналистер одағы филиалының жұмысын жандандыру жөнінде пікір алмастым. Билік тарапынан бірқатар қолдау болатындығын естіп-білдім. Жыл басынан бері 10 жас қаламгерді Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылдадық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қалам ұстаған аруларды арнайы қабылдап, құттықтадық. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай лайықты әріптестерімізді Қазақстан Журналистер одағының марапаттарына ұсындық. Биыл Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйғарымымен «Жамбыл облысының үздік журналисі» атағын және төсбелгісін тағайындадық. Мерекеге байланыты өткен облыстық жиында бұл құрметті атақты салтанатты жағдайда тапсырдық. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы Меркі ауданының ардагер журналисі Серікбай Құралбайдың демеушілігімен әуесқой балық аулаудан облыс журналистері арасында жарыс өткіздік. Бұл бәсекеге қаламгер әріптестеріміз үлкен қызығушылықпен қатысты. Алда жоспарлар бар. Облыс журналистерінің форумын өткізуді де ойластырудамыз. Қаламгерлер қауымының айтары аз болмауы тиіс. Қазақ баспасөзінің дәл бүгінгі таңда кезек күттірмес мәселелері баршылық. Қазақ баспасөзіне қатысты қадау-қадау проблемаларды ортаға салсақ па дейміз. «Жаңа Қазақстан. Әділетті қоғам. Әділетті адам» деген шартты тақырыппен облыс журналистері арасында шығармашылық байқау өткізу де жоспарымызда бар. Үлгеріп жатсақ, бәйгенің қорытындысын Республика күні қарсаңында жарияласақ па дейміз. Өмір ғой, басқа да ағымдағы жұмыстар жетерлік. Бұл қоғамдық жұмыс. Филиалдың қолында көп тіршілік жоқ, бірақ еңбек етемін деген адамға қай жерде болмасын жұмыс табылады. Енді журналистердің бірнеше шығармашылық байқауын өткізсек пе деген және тағы толып жатқан түрлі ойлар бар. Сондықтан бұл жұмысты шама-шарқымыз келгенше жалғастырамыз деп ойлаймын. – Бүгінде қолына қалам ұстаған қауым «Масс-медиа туралы» заңды қызу талқылап жатыр. Әлеуметтік желіге арбалған әлемде журналистиканың болашағы, ежелден келе жатқан баспасөздің жағдайы не болмақ? «Масс-медиа» дегеннен шығады. Осы блогердің журналистен айырмашылығы неде? – Өздеріңізге белгілі, осы уақытқа дейін біздер 1999 жылы 23 шілдеде қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңмен өмір сүріп келе жатырмыз. Өткен жылдың соңынан бері «Масс-медиа туралы» заң жобасы көпшілік қарауына ұсынылып, талқылануда. Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Онлайн – платформалар, онлайн – жарнама туралы» заң жобасы мақұлданды. Біз сөз еткелі отырған соңғы екі заң жобасының бұрынғы жұмыс істеп келген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнан өзгешеліктері айтарлықтай. Бұл Заң Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қабылданды. Ол кезде бұқаралық ақпарат құралдары негізінен газет-журналдардан, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарынан қалыптасқанын біз жақсы білеміз. Ол кезде интернет өріс ала қойған жоқ болатын, қазіргідей екінің бірі жаппай әлеуметтік желілерге бой ұра қоймаған еді. Заман өзгерді, ақпарат кеңістігіне дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар өмірге әлеуметтік желілер келді, журналистерге «бәсекелес» боламыз деп блогерлер ақпарат кеңістігінің шырқын кетіруде. Баспасөзге, жалпы ұлт руханиятына деген мемлекет тарапынан көзқарас бүгінде төмендеп тұр. Баспасөзге «мәжбүрлеп» жаздыруға болмайды дегенді сылтау еткен билік газеттердің таралымын қолдап төмендетіп жіберді. «Бас ал десе шаш алатын» ескі әдетке басқан биліктегі белсенділер қолға ұстап, мейірі қанып оқитын газет-журналдардың қадірін қолдап кетіріп отыр. Жалпы мен журналистикада ұзақ жыл қызмет атқарған қаламгер ретінде айтарым – әлеуметтік желілер дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен бәсекелесе алмайды. Болса да, болмаса да блогерлердің журналистердің шаңына ілесуі қиын. Газет-журналдарда талданған, анық-қанығына көз жеткен оқиғалар, шынайы ақпараттар оқырмандарға жол тартады. Туа бітті талантқа ие журналистер халықтың мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды. Қай уақытта да олар жеңіл ақпаратқа әуес болған емес. Тәуелсіздік жылдарын алып қарайтын болсақ, тіл туралы, тілдің тағдыры жөнінде, ұлттық рух жайлы, ұлы даламыз, туған топырағымыз – жеріміз туралы кім толғанды, елдің ішіндегі шерін кім тарқатты – әрине журналистер. Том-том болып қаланып тұрған газеттердің тігінділерін ақтарып қараңызшы, кешегі күннің қатталған тарихын, елдің-жердің шежіресін, адамдардың жасампаздық еңбегін, қилы-қилы тағдырын тапжылмай отырып, оқи аласыз. Міне, дәстүрлі баспасөздің бағасын осыдан-ақ шығарып ала беріңіз. Әлеуметтік желі деген не, бүгінде ол кім көрінгеннің әуесіне айналды. Біреу шашын қиғанын айтады, басқасы кірпігін ұзартқанын көрсетіп мақтанады, келесілері тұрмыстағы қуаныштарын, кикілжіңдерін жазып, елдің миын қатырады. Ал енді сұмдықпыз деп жүргендері әкімқаралардың соңына түсіп, олардың туған-туысқандарын, жекжат-жұраттарын түгендеп, әуре болады. Десек те, бүгінде солардың наны жүріп тұр. Қазіргі баспасөзге көзқарасты өздерің білесіңдер. Руханиятқа, жалпы қазақ баспасөзіне көзқарас дұрыс болмай тұр. Шындығы керек, ол біздің идеялогияның, тәрбие жұмысының төмендігі. Идеялогиялық қызметтің тиімсіз жұмысының жемісі деп білемін. Керек болса қазақ баспасөзіне қарсы әрекет бар. Өйткені қазір газетке жазыл десеңіз біздің тәрбие жұмысымен айналысатын биліктегі бишікештеріміз «өре түрегеледі». Мемлекеттік саясатты жазып жатқан газет-журналдар елдің, мемлекеттің жауы емес қой. Сондықтан бұған көзқарас өзгермесе ұлттық баспасөздің, руханияттың болашағы онша жақсы болмайтын шығар деп ойлаймын. – Журналистік ғұмырыңызда өзіңіз тәлімгерлік жасаған шәкірттеріңіз жайында сөз қозғасаңыз... – Жоғарыда айтқанымдай қызметтік жолым енді басталғанда Баттал, Арғынбай, Бақытяр, Әлдихан ағаларымнан тәлім алып, қаламы қарымды журналист болып жетілдім. Ойлап қарасам осы жасқа жеткенше өзім де бірнеше жас журналистке бағыт-бағдар беріп, олардың ұстазына айналып үлгеріппін. Осы «AR-AI» газетінің қазіргі бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбековты «Сарысу» газетінде еңбек етіп жүргенімде мектепті аяқтай сала жұмысқа қабылдап, тәрбиеме алдым. Өзі де жазуы жақсы, жауапкершіл бала газеттің ішкі жұмыстарын тез қағып алды. Жылдар өте келе ысылған, тәжірибелі журналист болып жетілді. Қазір есімі республикаға, облысқа танымал Амангелді Әбіл, Әбілдә Сәрсенбиев, Асхат Райқұл, Талғат Нұрханов, Нұрсұлтан Рахымбай, Маркс Дүзелбаев, Жанғазы Ахмет, Арайлым Шабденова, Ардақ Сапиболла секілді талантты журналистер жиі хабарласып, алғыстарын айтып тұрады. – Ауылға барып тұрасыз ба? – Жаңа айтқанымдай, ауылда туып-өскенмін. Алайда қызмет бабымен қалаға келдім, осында тұрып жатырмын. Бірақ қай кезде де ауылмен байланысымды үзген емеспін. Ауыл – қазақтың алтын қазығы. Барлық салт-дәстүр, ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие – бәрі ауылда. Жалпы туған өлке әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Ешбір жерге айырбастауға келмес өзіндік құны мен қасиеті астасқан осынау қадірлі жерді сөз қылу – мен үшін зор мәртебе. Сол себепті болар, ауыл жайлы жазған немесе сөз бастаған жан үшін не айтса да, қалай айтса да бір нәрсе жетпей тұратындай болары хақ. Ауылдың таза ауасын, тұнық суын, тіл жетпес сұлулығын жеткізуге келгенде көбіміз сөз таппай, абдырап қалатынымыз тағы бар. Туған бауырым ауылда тұрады. Сондықтан қазақ үшін киелі атақонысқа, ауылға жиі барып тұрамын. – Қоғамда не алаңдатады? – Ең бірінші мазалайтын жайт, ол – тіл мәселесі. Қазақтың атақты батыры Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей, тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес. Сол себепті бұл әлі күнге өзекті мәселе болып қалып отыр. Халқымыздың тіл жанашырлары, ұлт жанашырлары, қазақ журналистері 30 жылдан бері айтудай-ақ айтып келеді. Әрине, ілгерілеу бар. Өзім қоғамдық орында болсын, дүкенде болсын, орыс көрсем де қазақ тілінде сөйлеймін. Түсініп, жауап беріп жатады. Оған да болса қуанып қаламын. Бәрі бір күнде шешілмейді, әрине. Бір айтарым – әркім өзінен бастауы керек. Елім үшін қызмет етемін деп жүрген депутаттарымыздың өзі бірауыз қазақша сөз құрай алмай жүр. Олар туған тілін солай шұбарлап жатқанда өзгенің баласына не дей аламыз? Кішкентай немере-шөберелеріміздің өзі шүлдірлеп өзге тілде сөйлеп жүр. Оларды түзете алмай жүргенде басқаларға қалай сын айтамыз? Сондықтан әркім өз отбасынан бастауы керек. Тағы да алаңдататыны – жастар мәселесі. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, алайда жас буын өзінің қазақилығынан ажырап бара жатқандай көрінеді кейде. Бірақ қарап тұрсаң сол жастардан да үйренеріміз көп. Жастығы Кеңес үкіметі тұсында өткен біздер бүгінде ардагерлер қатарындамыз. Қазіргі заманның жастары бізге қарағанда оқ бойы озық. Білім жағынан да, ақпараттық жүйеде де, технологияда да ілгері. Біз ардагерлер жағы сол жан-жақты жастардың алдында дәрменсізбіз. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты Жаңабай

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар