Талғат БЕРІКБАЙҰЛЫ
ЖУРНАЛИСТЕР ЖАРЫС ЖОЛЫНДА
Бүгін Тараз қаласындағы «Ұлан» стадионында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиаданың жалауы желбіреді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова сөз сөйлеп, билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген журналистер қауымының қоғамдағы орны мен рөліне тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Нұржан Қырықбайұлы спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген бірқатар журналистерді алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен жарыс жолына бірінші болып білек күші тасыған әріптестеріміз шығып, үздіктерді анықтады. Қол күрес бәсекесінде «Taraz Press» командасының намысын қорғаған Серік Тәжібаевқа тең келетін қарсылас табылмады. Екінші орынға «Салық тәртібі» командасының өкілі Айдос Әбілов ие болса, үздік үштікті «Aulieata-Media» командасының ойыншысы Дулат Шықпанбетов түйіндеді. Ал әйелдер арасында «Салық тәртібі» командасының ойыншысы Гүлдерайым Әлімжанова қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтыннан алқа тағынды. Облыстық «Jambyl» телеарнасының журналисі Ардақ Сапибулла қол күрес спортынан да құр алақан емес екенін танытып, екінші орынға табан тіреді. «Jambyl-Taraz» командасының ойыншысы Мираш Жолаева қола жүлдені қанағат тұтты.
Мұнан кейін желден жүйрік журналистер спартакиада көркін қыздырды. Эстафеталық жүгіруде «Taraz Press» ойыншылары топ жарса, «Тараз-24» және «Jambyl» командалары жүлделі екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.
Дойбышылар сайысында «Салық тәртібі» командасының сапында өнер көрсеткен Сүндетулла Әбілов ерлер арасында, әйелдер арасында Әсел Бөлекбаева дара шықты. Сондай-ақ ерлер арасында «Тараз-24» телеарнасының қызметкері Нұрбол Қыстаубеков екінші орынды, «Taraz Press» командасынан Данияр Әлімқұл үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында «Jambyl-Taraz» командасының ойыншысы Айдана Қуатова күміс медальді мойнына ілсе, «Taraz Press» өкілі Ұлдана Жұбай қола жүлдені қанжығалады.
Келесі кезекте спартакиада теннисшілердің бәсекесімен жалғасты. Үстел теннисінде ерлер арасында Нарбол Қашаған шеберлігімен көзге түсіп, чемпион атанды. Ақтық бәсекеде бабы келіскенімен, бағы жанбай, қарсыласына аз ғана ұпай айырмасымен есе жіберген әріптесіміз Ғани Сүгірәлиев күміс жүлдемен күптелді. Сондай-ақ тағы бір әріптесіміз, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «ARAI» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева финалда «Taraz Press» командасының ойыншысы Гүлдана Абизаға есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты.
Жасыл алаңда бақ сынаған журналистердің бәсекесінде «Taraz Press» командасы жасындай жарқылдап, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Сонымен қатар «Jambyl» командасы екінші орынды, «Салық тәртібі» командасы үшінші орынды түйіндеді.
Спартакиада арқан тарту бәсекесімен қорытындыланып, «Taraz Press», «Салық тәртібі», «Jambyl» командалары жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Тартысқа толы болған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «Taraz Press» командасы дараланса, «Салық тәртібі» командасы екінші орынды, «Jambyl» командасы үздік үштікті түйіндеді.
Жеңімпаз командаларды Нұржан Қырықбайұлы марапаттап, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.