Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аналар кеңесінің тірлігі тиянақты

Аналар кеңесінің тірлігі тиянақты
ашық дереккөз
Аналар кеңесінің тірлігі тиянақты
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған әртүрлі деңгейдегі Аналар кеңесі жұмысының негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту. Сонымен қатар отбасындағы құндылықтарды насихаттау. Бұл дегеніміз – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету. Сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысады. Әртүрлі іс-шаралар арқылы берекелі-мерекелі, тірлігі тиянақты, өзгеге үлгі боларлық отбасыларды насихаттайды. Жалпы Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап көрсетілген. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдік ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Байзақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова құрамында аналар болатын кез келген қоғамдық бірлестіктердің жұмысы бір-біріне ұқсас екенін айтады. Ол болашақта ел тізгінін ұстайтын есті буынды тәрбиелеу ең басты мәселе екенін тілге тиек етті. Өйткені аналарды біздің жеңістеріміз, жетістіктеріміз қуантады, олар үшін аса зор ұлттық құндылық саналатын тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз да айрықша маңызға ие. – Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықққа тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие. Адамды бала кезінен өзге ұлттың мәдениетіне, олардың тілі мен дінін, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпына құрметпен қарауға үйретуіміз керек. Сондай-ақ өркениетті елдер ұстанған, адами тұрғыда қажет етілетін талаптарды орындау – маңызды. Бала бойына өзге этнос өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін сіңіре отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етуіміз қажет. Міне, осы мәселелер бойынша Байзақ ауданында Аналар кеңесі жанындағы «Ақ әже ансамблі» ауқымды жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, 22 наурызда аудандық аналар алқасынан құрылған «Ақ әже ансамблі» қазақ әндерінен әуелете ән салып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеді. Мектептерге барып, құрақ құрау, көрпе тігу, тоқу секілді қолөнер түрлерінен қыз балалар арасында шеберлік сабақтар өткізеді. Аудан көлемінде құқық тақырыбына өткізілген семинарларда дәріс оқып, өз ойлары мен тәлімді пікірлерін ортаға салады. Мысалы, нашақорлық дерті, қыз тәрбиесі туралы семинар ұйымдастырады. Жақында өткен Шақан ауылдық мәдениет үйінің ашылу салтанаты мен ауданның мәдениет күндерінде де аналар аса белсенділік танытты. Мамыр айында өткен «Қазақстан дәуірі» республикалық газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызымен кездесуде аудандағы белсенді аналар өз пікірін ортаға салып, ұлттық тәрбиеге қатысты ойда жүрген келелі мәселелерді көтерді, – дейді Шырын Мамашайқызы. Аналар алқасы мүшелерінің облыстық «Анаға тағзым» орталығымен келісілген меморандум бойынша аудандағы балабақшаларға барып, ертегі айту үрдісін қолға алуы да құптарлық жайт. Мұндай іс-шара Өтеміс, Мұрагер, Саялы сияқты өзге де балабақшаларда ұйымдастырылыпты. Бүлдіршіндерге ертегі айтып, олардың ыстық ықыласына бөленудің өзі не тұрады? Сондай-ақ аудан аналары республикалық «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс жасайды екен. Ақ кимешекті насихаттау, отбасы тәрбиесіне ұлттық нақышты енгізу, өзге эностарға құрметпен қарау бағытында көп жұмыстар атқарыпты. Мәселен, Сарыкемер ауылдық мектеп-гимназиясы, Ю.Гагарин атындағы орта мектебі және №1 мектеп-гимназиясында аталмыш тақырыпта кездесулер өткен. Ауданның қоғамдық тірлігіне белсене араласып жүрген Шырын Жанұзақова, Шамшия Жұмабаева, Орынкүл Кенжебекова секілді әйел-аналар көп-ақ. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтармен қатар, татулықты, бірлікті, адами қасиетті дәріптеп жүрген аналар барда, әрине, қоғамда саналы ұрпақ қалыптаса беретіні анық.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Тату елдің туы биік
Алдыңғы мақала
Тату елдің туы биік

Ұқсас жаңалықтар