Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Coursera» жетекшілері Қазақстанда

«Coursera» жетекшілері Қазақстанда
ашық дереккөз
«Coursera» жетекшілері Қазақстанда
Жақында «Coursera» онлайн білім беру платформасы Қазақстан аймақтарындағы өз қатысушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кіріспе сөз сөйлеп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев еліміздің жоғары оқу орындарының студенттеріне мүмкіндік берген жоба туралы айтып өтті. «Coursera»-ның бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда «Оқыту мен жұмысқа орналасудың болашағы» тақырыбында баяндама жасады. «Coursera» платформасының еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарының тыңдаушыларына арналған кездесуіне М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов, Стратегиялық даму және интернацияландыру бойынша проректоры Шолпан Есімова, «Физика және информатика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Сапарбай Керімбай қатысты. Еліміздегі 25 жоғары оқу орнынан 25 студент «Coursera» курстарында жақсы көрсеткіштер көрсеткен болатын. Министрлік үздіктерді іріктеп, кездесуге шақырып, дипломмен марапаттады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Coursera» – қазақ тілінде» пилоттық жобасына қатысып, 1500 студентке платформаның әлемдік цифрлық кітапханаларына тегін қол жеткізуге мүмкіндік берді. Курстарды оқыту кезеңінде 1 566-дан астам қатысушы сертификат алды. Оның 1 193-і қазақ тіліндегі курстарды дәріптегені үшін берілді. «Кәсіпкерлік I: кәсіптің негізі» курсын 500-ге жуық адам сәтті аяқтады. Олардың арасында «Белсенді компьютерлік қауіпсіздік», «Киберқауіптер мен шабуылдарды анықтау және азайту», «Киберқауіптер және шабуыл векторлары», «Бизнес үшін киберқауіпсіздікке кіріспе» атты 4 курстан сәтті өткен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Сапарбай Керімбай бар. Айта кету керек, «Coursera» – әлемдегі жоғары оқу орындары мен студенттеріне арналған ең үлкен платформа. Дүниежүзіндегі 177 жоғары оқу орнының 11 мыңға жуық ақылы курсы жүктелген. «Bilim Media Group» басшысы Рауан Кенжеханұлының айтуынша, «Coursera» платформа курстарын 200 мемлекеттің бәріне аударып бере алмайды, тек «Қазақстан халқына» қорының талабы бойынша, «Coursera» біздің университеттер іріктеп алған 654 курстың авторлық құқықтарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру туралы келісім жасасқан екен.

Мөлдір Аманбай, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар