Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дүние-дүбір

Дүние-дүбір
ашық дереккөз
Дүние-дүбір

Трамп жыл бойы мерекелік кеш өткізбекші

Дональд Трамп Тәуелсіздік декларациясының 250 жылдығына орай бір жылға созылатын жалпыұлттық мерекелік кеш өткізуді жоспарлап отыр. 2024 жылдың 5 қарашасында АҚШ-та кезекті президент сайлауы өтеді. Бұл ел тарихындағы алпысыншы сайлау болмақ. Ал АҚШ-тың қырық бесінші президенті Дональд Трамп 2022 жылдың 15 қарашасында өзінің сайлауалды науқанын бастап кеткен. Екі партиядан шыққан өзге үміткерлер енді жиналып жатқанда Трамп өзінің алдыңғы қатардағы үміткер мәртебесін алудың жолдарын іздеп жүрген секілді. Өткен аптада «Truth Social» сайтында жарияланған бейнеде Д.Трамп өзінің «үлкен идеясын» жариялап, Тәуелсіздік декларациясының 250 жылдығына орай бір жылға созылатын жалпыұлттық мереке ұйымдастыратынын айтқан. Оның айтуынша, бұл мереке аясындағы іс-шаралар 2025-2026 жылдарға жоспарланған.

Рим папасына ота жасалды

Жетінші мамыр күні Рим Папасы Франциск ауруханаға жатқызылды. Ватиканның ресми өкілі Маттео Брунидің айтуынша, понтифик Джемелли ауруханасында жасалған отадан кейін қалпына келу үшін бірнеше күн бақылауда болады. 86 жастағы понтификтің денсаулығында бірқатар кінәрат бар екені бұрын да хабарланған еді. Рим Папасының тізесі үнемі ауыратындықтан ол мүгедектер арбасында отыруға мәжбүр. «Отадан кейін ол толық қалпына келуі үшін бірнеше күн медициналық мекемеде болады», деп түсіндірді Маттео Бруни. Денсаулығындағы кінәраттарға қарамастан, Рим Папасы Францисктің кестесі әлі де тығыз екенін айта кеткен жөн. Мәселен, тамыз айында Рим Папасының Португалия мен Моңғолияға жұмыс сапары жоспарланған.

Гавайиде килауэа жанартауы қайта атқылады

АҚШ Геологиялық қызметінің хабарлауынша, Гавайиде үш айлық үзілістен кейін Килауэа жанартауының атқылауы қайта басталды. «АҚШ Геологиялық қызметінің Гавайи жанартау обсерваториясы (HVO) жергілікті уақыт бойынша сағат 04:44-те Килауэа шыңында жарқырауды тіркеді. Бұл Гавайи ұлттық жанартау саябағындағы Килауэа Халемаумау шыңының жанартау кратерінде атқылаудың басталуын танытып отыр», делінген хабарламада. Килауэа – Гавайи аралындағы белсенді «кальдера қалқан жанартауы». Ол теңіз деңгейінен 1 243 метр биіктікте орналасқан. Жанартауда көптеген бүйірлік кратерлер және лава ағып жатқан бірнеше паразиттік шлак конустар бар. Негізгі қауіп – Килауэа атқылауы кезінде үздіксіз бөлінетін жанартау газының көп мөлшері, қыздырылған су буының ағыны, көмірқышқыл газ және күкірт диоксиді.

Француз балмұздағына  сұраныс жоғары

2023 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейінгі аралықта еліміз құны 910,8 мың доллар болатын 234,2 тонна балмұздақты экспорттаған. Үшінші елдерден (ЕАЭО-ға кірмейтін) 1 852,9 мың долларға 432,8 тонна балмұздақ сатып алған. Биыл бірінші тоқсанда ішкі нарықтағы өндіріс екі есе ұлғайып, 7,3 мың тоннаға жеткен. Үш айда мың тоннадан астам балмұздақ экспортқа шығарылған. Бұл – былтырмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, соңғы 3 жылда балмұздақ экспорты 1 217,8 тонна болыпты. Қазақстан балмұздағының негізгі сатып алушысы – Өзбекстан. Бұл елге 2020 жылы – 221,6 тонна, 2021 жылы – 285,7 тонна, 2022 жылы 400,7 тонна өнім жеткізілген. Біздің балмұздақ Моңғолия, Әзірбайжан, Түрікменстан және Тәжікстанға да сатылады. Ал ЕАЭО-ға кірмейтін елдер арасынан өз нарығымызда француз балмұздағы ерекше сұранысқа ие. Пандемия жылы бұл елден – 167,5 тонна, 2021 жылы – 110,5 тонна, былтыр 168,7 тонна балмұздақ әкелінген.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар