Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СПОРТ- NEWS

СПОРТ- NEWS
ашық дереккөз
СПОРТ- NEWS

Еліміздің табысты ойыншылары

Германияның «Transfermarkt.com» веб-сайты Қазақстанның ең табысты футболшыларының тізімін жариялады. Бұл рейтингте Бактиер Зайнутдинов көш бастап тұр. 25 жастағы футболшының трансферлік құны 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда Бактиер Мәскеудің ЦСКА клубында өнер көрсетеді. Екінші орында – Нұрәлі Әліп. Санкт-Петербургтің «Зениті» сапында ойнап жүрген ақтаулық қорғаушы 1,2 миллионға бағаланып отыр. Үшінші және төртінші сатыға Александр Меркель мен Марат Быстров жайғасқан.

Қазақстандық велошабандоздардың  жарқын жеңісі

Қазақстан велошабандоздары шосседегі велоспорттан Азия чемпионатында екі алтын медаль иеленді. Бұл туралы Қазақстанның велосипед спорты федерациясы мәлімдеді. Ерлер арасындағы топтық жарыста Қазақстан велоспортшысы Глеб Брусенский мәре сызығын бірінші кесіп өтіп, алтын алды. Тағы бір отандасымыз Евгений Гидич екінші болып келсе, жапон велоспортшысы үздік үштікті тұйықтады. Айта кетсек, Қазақстан намысын қорғаған велоспортшы Евгений Федоров Тайландта өтіп жатқан чемпионатта жүлделі болып, алтыннан алқа таққан еді.

14 жастағы теннисші абсолютті чемпион атанды

Заңғар Нұрланұлы Армения астанасы Ереванда 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J30 TSAGHADZOR GOLDS'S GYM CUP 1 турнирінің абсолютті чемпионы атанды. Финалда қазақстандық теннисші жарыстың бірінші ракеткасы, чехиялық Якуб Смычекті жеңді – 7:5, 6:1. Заңғар дода барысында Аустрия жасөспірімдер құрамасы көшбасшыларының бірі Максимилиан Хейдельмайермен аса тартысты кездесу өткізді. Үш сетке созылған матчта қазақстандық теннисші қарсыласын ойсырата жеңді. Соңғы партияда Максимилиан Хейдельмайерге еш мүмкіндік қалдырмады – 6:0. З.Нұрланұлы М.Хейдельмайермен бірге жұптық сынның финалында ресейлік Максим Колобов пен Родион Малмыгинді ұтты – 6:7, 6:4, 10:6. Бұл – Заңғар Нұрланұлының Халықаралық теннис федерациясы өткізген жарыстағы жекелей сында ұтқан екінші титулы.

Хайме Мунгия Головкинді жекпе-жекке шақырды

Бірінші орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Хайме Мунгия Головкинді қайтадан жекпе-жекке шақырды. Хайме Мунгия 2018 жылы да Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтқан. Дегенмен комиссия оның Головкинмен жекпе-жек өткізуге дайын еместігін айтып, рұқсат бермеген болатын. «Біз үнемі Головкин мен Чарло сияқты мықтыларды көздеп келеміз. Олармен жекпе-жектер біздің бақылауымыздан тыс жағдайларға қатысты өтпей қалды. Чарло рингке екі жыл шықпады, бірақ әлі чемпион. Алдағы жоспары қандай екенін білмеймін, алайда онымен айқасуға дайынмын. Головкинге қатысты, біз онымен жекпе-жек бойынша хабарластық, дегенмен сол күйі жауап болмады. Қазір ол демалыс рақатын көріп жатқан сияқты», дейді Мунгия.

Марк Кавендиш спортпен қоштасады

Ұлыбритания құрамасы мен «Астана» клубының ең белді велошабандозы Марк Кавендиш осы маусым аяқталғаннан кейін үлкен спортпен қоштасатынын мәлімдеді. 21 мамырда 38 жасқа толған Марктың жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. 2005, 2008 және 2016 жылдары Кавендиш тректегі мэдисоннан үш дүркін әлем чемпионы атанып, тасжолда бір алтын мен бір күміс медаль олжалады. 2016 жылы Рио Олимпиадасында тек италиялық Элиа Вивианиден ғана қалып қойып, екінші орынды иеленді. Түрлі жарыстарда Ұлыбританияның велошабандозы 161 мәрте жеңіс тойын тойлады. Ең әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігінің 34 кезеңінде топ жарды. Әр жылдары АҚШ-тың «T-Mobile-Team», Ұлыбританияның «Sky Procycling», Бельгияның «Quick-Step Alpha Vinyl» және Бахрейннің «Bahrain Victorious» клубтары сапында өнер көрсеткен Марк Кавендиш биыл «Астананың» жейдесін киген еді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар