Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«МАНЧЕСТЕР СИТИ» ТҰҢҒЫШ РЕТ ТОП ЖАРДЫ

«МАНЧЕСТЕР СИТИ» ТҰҢҒЫШ РЕТ ТОП ЖАРДЫ
ашық дереккөз
«МАНЧЕСТЕР СИТИ» ТҰҢҒЫШ РЕТ ТОП ЖАРДЫ
Өткен жексенбіде футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы маусымы мәресіне жетті. Түркияның Ыстамбұл қаласындағы 76 мың жанкүйерді сыйдыра алатын Ататүрік атындағы Олимпиада стадионында өткен финалда Англияның «Манчестер Ситиі» мен Италияның «Интер» командалары кездесті. Финалдық матчта ағылшындық команданың бағы жанып, өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының қос құлақты кубогын төбесіне көтерді. Ендеше, «қалалықтардың» Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы жеңісті жолына қысқаша тоқталып өтсек... Пеп Гвардиола шәкірттері топтық кезеңде «Боруссия», «Севилья» және «Копенгаген» командаларын артқа тастап, 14 ұпаймен көш бастады. 1/8 финалда биылғы чемпиондықтан басты үміткерлердің бірі «Манчестер Сити» Германияға сапар шегіп, қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Бірінші таймда Рияд Марез қонақтарды есепте алға шығарғанымен екінші таймда хорватиялық Йошко Гвардиоль есепті теңестіріп кетті. Осылайша алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Сырт алаңда білгендерінен жаңылған «Манчестер Сити» ойыншылары қарымта кездесуде қарсыластарына аяушылық танытпады. Янис Бласвих қорғаған қақпаға жауапсыз 7 гол соғып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал ширек финалда англиялықтар «Этихад» стадионында Германияның «Бавария» командасын қабылдап, қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. «Манчестер Сити» командасы сапында Родри, Бернарду Силва, Эрлинг Холанд мергендігімен көзге түсті. Мюнхенде өткен қарымта матчта Томан Тухель шәкірттері ойын тізгінін ә дегеннен өз қолдарына алуға тырысты. Бірақ тез ес жиып үлгерген қонақтар қорғанысты ұмытып, тек шабуылдаумен болды. Бернарду Силва, Эрлинг Холанд, Илкай Гюндоган, Кевин Де Брюне «Бавария» қақпашысы Янн Зоммерді әбден састырды. Үсті-үстіне қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есеп ашатын тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Бірінші таймда қос команда ойыншылары да гол соғуға ұмтылғанымен таблодағы есеп өзгермеді. Кездесудің екінші бөлігін қонақтар белсенді бастап, матчтың 57-минутында діттеген мақсаттарына жетіп тынды. Кевин Де Брюнеден пас алған Эрлинг Холанд допты қақпа торында тулатты. Гол жіберіп алғаннан кейін алаң иелері қарсыластарының айып алаңынан шықпай, есепті теңестіруге бар күшін салды. Нәтижесінде «Баварияның» жартылай қорғаушысы Йозуа Киммих төреші белгілеген пенальтиде мүлт кетпей, есепті теңестірді. Бірақ қос ойынның нәтижесі «Баварияның» жартылай финалға шығуына жеткіліксіз еді. Ал Чемпиондар лигасының 1/2 финалының бірінші матчында «Манчестер Сити» мен «Реал Мадрид» тең түсті. Мадридтегі атақты «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен матч 1-1 есебімен тең аяқталды. Алаң иелері «Реал Мадрид» матчта бірінші болып есеп ашты. 36-минутта Винисиус Джуниор гол соқса, «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы 67-минутта есепті теңестірді. «Этихад» стадионында өткен қарымта матчта жанкүйерлер күтпеген есеп тіркелді. «Манчестер Сити» ойыншылары төреші ысқырығы естілісімен қос қапталдан алма-кезек шабуыл ұйымдастырып, Тибо Куртуаның осал тұсын іздеп бақты. Арагідік мадридтіктер де қарымта шабуылға иек артқанымен айтарлықтай нәтиже болмады. Команданың шабуылдары көбінесе аяқсыз қалып жатты. Англиялық команданың үсті-үстіне жасаған шабуылы 23-минутта жемісін берді. Бернарду Силва 23-минутта есеп ашса, 37 минутта қанжығасын тағы майлады. Екінші таймда «Манчестер Сити» сапынан Мануэль Аканжи мен Хулиан Альварес еншілеріне бір-бір голдан жазды. Сонымен, «Манчестер Ситидің» УЕФА Чемпиондар лигасының финалындағы қарсыласы – «Интер». Италияның қос мықтысы – «Милан» мен «Интер» арасындағы тартысты өткен бәсекеде «Интердің» мерейі үстем болып, 13 жылдан кейін алғаш рет айтулы турнирдің финалына жолдама алды. Милан қаласының клубы соңғы рет аталған турнирдің финалында 2010 жылы ойнап, қос құлақты кубогке ие болған еді. Ататүрік атындағы Олимпиада стадионында өткен финалдық бәсекеде Пеп Гвардиола шәкірттері мейлінше жылдам гол соғудың мүмкіндігін іздеді. Алайда италиялық футболшылар қарсыластарының шабуылына лайықты төтеп бере білді. Екінші тайм басталысымен «Манчестер Сити» ойыншылары басымдықтарын арттыра берді. Қақпа алдындағы қарбалас сәттердің бірінде «Манчестер Ситидің» испаниялық жартылай қорғаушысы Родри ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын салды. Осылайша англиялық команда қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, өз тарихында тұңғыш мәрте УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды және 32-трофейін еншіледі. Жалпы «Манчестер Сити» тоғыз мәрте ағылшын премьер-лигасында, жеті рет Англия кубогында, сегіз мәрте Лига кубогында, алты рет Англия суперкубогында, бір рет кубок иегерлерінің кубогында топ жарған. Сонымен қатар Пеп Гвардиола шәкірттері биылғы маусымда АПЛ және Англия кубогында да жеңімпаз атанып, требл жасады. Сондай-ақ «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд биылғы маусымда Чемпиондар лигасы мен ағылшын премьер-лигасының үздік сұрмергені атанды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар