ҚҰЛДЫҚТАН ХАНДЫҚҚА ДЕЙІН
Құл болып кетіп, хан болып оралған, Мысырдағы мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаушы Сұлтан Бейбарыстың туғанына биыл 800 жыл толды. Дала барысының мерейтойын алғаш рет лайықты деңгейде атап өту мақсатында елімізде дайындық жұмыстары басталып та кетті.
Жуырда ғана мерейтой аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған ресми делегация Египет астанасы Каир қаласына ат басын тіреп, баһадүрдің жүрген жері мен салдырған тарихи нысандарына зиярат етіп келді.
Шынында, Дешті Қыпшақ даласында кіндік қаны тамған Бейбарыс тарихта кресшілер жорығы мен моңғол шапқыншылығына тойтарыс беріп, бүкіл ислам өркениетін күйреуден құтқарып қалған тұлға. Мысыр жерінде мешіт, медресе салдырып, ғылым-білімнің дамуына даңғыл жол ашқан дарабоз билеуші. Тарихшылар Сұлтан Бейбарыс Мысырды билеген жылдары ғылым, білім, ағартушылық, өнердің гүлденген тұсы деп баға береді.
Ұлы даланың арланы болған айбарлы Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздар да өте көп. Бейбарыс тарихта мәмлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны ретінде қалғанымен шыққан тегін тарихшылар қыпшақтарға алып келіп тірейді. Мейлі, қалай болмасын атақты Дамаскінің базарында небәрі 800 динарға құл ретінде сатылып, биыл хан ретінде 800 жылдығы тойланғалы жатқан Бейбарыс қазақ үшін орны бөлек тұлға. Құлдыққа сатылуы, билікке келуі, бәрі-бәрі де біз үшін аңыз.
Қазақта «Алтын мен сабанның түсі бірдей, бірақ салмағы ұқсамайды» деген аталы сөз бар. Кешегі Төле бидің түйешісі болып жүріп, хандық таққа дейін көтерілген Абылай хан да, құлдыққа сатылып, билікке келген Бейбарыс та, шын мәнінде, сабан ішінен шыққан сары алтындар еді. Ұлы Қыпшақ даласында дүниеге келіп, тағдырдың талқысына ерте ілінген ақсүйектің тұқымының аласапыран жылдардағы бастан кешкен тарихы, шынында, бір бөлек. Бейбарыс құлдыққа сатылғанда небәрі 6 жаста болған екен. Кейбір деректерде 12 жаста екені де айтылады. Тіпті құлдыққа сатылғанда да бала Бейбарыстың бір көзінің ақжолақ болуынан қатардағы құлдар сияқты 1000 динарға емес, 800 динарға бағаланып, сатылған екен. Сондықтан да Бейбарысты бірінші рет сатып алған құл иеленуші екі күннен кейін алған жеріне қайта әкеліп тастайды. Сол кезде Бейбарысты екінші рет Айтехин деген әмір сатып алады. Сөйтіп, Айтехин Бейбарысқа құл ретінде емес, шәкірті ретінде қарап, ақыл-кеңесін айтып, соғыс өнерінің сан қырына жаттықтырады. Кейін Айтехин әмір басшылық еткен кезекті бір соғыста Бейбарыс өзінің асқан ерлігімен мәмлүктердің сұлтаны Аюбтың көзіне түседі. Әмір Бейбарыстың іс-әрекетінің басқа құлдарға ұқсамайтынын байқап, бірден өзінің қарамағындағы бір бөлім әскердің сардары етіп тағайындайды.
Кейін 1258 жылы Бағдатты қиратып, Сирияға басып кірген моңғолдарға қарсы күресте де Бейбарыс өзінің айрықша ақылдылығымен қолбасшылық етіп, көзге түседі. Алайда қызғаныштан іші қыз-қыз қайнаған Египеттің билеушісі Құтұз батыр бабамыздың мәртебесін көтеруден бас тартады. Оны байқаған Бейбарыс өзінің жақтастарын жинап, жасақ топтастырады. Сөйтіп, Құтұзды өлтіріп, Египет билігінің тізгінін ұстап, әд-Мәлік әз-Заһир Руки-әд-Дүние вә-д-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әл-Салихи деген есімге ие болады.
Содан бастап Бейбарыстың танымалдылығы арта түседі. Билікке келуіне жол ашыла бастайды. Бірақ атақ, даңқ та, шексіз билік те Бейбарыстың көңілін бір сәтке болса да тыныштандыра алмаған сыңайлы. Қайран ер өзінің елін, жерін сағынып, Дешті Қыпшақ даласына деген мауқын бір сәтке баса алмай, Мысырдағы пирамидалардың бірінің төбесіне киіз үй тіктіріп алған деседі. Тіпті сондай күндердің бірінде Алтын Орданың ханы Беркеге Қыпшақ тілінде хат жазып, барыс-келіс жасауға ниетті екенін де білдіріп, Ислам дінін бірге дамытуға дайын екенін де жеткізген деген дерек бар. Мейлі, қалай болмасын, Сұлтан Бейбарыс қай елде жүрсе де есінен қазақ даласын шығармағаны анық. Өзі басшылық еткен Мысырға да тыныштық орнатып, бейбітшілік жолына түсірген Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті қазақ даласының да тыныш әрі бейбіт болуын шын пейілімен көксеген тұлға.
Сөйтіп, Мысыр елін 250 жыл басқарған мәмлүктердің тарихында зор дүмпу тудырып, өзі де Мысырда 17 жыл билік құрып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналған қыпшақтың қабылан мінезді қайсар ұлы 1277 жылы мәңгілік мекеніне аттанып кетеді. Артында аңыз бен неше түрлі жыр- дастандар ғана қалды.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала