ОТАНДЫ СҮЮ – ҰЛЫ ІС
Патриотизм – саяси ұғым емес, мәдени, тарихи терең түсінік. Патриоттық пайым – адамзаттың асыл сезімдерімен астасады, Отанды сүюмен шектеседі. Ал Отанды сүю – ұлы іс. Ұлы істер тұлғаның тұла бойындағы күш-жігері мен білімін мемлекет мүддесіне жұмсау, өскен өңірін, ана тілін, әдет-ғұрпы мен дәстүрін құрметтеу сияқты құндылықтармен ұштасады.
Елге, жерге деген сүйіспеншілік мекен мен мезгіл таңдамайды. Сөзіміздің салмақты дәйегі – аяулы Алаш қайраткерлері. Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім алаштықтар «тар жол, тайғақ кеше» жүріп ұлтын ұлықтап, халқына қызмет етудің үздік үлгісін қалыптастырды. Патриотизмнің ішкі күйі жүрек түкпірімен түйінделсе, сыртқы формасы – еңбегіңмен елдің бағын еселеу. Осы ұстанымды ұстын еткен ұлылар «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деп түйеді. Себебі туған елді сүю қасиеті тал бесікте ана сүтімен тарап, болмысқа бекиді. Қарымды қайраткер Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр», деп, патриотизмнің алапат күші жер-жаһан санасатын, адуынды ел болып еңсе тіктеудің алғышарты екенін аңғартады.
Патриотизм жас талғамайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді. Демек, барлық жерде халықтық таңбаларымызды таныта жүру – перзенттік парыз. Болашаққа ұлттық бояуымызды жеткізер төл тасымалдаушы жастардың жүрегінде патриоттық жалын жағу – зор жауапкершілік. Халқымыздың 20 пайызын құрайтын жастардың Отанға деген ыстық ықыласын оятуға білім берудің барлық сатысы, қоғам, отбасы, әлеуметтік-саяси институттар ынталы болуы шарт. Осы орайда республикамыздың сан түкпіріндегі жастардың бас қосып, ой алмасатын алаңына айналған дәстүрлі «Жас патриоттар» форумының бәсі биік. Жыл сайын Қазақстанның әр қаласында ұйымдастырылатын шараның басты функциясы жастарға ұшқан құстың қанаты талатын даланы шынайы көрсете отырып, оны сүюге, құрметтеуге баулу. Жиынға жиналған өз саласының сақаларын үлгі етіп, сен де сондай бол деп үндеу. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ердің қатары қалың болмасын жете түсінген тізгін тартушылардың патриоттық рухта тәрбиелеудегі бар қадамы бағалы.
Патриоттықтың өресі биік өлшем бірлігі – ана тілінде сөйлеу. Ғылым мен білімнің сырын өз тіліңде меңгеру, өнер мен мәдениеттің мәнін қазақ тілінде ұғыну, ұғындыру. Сонымен қоса елімізді білім және еңбекпен көркейту, қазақстандық өнімді тұтыну, айналаға байыппен қарау, ұлттық ұғымдарға құрмет көрсету патриотизмнің қарапайым қағидаты болғанымен, әрине, басты элементтері.
Бабалардың байрақты жолын жалғауда Отанды сүю иманнан екенін терең толғайтын, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін әр тұрғынның патриоттық сезіміне селкеу түспесін!
Жұлдызай МҰСАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала