Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сенімге адал сүңгуірлер

Сенімге адал сүңгуірлер
ашық дереккөз
Сенімге адал сүңгуірлер
Жаздыгүні ыстығы тасығандар бір сәт суға түсіп, бой сергіту үшін өзен-көлдерді жағалайтыны белгілі. Одан бөлек қалалық жерде және аудан орталықтарында, ауылдарда тұрғындардың сұранысына орай жағажай немесе аквапарктер мен бассейндер ашылып жатқаны анық. Табиғи немесе жасанды су айдындары мен бассейндердің кез келгеніне шомылуда сақтық шарасын ұстану – ең басты талап. Әсіресе су айдынының көлемі үлкен болған сайын онда төнер қауіп те басым. Сондықтан да мұндай жерде суға тұншыққандар бола қалса, онда оларды құтқару үшін міндетті түрде сүңгуірлер жасағы қызметте жүреді. Қауіп пен қатерге толы бұл мамандық шымыр болуды ғана емес, психологиялық тұрғыда бәріне дайын, батыл болуды, оқыс жағдайда тез шешім қабылдауды талап етеді. Суға батып бара жатқан адамды дер кезінде құтқарып қалу, тіпті бірнеше метрлік тереңдіктен іздеу, бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңіп, денені тауып, алып шығу – бұл екінің бірі бара алмайтын батыл қадам, кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осы мақалаға аталған мамандық иелері, бейбіт күннің батырлары арқау болмақ. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің бірі – облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы суңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Айдос Әбілда. Ол мектепті тәмамдаған соң колледжді жалпы медицина мамандығы бойынша бітіреді. Бірақ фельдшер болып жұмыс істеудің орнына сүңгуір-құтқарушы болуды таңдайды. Өйткені сүңгуір-құтқарушы болу үшін де медициналық білім қажет. Сүңгуір боламын деген шешімге келген ол жасақ құрамына енген соң Ресейде сүңгуір дәрігері мамандығы бойынша білім алады. Сарысу ауданындағы Шығанақ ауылының тумасы Айдос Сейдахметұлының осы салада жүргеніне 10 жылдан асты. Ол жедел құтқару жасағы суңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы қызметін екі жылдан бері атқарып келеді. Басшылыққа келместен бұрын Айдос бірнеше жыл қатарынан Тараз қаласындағы «Зербұлақ» жағажайында жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, жағажайда жүргенде бір маусымда шамамен 15-20 адамның өмірін құтқарған. Соның ішінде балаларға қатысты болған оқыс жағдайлар есінде ұмытылмастай сақталып қалған екен. Бірнеше жыл бұрын аптап ыстық кезінде «Зербұлақ» жағажайында демалып жүрген бір отбасының жеті жасар баласы жоғалып кетіпті. Суға батып кетті деген қауіппен туыстары лезде құтқарушыларды көмекке шақырған көрінеді. Көп бөгелмей қызметіне кіріскен Айдос суға тұншыққан баланы тауып қана қоймай, жедел жәрдем келгенге дейін барлық алғашқы медициналық көмек көрсету шараларын жасапты. [gallery size="full" columns="1" ids="14046"]   Осыдан 3 жыл бұрын болған Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны оқырмандардың есінде болар. Тосыннан келген табиғи апат кезінде облыстан көмекке аттанған құтқарушылардың арасында кейіпкеріміз де болған. Қызметіне адал Айдос тек адамдарды ғана құтқармай, ит-мысықтардың өмірін арашалауға да барынша күш салады. Сол жолы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс ауылына көмекке келген оның тасыған судан арғы бетке өте алмай адамдардың қол ұшын созуын күтіп тұрған итті құтқарған видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетеді. Жақын маңда тұрған тұрғындардың бірі Айдостың итті судан алып өтіп, қауіпсіз жерге апарғанын телефонға түсіріп алып, желіге салып жіберген. Адам түгіл, иттің өзін қараусыз қалдырмайтын құтқарушының ерлігіне бар қазақстандық тәнті болады. Осылайша сүңгуір жерлесіміз ғаламтор жұлдызына айналады. – Қызметке жас маман болып келген алғашқы жылдарда су астына түсер алдында қобалжып, алаңдайтынмын. Батып кеткен адамның туған-туыстарының тағат таппайтыны тағы бар. Кейде шамалап, мөлшерлеуге де, бағыт-бағдарыңды, ойыңды жинақтауға да мұрша бермей жатады. Бәрі көңіл күйге салмақ түсіреді. Оған арқамыздағы кислород толтырылған баллонның, компрессордың, гидрокостюмнің, масканың салмағын қосыңыз, қосымша жүктің бәрін қосқанда барлығы 35 келідей болады. Бірақ бірте-бірте тәжірибе жинаған соң қиындықтың, қорқыныштың бәрі артта қалып, үрейді ұмытып, үйреніп кеттім. Мұның бәрін мансап үшін, атақ үшін жасамаймыз. Халықтың амандығы жолында аянбай еңбек ете береміз. Есте қалған оқиғаның бірі биылғы ақпан айында Шу ауданында орын алды. Оқиға 3 ақпан күні күндіз Шу қаласынан 40 шақырым жердегі Тасөткел суқоймасында болды. Балық аулау кезінде екі балықшы мұз астына түсіп кеткен екен. Балықшылар жағалаудан 50 метр жерде отырған кезде мұз жарылып, өкінішке қарай, екеуі судың түбіне кетті. Оқиға орнына жеткен кезде судан бір адамның мәйітін алып шықтық. Ал екіншісін ұзақ іздеуге тура келді. Оның жансыз денесін келесі күнгі таңғы сағат 10-дарда таптық. Қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан осындай қайғылы оқиғалар жиі болып жатады. Өткен жылы облыстың суқоймаларында 25 қайғылы оқиға орын алды. Оның ішінде 5 адам суға батса, екеуі кішкентай бала. Сәл жастау күнімде жұмыс барысында көзбен көрген жайттарға онша күйзеле бермейтінмін. Қазір отбасылы болып, перзент сүйіп отырған соң балаларға қатысты оқиғаларды жүрекпен қабылдайтын болдым. Жылдың басында, яғни қаңтар айында Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылында да бір қайғылы жағдай орын алды. Талас-Аса каналының жағасында жақын тұратын отбасының 5 жасар қызы суға кетіп қайтыс болды. Каналға жақын маңда ойнап жүрген бүлдіршін суға құлап кеткен қуыршағын алып шығамын деп ажал құшты. Өзім де қыз өсіріп отырғандықтан осы оқиға көңіліме қатты әсер етті. Ашығын айтқанда, көзіме жас келді. Мойныма екі есе жауапкершілік артылғандай болды. Мұндай оқиға қайталанбас үшін, ата-анасы баласын жоқтап қалмас үшін барымызды салуға тырысамыз, – дейді Айдос Сейдахметұлы. Сүңгуір-құтқарушы қандай да бір қателік жіберіп алып, ережеде жазылған қауіпсіздік техникаларын сақтамаса өзінің өміріне де қауіп төнуі мүмкін. Құтқарушылар орта есеппен су түбінде 40 минуттай болады. Осы уақыт судың астын сүзіп шығуыңа, дер кезінде судан шығып үлгеруіңе жетеді. Баллондағы ауа көлеміне, шыдамдылығына, өкпесінің қалай жұмыс істейтіндігіне қарай әркімнің міндеті әрқалай болады. Судың түбіне түскенде сүңгуірлердің көзіне ешнәрсе көрінбейді. Командадағы «жұмыс істеуші» сүңгуірден өзге «қамтамасыз етуші», «жетекші», «сақтандырушы» сүңгуірлер су астындағы сүңгуірге қай жаққа қарай сүңгу қажеттігін байланған арқан арқылы белгі беріп, жол көрсетіп отырады. Егер су астында жұмыс істеп жатқан сүңгуір апаттық жағдайларға тап болып жатса, «сақтандырушы» сүңгуірге арқан арқылы арнайы белгі беріп, ол көмекке келеді. Суға батып кеткен адамды іздегенде сүңгуір-құтқарушы көл, өзен түбіне түскеннен кейін жер бауырлай өрмекшіге ұқсап жатып алып қолмен, аяқпен сипалай жылжып, әрнені бір түртіп көріп, қуыс-қуыстың бәрін тінтиді екен. Сүңгуірдің көзі – саусақтары десе де болады. Құтқарушылар су астындағы түнекте шамды сирек қолданады. Өйткені шамның жарығынан адамның көз алдында аппақ қабырға тұрғандай болып ештеңе көрінбей кетеді екен. – Біздің қызмет «қазір түскі асымды ішіп алайын», «бес минут жата тұрайын» деген салғырттықты көтермейді. Жұмысымыз қыс мезгілінде тіптен қиындай түседі. Сондықтан бөлімше алдын алу шараларын жүргізіп отырады. Мәселен, өткен жылы «Крещение» діни мейрамы кезінде облыстағы 6 суқоймада сүңгуір-құтқарушы жасағы қызметте тұрып, мұзды суға түскен 1 415 адамның өмірін күзетті. Соның өзінде суға түспеген 4 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. «Крещение» рәсіміне қатысып, мұзды суға түскен 2 адамға, оның ішінде бір балаға жедел түрде психологиялық көмек көрсеттік. Сондай-ақ былтыр тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыру мақсатында 975 балықшыны қамти отырып, 458 рет түсіндірме жұмысын жүргіздік. Сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан шомылу кезінде техникалық қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Бұл бағытта мектеп оқушыларымен, студенттермен жиі кездесулер ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Әлеуметтік желілерде де әр маусымға қатысты ескертпе жазбалар жариялаймыз, – дейді А.Әбілда. Кейіпкеріміз бала кезінде актер болуды армандаған екен. Өзі бұл жайында: «Өкінуге еш себеп жоқ. Бәрібір актерлік мамандықтан алшақ кетпедім. Өмірімді кино деп санасам, мен адамдардың өмірін құтқару арқылы күн сайын басты рөлді сомдап жүрмін. Жалпы маған еркектің азаматтық мінезіне тән мамандықтар ұнайды. Мен дәрігер де, сүңгуір де, альпинист те бола аламын. Әр күнім шытырман оқиғаға толы. Мен осындай өмірді армандағанмын», деп ағынан жарылды. Мақаламызға арқау еткен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы суңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Айдос Әбілда ерен еңбегі үшін бірнеше мәрте алғыс хат, медальдармен марапатталыпты. Қай кезде де жауапкершілік пен ыждағаттылықты қажет ететін мамандықтың тағы бір иесі – Дастан Әбілқайыров. Сүңгуірлік-құтқарушылар жасағаның жас маманы 1999 жылы 16 шілдеде Тараз қаласында дүниеге келіпті. Ол Жамбыл политехникалық жоғары колледжін «Радиоэлектроника жане байланыс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда әке жолын қуып құтқарушы болуды қалаған жігіт осы саланы таңдапты. Қазіргі таңда сүңгуір-құтқарушы қызметінде жүргеніне 3 жыл болған. Негізі Дастанның әкесі Сахи Абдразаков – кезінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің офицері болып еңбек еткен. Осы қызметтен абыроймен зейнетке шыққан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Дастан да қызметтік антына адал, жұмысына шын берілген маман. Үш жылдың ішінде түрлі қауіп-қатерге толы қайғылы оқиғаларды бастан өткергеніне дау жоқ. Ол қызмет бабындағы ең алғаш орындаған тапсырманы ешқашан ұмыта алмайтынын айтты. Расында да құтқарушы қызметіне енді келген сүңгуір жігіттің орындаған тапсырмасы, бастан өткерген оқиғасы облыс тарихындағы ең қайғылы жайттардың бірі болып отыр. – Алғашқы қызметтік міндетімде бәрімізді есеңгіреткен бір емес, екі қайғылы оқиға орын алды. Уақтында ол жайлы ғаламторда да түрлі ақпараттар бірінен кейін бірі жарық көріп жатты. 2021 жылдың 11 ақпан күні 1997 жылғы жас келіншектің Алматы қаласына емделуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткені жайлы хабар алдық. Екі айдан аса уақыт жақындары таба алмаған оны туыстарының бағыт беруі бойынша, денесі осында болуы мүмкін деген болжаммен Шу ауданының Тасөткел суқоймасынан іздедік. Жұмысқа жаңадан келген жас маманмын. Бойымда үрей мен қорқыныш болғанын жасыра алмаймын. Әрине, апаттың ауыр, жеңілі болмайды. Сонда да бірден іссапарға шыққан менің сол жолғы қызметтік міндетім 15 күнге жалғасты. Әріптестерімізбен бірімізді біріміз алмастырып барынша қызметімізді жауапкершілікпен атқарып жүрдік. Апаттың қай жерден келерін кім білер дейсіз?! Өкінішке қарай, сол іздестіру жұмыстары кезінде мезгілсіз соққан қатты желден біздің жасаққа тиесілі қайық аударылды. Салдарынан облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Жұмағали Әбдірахманов суға құлап, іс-түссіз кетті. Әріптесімізді іздестіру-құтқару жұмыстары 35 күн бойы жүргізілді. Кейіннен батыр ағамыздың мәйіті Тасөткел ауылынан 3 шақырым жердегі Тасөткел суқоймасы маңындағы қамыс арасынан табылды. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан ағамыздың еңбегі бәрімізге үлгі. Ол кісі – бәріміздің жүрегімізде. Артынша, яғни екі айдан аса уақыт іздеуден кейін жас келіншектің де мәйіті Шу өзенінің жағалауынан табылды. Келе салысымен осындай жауапты қызметке аттандым. Бұл жағдай менің маман ретінде шыңдалып, ысылуыма қатты ықпал етті. Құтқарушылар жасағының басты міндеті – адам өміріне арашашы болу. Төтеннен келген оқиға кім-кімге де ауыр зардабын тигізеді. Қиындықпен бетпе-бет келеміз. Оған еш мойымаймыз. Бұл – біздің басты қағидамыз. Кез келген сәтте өзіміздің кәсіби біліктілігімізді көрсетуге тырысамыз. Соның нәтижесінде адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туып жатады. Адамдарға қуаныш сыйлап жатсақ, ол – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Менің сүңгуір мамандығын атқарып келе жатқаныма көп бола қойған жоқ. Сонда да осы 3 жылдан астам жұмыс тәжірибемде өзге де бірнеше оқиғаны бастан өткердік. Азаматтық қорғаныс заңына сүйеніп, қауіпсіздік ережелерін естен шығармай сақтықпен жұмыс істейміз. Әріптестеріммен бірге жоғары деңгейде қызмет жасап, талай мәрте елдің алғысын арқаладық, – дейді Дастан Сахиұлы. Кейіпкеріміз бізге өзінің мамандығының қыр-сыры жайында толығырақ баяндап берді. Сұңгуір-құтқарушының айтуынша, бұл саланың жұмысы ешқашан жеңіл болған емес. Төтенше жағдай туындаған сәтте оларға барлық жауапкершілік жүктеледі. Әрбір сәтті тиімді пайдаланып, адам өмірінің қауіпсіздігіне баса назар аударады. Қай кезде де зардап шегушілердің жағдайын түсініп, соған сай әрекет етуге күш салады. Дастан білімімен қатар, біліктілігін жетілдіруге мән береді. Өзі жұмыс барысында барынша тиянақты еңбек етуге көңіл бөледі. Сонымен қатар ол қайғылы жағдайлардың көбісі тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамауынан туындап жатқанын айтып, қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, көбіне ішімдік ішкен адамдар мен қараусыз қалған кішкентай бүлдіршіндер суға кетеді екен. – Өкінішке қарай, немқұрайды қараудың салдарынан кейбір адамның өмірі қиылып жатады. Кейде жас балалар қараусыз қалады. Қасыңда жүрген баладан көз жазып қалуың ғажап емес. Жаныңа жақын адамыңнан айырылу кім-кімге де ауыр тиетіндігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан жақынымызға жанашыр болайық. Төтенше жағдайдың алдын алуға ұмтылайық. Тағы бір айтарым, жыл сайын облыста суға кету оқиғалары тіркеледі. Оқиғаның орын алу салдарына үңіліп көрсеңіз, тұрғындар арасында қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын аңғару қиын емес. Өз басым ішкілік ішіп суға түсуді дарақылық деп білемін. Сол себепті тұрғындарға әрбір сәтте өз өміріңізге жауапкершілікпен қараңыз дегім келеді. Қысқасы, қауіпсіздік ережесін қай кезде де қаперде ұстаған дұрыс. От пен су дегеніңіз – айтып келмейтін апат, тілсіз жау. Негізінде суда ұзақ шомылған адамның шаршап қалатыны белгілі. Осындайда немесе денеңіз тоңғанда тез арада жағаға қайтуға кеңес беремін. Қай уақытта да сабыр сақтаған жөн. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезсеңіз қол бұлғап, өзгелерді көмекке шақырғаныңыз артық емес. Суға шомылатын жерді, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеру төтенше жағдайдың алдын алады. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылуға да болмайды. Сондай-ақ суға тек рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылған жөн, – дейді ол. Рас, тұрғындар арасында көп жағдайда қауіпсіздік шаралары ұмыт қалып жатады. Әсіресе судың жағасында болған сәтте әрбір адам өз өміріне назар аударғаны орынды. Жұртшылық тарапынан кейде мұндай сақтық шараларына назар аудару ұмыт қалып жатады. Оның салдары неге апарып соғатыны белгілі. Халықтың өзін кінәлап, жала жабудан аулақпыз. «Жазым – аяқ асты» дейді дана халқымыз. Сонда да өз өміріміз өз қолымызда екенін естен шығармағанымыз жөн. [gallery columns="1" size="full" ids="14049,14051"] Дастан іздестіру жұмыстары қыста біршама қиындай түсетінін айтты. Арнайы костюмдер мен құрал-жабдықтар мұз болып қатып қалса, тез тозып, тез істен шығады. Қыс кезінде сүңгуірлер «құрғақ» костюмдерін киеді. Ішінен бір қабат жылы киім киілетін «құрғақ» костюмнен денеге ешқандай су өтпейді. Дегенмен денені қарыған мұздай судан қатты тоңып, аяқ-қолдары қатса, адам әлсірейді. «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Қанша жанның өміріне арашашы болған құтқарушының ән салатын қасиеті тағы бар. Айтқанда да құр айқай емес, оның өнері кәсіби әншілерден артық болмаса кем түспейді. Әндеткенді жақсы көретін жігіттің хоббиі – танымал хиттарға кавер түсіру. Онысын «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүктеп отырады. Сондай-ақ бос уақытында музыкалық аспаптарда ойнап, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Дастанның жас болса да үлкен жауапкершілікті арқалаған еңбегі замандастарына үлгі болары анық. Осындай жанкешті қызметте жүрген кейіпкеріміздің әзірге марапаты жоқ. Бірақ ең маңызды марапат медаль емес, халықтың алғысы деп біледі. Ерекше мамандық иесі өзінің қанша адамның өмірін сақтауға көмектескенін ерлік емес, қызметтік парызы санайды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар