Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАТУ ЕЛДІҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАЙДЫ

ТАТУ ЕЛДІҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАЙДЫ
ашық дереккөз
ТАТУ ЕЛДІҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАЙДЫ
Тараз қаласындағы «Достық» үйінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен өңірдегі азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік және этносаралық шиеленістің алдын алу бойынша семинар-кеңес өтті. Басқосуға мемлекеттік қызметшілер, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.  Жиында алғаш болып сөз алған облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды.
 – Этносаралық қарым-қатынастың қолайлы болуы өзекті мәселелердің бірі екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен де қымбат екендігін атап өтті. Бүгінгі күнде облыс аумағында 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған. Облыс аумағындағы ұлтаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге әрдайым мемлекеттік және құқыққорғау органдарымен бірігіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық елді мекендер бойынша әкімдік, прокуратура және басқа да мүдделі органдармен тиісті жоспарлар жасалып, этнокарта әзірленді. Проблемалық мәселелер мен әлеуметтік шиеленіс ошақтары анықталды. Алайда келеңсіз тұрмыстық жанжалдар облыс аумағында орын алып отыр. Олардың ұлтаралық жанжалға айналып кетпеуі мақсатында әр ауданда беделі жоғары азаматтар айқындалып, шағын этностар мен байырғы ұлт арасындағы әрбір инцидент бойынша алгоритм шеңберінде жұмыстар жүргізілуде. Әрбір азамат өз сөзі мен әрекеттеріне заң тұрғысынан жауап беруі қажет. Оның құқықтық салдары қандай болатынын нақты түсінуі керек,–деді Нұрбек Ұласбекұлы.
Мұнан соң облыстық прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Алмас Жұмабеков «Азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік және этносаралық шиеленіске алып келетін кез келген заңсыздықтардың алдын алу» тақырыбы бойынша баяндама жасап, жергілікті атқарушы органмен бірлесе әр елді мекен бойынша жасақталған этнокарта бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алмас Ержанұлы да облыста өткен жылдан бері ұлтаралық қақтығыс сипатындағы деректер орын алмағанымен тұрмыстық жағдайдағы кикілжің жағдайлары болғанын айтты.  Олардың басым көпшілігі көршілер арасындағы тұрмыстық даулар, мектеп оқушылары арасындағы түсініспеушіліктер, алкогольдік масаң күйде жасалған құқықбұзушылықтар және жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған. Талдау көрсеткендей, бұл деректер екі ұлттың арасында болғанымен оның ұлтаралық сипаттағы мәселемен байланысы жоқ. Спикер алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерді болдырмау бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтты.
«Ел азаматтарының тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намысы мен абыройын қорлаудың кез келген нысандарына жол бермеу, кемсітушіліктің алдын алу жұмыстары» тақырыбында баяндама жасаған облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова мекеме жанынан тілдік негізде кемсітушіліктің алдын алу және болдырмау, сондай-ақ  қызмет көрсету барысында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында тіл жанашырлары мен прокуратура, полиция департаменттері және өңірдің белсенді жастары мен ҮЕҰ өкілдерінен ақпараттық жедел әрекет ету тобы, яғни спикерлердің пулы қалыптасқанын айтты.
Облыстағы этнос өкілдері тығыз қоныстанған елді мекендердегі тілдік ахуалға зерделеу жүргізіліп, тілдік кемсітушілікке жол бермеу мақсатында басқарма қызметкерлері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығында аудандар мен Тараз қаласында тіл керуенін өткізген. Басқарма басшысы тілдік кемсітушіліктің алдын алу және болдырмау, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыруды жүзеге асыру жұмысы алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынын айтты.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің  басшысы Мүбарак  Жинақбаева  өткен жылы және биылғы  5 айда облыс ҚХА медиаторларына 1 368 азамат жүгініп, 857 жанжал мен даулы жағдайлар шешілгенін тілге тиек етті.
Шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар өткен жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға азайған.  Көрсеткіштердің төмендеуіне «Ашық есік» күнін, халық жаппай баратын орындарда қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырудың нәтижесінде қол жеткізілген. Сондай-ақ соттарда татуластыру рәсімдерінің белсенді қолданылуы да дауларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етіпті. Жиында облыстық полиция департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Науатбек Қабылбековтің,   «Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» мекемесінің басшысы Алмат Сәдуақастың баяндамалары да  тыңдалды.
Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар