КЕМЕҢГЕР ЕЛГЕ КЕЛГЕНДЕ
Алаштың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев еліміздің өзге өңірлерімен қатар Жамбыл облысына да бірнеше мәрте келіп, халықпен емен-жарқын кездесулер өткізген. Өңірімізге сапарының бірінде Талас ауданына арнайы барып, көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдармен риясыз әңгімелесіп, Бөлтірік шешен бабасының рухына Құран бағыштаған.
Жалпы Дінмұхамед Ахметұлының елге келуіне Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ералы Дадабаев пен Балтабай Бекежанов себепкер болған еді. Сол екі ағамыз Димаш атамыздың шаңырағына Зухра апамыздың қазасына көңіл айтуға барады. Қонақтарды қуана қарсы алған атамыз: «Бұл менің өз үйім, ал сендер елден келген қонақсыңдар, төрге шығыңдар, мен орталарыңа отырайын», деген екен. Дастарқанға қымыз, шұбат қойылып, ет дайын болғанда Димаш атамыз алдына қойылған бастан бірінші болып ауыз тиіп: «Бұл дәмдер бір заманда менің ата-бабаларым жайлаған өңірден келіп отыр, ауыз тиіңдер», деп, жанында отырған орыс тілінде шығатын жалғыз әдеби журнал «Простордың» бас редакторы Геннадий Толмачевке ұсынған екен. Дастарқан басында Ералы Дадабаев Алматыға арнайы келу себебі сәлем беру әрі Зухра апамыздың қазасына ел атынан көңіл айту және 80 жасқа толу мерейтойын Таластағы ата-баба жерінде атап өту екенін айтады. Сонда Димаш атамыз: «Мен көптен бері ешқайда шыққаным жоқ еді. Денсаулығым жараса барармын. Маған көмектесіп жүретін таластық Серік Әбдірайымұлы деген жазушы-журналист бар. Сонымен хабарласып тұрарсың», дейді.
...1992 жылдың сәуір айында Димаш атамызды елге шақырып келуге Есенаман Бейсеуов бас болып, елдің қадірлі қариялары Сейілбек Әбдиев, Әблқайыр Сатыбалдин Алматыға барады. Сөйтіп, Дінмұхамед Ахметұлының келісімін алып, елге келген соң халықпен ақылдасып, үлкен дайындыққа кірісіп кетеді.
Қайраткердің 15 мамырда елге шыққаны туралы хабар алысымен Ералы Дадабаев Айтпай Назарбеков, Әбдіқадір Жүргенов, Жақып Бөпетаев, Сейілбек Әбдиев сияқты елдің қадірлі азаматтарын ертіп, Жамбыл облысының шекарасынан күтіп алды. Димаш атамыз өзін құрметпен қарсы алған облыстың сол кездегі басшысы Өмірбек Байгелдінің қонағы болады. 16 мамыр күні Ойық ауылының жанындағы Жәдік көлінің оңтүстік-шығысындағы Бөлтірік шешеннің қорымына барып, дұға жасап, сапарын одан әрі жалғастырды.
Қорымның солтүстік-шығысындағы қыр үстіне 3 ақбоз үй тігіліп, ел азаматтары Димаш атамызды қонақ еткен. Ондағы ас қамымен жүрген қыз-келіншектер қазақтың салтымен иіліп сәлем салып, үлкен кісінің батасын алған. Сол кезде мен 11 жаста едім. Ұлы тұлғаның елге келуіне қызмет көрсетіп жүрген ата-анаммен бірге жүрген болатынмын.
Жасөспірім кезімде көрген азаматтың нар тұлғалы алып бейнесі жадымда мәңгі сақталды. Сонда Димаш атамызбен бірге суретке түспегеніме әлі күнге дейін өкінемін.
Киіз үйдегі дастарқан басында көшбасшы тәрбиелі, қазақы әзіл-қалжыңы жарасқан әдемі әзілімен қарияларды өзіне қаратты. Осы жиында әділетті би, айтулы шешен Бөлтірік шешен бабамызға кесене тұрғызу, ас беру мәселесі талқыланады. Кейін сыртқа шыққан соң ауыл азаматтарымен бірге солтүстік жақтағы үлкен төбеге шыққан Дінмұхамед Ахметұлы «осы жерге тұрғызыңдар» деген екен. «Алла бұйыртса, кесене бітіп, ас беретін болсаңдар, келемін» деген сөзі елдің жадында қалды. Бір өкініштісі, сол кесененің ашылуына қатыса алмай, бір жылдан кейін дүние салды.
Сонымен қатар елге келгендегі сапарында Ойық ауылындағы мәдениет сарайының алдында өзін күтіп тұрған жұртпен сәлемдесіп, олармен аз-кем әңгімелесіп, таластықтардың көрсетіп жатқан пейіл-құрметтеріне риза екенін айтады. Осы сапардан кейін Ойық ауылындағы мектепке Дінмұхамед Қонаевтың аты берілді.
Д.Қонаев сол сапарының барысында, яғни 17 мамырда малшылар кеңесіне де қатысты. Кеңесте ауылшаруашылығы жайында көтерілген көптеген мәселенің шешілуіне үлес қосқан екен. Таластан шыққан арқалы ақын Нарша Қашағанұлы «Қазақтың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың қолын алып, дидарын көру, құтқанасында болып, сұхбат құру мен сияқты қатардағы пенде үшін тағдырдың тартуы, сирек бұйыртатын сәттілік», – деп елге келген атамызға:
«Армысың, алты Алаштың ақсақалы,
Өшетін ел жыртар елдің жағасын,
Өсетін ел білер елдің бағасын.
Таласымның мерейі бір тасыды-ау,
Қарсы алып алты Алаштың ағасын.
Тектілікті кім болса да бағалар,
Тексіздерді ит те, құс та табалар.
Ұлы ұрпағын ұмытпаған екен деп,
Орнынан бір аунап түсті-ау бабалар», – деп арнау өлеңін оқыған.
«Елді ерте білген мықты емес, ерді пана тұтып, сенім арта білген ел мықты. Қайрақсыз пышақ өткір болмайды. Ел іші болған соң жүрегіне түк байлаған ер де табылады, жауын жаумай су-су болып жүретін ез де табылады», –
деп Димаш атамыз айтқандай, ел арасынан шыққан нар тұлғалы ел ағасын мәңгі есімізде сақтаймыз. Қайраткердің қырық жыл ел басқарып, халқымыздың әл-ауқатын көтергені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат.
Қазақ елінің гүлденуіне, экономикасының дамып, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан таутұлғаның игі істерін жеткіншектердің бойына дарытып, саналы ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.
Раиса НЕСІПБАЕВА, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Талас ауданы
Келесі мақала