ӘЛЕМ ҚОЛӨНЕРШІЛЕРІ ӘУЛИЕАТАДА
Тарихи Тараз қаласы төрткүл дүниенің назарын тағы да өзіне аударды. Бұл жолы көне шаһарда бірнеше күнге созылған «Тараз –
қолөнершілер қаласы» атты ІІ Халықаралық көрме өтіп, әлемнің 8 елінен келген қолөнершілер Әулиеата жерінде бас қосты.
Өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 250-ден астам қолөнерші қатысты. Біз шара барысында алыс-жақын мемлекеттерден келген шеберлермен пікірлесіп, әңгімеге тарттық.
– Киізден, жүннен жасалған бұйымдарымызды арнайы Қырғыз Республикасынан алып келдік. Өнімдерімізге қызығушылық танытып жатқан жандар аз емес. Тауарларды біртіндеп сатып жатырмыз. Мұндай іс-шара көптеп өткізілуі керек. Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтады әрі қолөнершілер өзара тәжірибе алмасады. Ал біз қолөнер бойынша жаңа бағыт алатын боламыз, – дейді Қырғыз Республикасының Джалал-Авад облысынан келген Тотықан Өскембаева.
Қолөнершілердің бұйымдары «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея» мен «Көрме залына» қойылды. Көрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы да, еріктілердің саны да қалың болды.
– «Аспара» колледжінің қолдауымен ұйымдастырылған көрме тамаша өтуде. Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа және таяу шетелдерден көптеген қолөнерші келіпті. Қатысушылардың ішінен мен Үндістаннан келген үнді әйеліне көмектесудемін. Дәл қазір сауда қызып жатыр. Көбінесе хна мен білезіктер өте жақсы өтуде, – дейді волонтер Балауса Тұрар.
Айта кету керек, көрме аясында жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары өткізілді. Сондай-ақ Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне турлар ұйымдастырылды.
Ауқымды шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қолөнершілер кеңесінің халықаралық сарапшыларымен кездесті. Жиынға Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің президенті Азиз Муртазаев, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің, «Aspara» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиев пен Біріккен Араб Әмірлігінің Іскер әйелдер кеңесінің директорлар кеңесінің мүшесі Халима Абдулла Рашид, қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысты.
Алғашқы сөзді Нұржан Календеров алып, кеңес мүшелеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ облыста дәстүрлі қолөнерді сақтау және дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.
– Берекелі және қонақжай Әулиеата өңірінде өтіп жатқан «Тараз – қолөнершілер қаласы» II Халықаралық қолөнершілер көрмесіне келгендеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3 қолөнершілер қауымдастығы жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, облыстық «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығы, «Жамбыл облысының қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі. Халықаралық қолөнершілер көрмесі қолөнершілікті дамыту мәселелері мен жоспарларын талқылауға, елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналған, – деді Календеров.
Азия-Тынық мұхиты аймағының Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Азиз Мұртазаев та сөз алып Тараз қаласында халықаралық қолөнершілер көрмесінің өткізілуі жайында өз пікірін білдірді.
– Халықаралық қолөнершілер көрмесі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жамбыл облысында жергілікті билік пен қолөнершілер арасында тиімді байланыс орнатылғанын көріп отырмыз. Тараз – басқа қалалар үшін үлгі. Бізден бір ұсыныс болсын. Осы Тараз қаласының кіреберісінде «Қолөнершілер мекені» екендігін жеткізетін стела немесе баннер орнатсақ, тіпті жақсы болар еді. Бұл туристер үшін де белгі болар еді, – дейді Азиз Мұртазаев.
Сондай-ақ Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында БАӘ мәдениет жөніндегі іскер әйелдер кеңесінің басқарма мүшесі Халима Абдулла Рашид қазіргі кезде қолөнершілер орталықтарын ашу, Дубай мен Тараз қаласындағы байланысты жақсарту туралы ұсыныстарын жеткізіп, бірлескен шеберлік сыныптарын өткізу мәселелері жан-жақты талқыланып жатқанын айтты. Осы орайда Нұржан Календеров оған қолөнершілікті жандандыру және дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала