Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОРЫС ОТРЯДЫНЫҢ ОЙРАНЫ: Қаралы хабаршы. Жандысай қырғыны. Жойылған ауыл. Шашыраған өліктер... Күңіренген жұрт. Күрт шешім.

ОРЫС ОТРЯДЫНЫҢ ОЙРАНЫ: Қаралы хабаршы. Жандысай қырғыны. Жойылған ауыл. Шашыраған өліктер... Күңіренген жұрт. Күрт шешім.
ашық дереккөз
ОРЫС ОТРЯДЫНЫҢ ОЙРАНЫ: Қаралы хабаршы. Жандысай қырғыны. Жойылған ауыл. Шашыраған өліктер... Күңіренген жұрт. Күрт шешім.
Қазақ халқы арғы-бергі тарихында не көрмеді дейсіз. Ұлтарақтай жер үшін жанын пида етіп, сары бала, қара қатын қамы үшін жаумен арпалысып, қылышы қанша ғасыр бойы қаннан құрғамай келді. Арғы тарихқа бармай-ақ, бертіндегі кешкен күндерін айтсақ та жеткілікті. Үш ғасырға жуық жоңғар, қалмақ шапқыншылығында аз нәубет көрмеген бабаларымыз одан кейінгі патшалық Ресейдің ойранын бастан кешті. Отырықшылық деді, шұрайлы жерлерін тартып алып, славян ұлтты жұртты жаппай елге қоныстандырды, ерлерін әскерге алды, салықты жинаудай-ақ жинады, анығы қанады десе де болады. Бір сөзбен айтқанда қалмақтан кейін орыс келіп ойран салды. Оның жалғасы Кеңес үкіметін орнатамыз деген қанды ұранмен ұласты. Ақ болып, қызыл болып қырқысқан бұл кез де қазақтың есін әбден кетірді. Одан кейінгі қолдан жасалған нәубет – ашаршылыққа төзбеген жұрт сыртқа қашты, қауқары қалмағандары қынадай қырылды. Ал репрессия жылдары елдің беткеұстары болған сүтқаймағымыз – баскөтерерлеріміз бен елдің сөзін сөйлеген зиялы қауым өкілдерін «халық жауы» етіп, ойларына келгенін істеді. Қазақтың орыстан көрген құқайын бүгінде тарихшылар мен жазушылар аз жазып, аз айтып жүрген жоқ. Ұлт-азаттық көтерілістердегі жантүршігерлік оқиғаларды арқау еткен небір көркем шығармалар да жарық көрді. Әрине, олар еш көптік етпейді. Әлі де жазыла түсуі керек. Осындай ұлтқа үлкен ой салар, отаршыл елдің халқымызға салған ойранын әшкерелеп, тарихқа әділ бағасын берер шығармалардың бірі – «Мәңгілік Майдан» роман-дилогиясы. Роман авторы да қара сөздің майын ішкен, бірталай кітаптың авторы атанған елімізге белгілі жазушы, журналист Әшірбек Көпіш. Әшірбек Сейілханұлы Қордай ауданы, Қаракемер ауылдық округіне қарасты Керу ауылында туып-өскен. Кезінде Кенесары әскеріне пана болған әйгілі Әулиешоқының теріскей бетіндегі аядай ғана Керу ауылынан талай талант шыққан. Солардың бірі Ә.Көпішті бүгінде елге еңбегі сіңген қайраткер жазушы деуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінен білім алған ол әр жылдары қазақ сөз өнері мен журналистикасының қаранарына айналған Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова сынды қаламгерлердің қоластында, қатарласа еңбек етті. «Пионер» (бүгінгі «Ұлан») газетінде, «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ақ желкен») журналында, «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарды. Тоқсаныншы жылдарға таяу ашылған «Арай» журналына бас редактор болып Республика басшылығы мен Мәскеудің ұйғарымымен тағайындалды. Кейін «Қазақстан» РТРК президенті болып ел билігі артқан үлкен сенімді ақтап, отандық теле-радио саласының жұмысын жандандырды. Соңғы жылдары «Өнер» баспасының бас директоры ретінде еліміздің баспа ісінің тасын өрге домалатып келе жатқан қаламгер дәл бүгін мерейлі 75 жасқа толып отыр. Жазушының соңғы шыққан еңбегі «Мәңгілік Майдан» роман-дилогиясы жуырда трилогия болмақ. Әшірбек Сейілханұлының айтуынша қазір романның үшінші томы жазылып жатыр екен. Жазушының мерейтойына орай сол романның екінші томының өткен ғасыр басында Қордай ауданы, Қызылсай ауылында болған жантүршігерлік оқиғаны баяндайтын үзіндісін өздеріңізге ұсынып отырмыз. Оқиғада орыс әскерінің Кеңес өкіметін орнатамыз деп бүтін бір ауылды қырып салған опасыздығы баяндалады. РЕДАКЦИЯДАН (Романнан үзінді) Аттан!... Аттаныңдар түгел!.. Таң құзғынында ер адамның оқыс шыққан айғайы мен ат тұяғының дүбірінен тау жаңғырықты. Әулиешоқы баурайына төмен жақтан жосылып келе жатқан жалғыз атты шапқыншы ұрандап жетті: – Түгел аттаныңдар! Қырып кетті! Ойбай, қырып кетті бәрін!.. Күзге салымғы әлі қараңғылық басып тұрған тау салқынында манаурап, жартылай ұйқыда жатқан жұрт не болғанын бірден біле алмай, шошып оянды. Орындарынан жейдешең-дамбалшаң атып-атып тұрған қауым, басына қан-қызыл кермесін тарта байлап, астындағы атымен құйғыта шауып, ауыл үстінен ащы айғаймен шошына шыңғырып бара жатқан салт аттыны көргенде, естерін жия алмай, не болғанын біле алмай – аңыра қаңсып, есік алды мен босағаларда сілейіп тұрды да қалды... Еркектер үйлерінен анадайға дейін ұзап шығып, әлгі шапқыншы жосылып бара жатқан жота-жондардағы жолға үрке, таңырқай көз тігіп: – Не болды? – Әлгі кім өзі... – Не боп кетті аяқ астынан, а?! – Ойпырмай, жүрісі жаман ғой ананың... – деп, біріне-бірі алаңдай қарап қала берді. Шапқыншы күншығысқа қарай бұлыңғыр созылып жатқан жолмен бір көрініп қалып, бір көрінбей кетіп – бірте-бірте алыстап, түкпірдегі ауылдарға қарай сіңіп, жоқ боп кетті. Ауыл үлкендері бір ортаға тез жинала салды да: – Ананың «аттандауы» тегін емес, тез даярланайық. – Иә-иә, мен де тура өз құлағыммен естідім... – Кімді өлтірді екен, а?.. – Мал қырылып қалған шығар-ау... – Тек әрі! Не айтып тұрсың өзің? Қазақ малы қырылып қалса – «аттандап» шабатын ба еді?! – Жоқ, бұл – бір суық хабар шығар!.. – Қазір ол түпкі ауылдарға жетіп, қайтады. – Дайындалайық онда... – Не де болса әзір тұрайық! – деп, ауыл үстінен құйғытып өткен адамды сан-саққа жүгіртті. Ішінде Төкеш те бар – ақсақал-қарасақалы бастаған қырық қаралы топ бір-бір атқа ер салып, қолға түскен қаруларын алып, тез ықшамдалды. Болған істің мәнін білу үшін шапқыншының жолын күтті. Бара салып қайта қайтпаса да оның, әйтеуір, көп ұзамай-ақ оралатыны анық еді. Күн ұясынан көтеріле бере шығыс жақтан әр тұстан топтана сар желіп келе жатқан сарбаздар көзге оттай басылды. Алдыңғы тұста – бастаушысы бөлек бір шоғыр. Олар Жұман ауылына таянған сайын андыздалған ара қашықтығы азайып, құрық тастамдай жерге дейін ықшамдалып, біріге бастады. Аққайнардың басында қаздия күтіп тұрғандар тау сағасынан жинақталып сар желіп келе жатқандарға қарсы үзеңгі тебініп, ілгері шықты. Алдыңғы ізгерлердің дәл ортасында – манағы басына қызыл керме тартып, ауыл үстінен «аттандап» өткен өрен жас. Оларға жақындай бере Жамбылай ата: – Уа, ағайын! Бұл не суыт жүріс? Ел-жұрт аман ба? – дей беріп еді, алдындағы шапқыншы жігіт шар етіп, дауыстап жылап жіберді: – Ел қырылды!.. Орыстың әскері ойрандап кетті! Жандысайдың ауызында отырғандардан түк қалған жоқ. Кім өліп, кім қалғанын – не болғанын өзіміз де білмейміз... – Не деп тұрсың сен?! – О, Құдай! – Атаңа нәлет, дінсіздер!.. Ошарыла тоқтаған топ қайтадан сұрақ қойды: – Қашан ол? – Не үшін болған? – Бүгін түн ортасы ауа жүз қаралы қаруланған орыстар оқыстан келіп бас салыпты да, ауылды қоршап алып, үй-үйді аралап жүріп қырып кетіпті. Үлкен-кіші, бала-шаға демей, жусатып салыпты, дейді, – деп шапқыншы жігіт тағы да солқылдай жылады. – Қайдан келген әскер олар? – Қазір қайда? – Білмеймін ол жағын... Таң жұлдызы туғанда Ауқаттыдағы Мәнби бауырларыңызға хабар жеткен екен. Өздері жиырмашақты адам болып солай қарай аттанды да, мені ауыл-ауылды аралап, ел жинауға жіберді. – О, Құдай! Ендігі көрмегеніміз осы ма еді?! – деп Жамбылай ата да кемсеңдеп кетті. Тау сағасынан төгіліп келе жатқандардың біраз үлкендері де көз жастарын сығып тұр. – Атасы дұшпан ел болмас – деген осы! – Кек қайтармай болмайды... – Қайтсек те кек аламыз олардан! – Тоқтаңдар, – деді ат үстіндегі мосқал қариялардың біреуі: – Әуелі Қосуақ бабаға барып хабар жеткізіңдер. Өзгелеріміз жол-жөнекей ел-жұртты жинай отырып, сол қаралы жұртты барып көрейік. – Иә-иә! Қалғанын сол жерден қарманармыз. – Ал, аттандық ендеше... Әр ауылдан шыққан көп қосындар бөлек-бөлек болып, ат басын сонау ылдида жатқан – Жандысайға қарай жіберді... Күн арқан бойы көтерілгенде, Жандысайға жан-жақтан қаптаған ел қарақорымға айналды. Ылди-төменнен, саға-сағадан, жота-жондардан құлай жинақталған аттылы қазақтар ауылды қос қапталдан қаусыра қаумалап тұрған белеске шыға келгенде... алдарындағы таудан сарқырай ағып жатқан өзен бойында, түп-түгел жайрап қалған ауылды көрді... Бүкіл жаппа тамдардың есік-терезелерінің талқаны шығып, екі беткейдегі ашық жазықайға тігілген жиырмашақты киіз үйлер өртеніп кетіпті. Үйді-үйдің алдында адам өліктері пырдай боп шашылып жатыр... Талан-таражға түсіп, айдалып кеткен жүрдек малдан қалғандары ешбір уәйімдері жоқ секілді, мөңіреп-маңырап әр жерде бір жайылып жүр. Көзі көріп тұрған аламан жұрттың қақ жүрегі зар жылап, ішіне қарай телегей-теңіз болып, қып-қызыл қан жосылды. – Бауырым-ай! – Ойбай, бауырым-ай!.. – Қайран елім-ай!.. – Бауы-рре-ее-ем! Жан-жақтан жиналған қалың ел «ой, бауырымдап», қаздиып бас көтеретін тірі жаны қалмаған, ошақ-оты қаңсып, өліктері самсап жатқан Жандысайға қарай жосыла ат қойып, еңірей жылады. Топ-топ болып, үйді-үйді аралап көрген әулиешоқылықтар орыс әскерлерінің жауыздығына қайран қалды: ешбір үйден тірі тіршілік иесі қалмаған – әйелдерді шашынан сүйреп шығып еркектерімен қосып атқан, балаларын мылтықтың найзасына түйреп өлтірген. Кейбір аталы жастағы ақсақалдарды өз шаңырағына асып кеткен. Отызшақты тіке бас көтерер, қажырлы ауыл ағалары мен қайратты жас жігіттердің қолдарын байлап апарып, өзен-судың көмейінде тұрған кең сарайға кіргізіп, әрқайсысын жеке-жеке бауыздап өлтірген. Өліп-бауыздалған адамдардың көпшілігін суға тастап, ағызып жіберген. Шағын тау өзенінің арнасындағы шоғыр тастарға ілініп өліктер қалған да, жағалау жағындағы құмдақтарға тиіп-қашып толқынып жатқан жайдақ суларда адамның қаны іркіліп қалған. Қаңырап қалған ауылға қосылып, бүкіл Жандысай өзені де әр тамшы, әр толқынымен кеше ғана сайран салып жағалауын мекендеп отырған адамдарын жоқтап, оншалықты сарқырамастан, тоң-торыс күйінде ылдиға қарай баяу сылдырлай ағып барады... Орыстардан да екі-үш адам өлім құшқан ба – әр жерде әскери киімдер жыртылып, қан төгіліп жатыр. Түс әлетінде қалың ел еңсесін көтеріп, әрең ес жинады. Ақылман қариялар мен ауыл ағаларының өзі таң атқалы бері тілін жұтып қойғандай, ләм деп ауыз ашқан жоқ. Мұндай қасіретті Әулиешоқы жұрты осы маңда жатқан Аңырақай даласындағы қалмақтардың басқыншылығынан бері ешқашан көрмеген шығар?! Күн тас төбеге келгенде дүйім ел өзен жағасындағы қыратқа жиналды. Қосуақ баба бастаған ел абыздары ақ сақалдарына алты тарам жас төгіліп тұрып, ел-жұртқа ең соңғы сөздерін айтты: – Сөз айтуға ауыз бармай тұр, ағайын... Мына жауыздар түгімізді қалдырмай, қырып кетті. Бұл бұл ма – ертең-ақ дәл осындай күн әр ауылымыздың басына түссе – қайтеміз?! Ендеше, барар жол, басар тау қалған жоқ. Ауылдағы ел болып ықшам ақылдасыңдар да – шешіңдер. Тез көшіп, тау асып, тас басып Қытай асып кетеміз десеңдер – жол, әне! Құл болғанша, тұл болайық – не де болса дұшпанның қолында өлейік десеңдер – жол, міне! Қосын болып, қол жинап, Суықтөбе арқылы өтіп барып, Бекболаттың әскеріне қосылыңдар! Нартәуекел деңдер! Ал біз қанжоса болып жатқан мына бауырларымызды аққа орап, арулап жерлегенімізше бір емес, екі ай өтетін шығар... Тек қана сендерден өтінеріміз: мына марқұмдармен қоштасып қайтыңдар... Бұл мекенді енді біз Жандысай деп емес, «Қандысай» атайық... – Қош бол, қайран ауыл, қайран ел... – Бақұл болыңдар, бауырларым... ...Ел тарқамай жатып, Шудың арғы бетіндегі қырғыздардан үш бірдей ерттеуіл бұлар жиналып тұрған Жандысайға аласұра, асығып жетті. Қырғыздар көтерілісінің туын көтерген Тоқоболат Бағайұлы жіберген екен. Келе салып, Ағыбай қабыланды іздеді. Жолыққан бойда былай шығарып алып, бар уақиғаны баяндаған. Қырғыздан хабар алып тұрған Ағыбайдың жүрегі су ете қалды. Тура осы Жандысайдың уақиғасы. Айна-қатесіз, анық қайталап тұр. Бұл не сұмдық?! Ағыбай ортаға тез оралды да, қолын кеудесіне қойып: – Айтарым бар. Дат! – деді. Үлкендер бас изеген бойда: – Уа, жарандар! Мына бір сұмдықты естідім. Қазір ғана, міне, Шудан өтіп, қырғыздан үш бірдей хабаршы келіп тұр. Тура осы өткен түнде қарулы орыстар Санташтағы қырғыз бауырларды дәл осылай қан-жоса қып, қойдай бауыздап жатқанда, халық жиылып – үстінен түсіп, ірі қантөгіс болыпты. Қырғыздар да олардың әскерлерінің біразын өлім құштырыпты. Оқ-қаруы тең болмағандықтан, қырғыз қолы қазір шегініп, тауға тығылыпты. Қолға түскен орыс тұтқындарының бірінен Тоқоболат жауап алғанда, ол Пішпектен шыққан жазалаушы бір топ әскер әуелі Суықтөбеге қарай асатын – осы Жандысай ауылын жайпап тастауға аттанғалы жатыр депті. Мына шабармандар осыны біліп, бізді Тоқоболат бастаған қырғыз қолына қосылып, Пішпекті алу соғысына қатысуға шақырып келіп тұр. Қане, бұған не дейсіздер?! Алқалы топ мына оқыс хабардан қабақ көтере таңданысып, бір-біріне қарады. Ешқайсысы алға суырылып шығып, бірден кесім айта алмады. Анық айтып, өткір сөйлейтіндер де табылған жоқ. Жұрт аңтарылып, қайғы-қасіреттен қалт-құлттап орнында әзер тұрған Қосуақ баба жаққа қарады. Ол амал жоқ, сөзге шықты: – Ел еңіреп жатқанда, есті сөз де табылмай тұр. Былай десек, қайтер еді: Ағыбай өз ауылының қосынын алып қырғыз бауырларға барып кірсін. Ал Мәнби Әулиешоқыдан қол жасақтап, бүгіннен қалмастан, Бекболатқа аттансын! Өзгелері шәһид кеткен мына қалың қараны қорымға қойысып, бізге қорған болсын. – Бұл да жөн екен, – деді тұрғандардың көбісі. – Сол дұрыс шығар. – Болады. – Бопты... – Ал, орыстар тағы бір ауылымызды қансыратып кетсе қайтеміз? – деді бір шошынған дауыс түкпір жақтан. Бұл қорқынышты сұраққа ешкім ләм-мим дей алмады. – Ендеше, былай болсын, – деп Жамбылай ата аяқ астынан сөзге кірді. – Қосуақ бабаның әлгінде айтқаны бұлжымай қалатын болсын. Міне, қазірден бастап біздің айналамызда болатын қалың қауымнан жаңа басшылар таңдап, онбасы, елубасы, жүзбасылар тағайындайық. Ел ішінен бес қаруымызды жинап алайық. Ауыл-ауылдан шиті мылтықтарды тез арада жинастырып, мергендер тобын құрамыз. Сөйтіп, күндіз-түні ел күзетеміз. – Онда Ағыбай мен Мәнби отамандар сапыларын сайлап, қосын жинауға аттансын. – Ал біз өз ішімізден ғаскер құрайық. Ауыл ағалары осылай деп шешкен соң, ел-жұрт болып үш саққа бөлінді. Алдыңғы екі топ шашылып жатқан өліктерді жинап, үйді-үйіне жеткізген соң – бұл қасіреттен қатты шошынып, анадайда – тау жоталарына ілесе алмай, шөмиіп, сұры қашып жеке тұрған Бозқыраттың бауырынан қаз-қатар етіп ақым қазып, мұншама мәйіттерді тездетіп жерлеуге дайындалады да, соңғы топ ел ішінен бесқару жинап, күллі атылатын мылтық атаулыны қолға алады. Хайдарбектің қайтпастығымен Әбдірәсіл екеуі бастаған он адам ертең таңсәріде атқа қонып, Шудың төменгі жайылмасындағы ояздың уақытша орналасқан мекемесіне барып, Жандысайдағы орыс әскерінің ойраны жөнінде арнайы петиция береді. Олар алмайтын болса, Әбдірәсіл ары қарай бір өзі Әулиеатадағы оязға барып, тіке сөйлеседі. – Уа, жұртымыз! – Уа, ағайындар! – Жиналған әлеумет! Патшаның оязы біз жіберген уәкілдеріміздің арыз-шағымы мен сөзін құлаққа да ілмей, қайтарып тастаса не істейміз?.. – деп қариялар алқасы қалың елге қарады. Қара жамылып тұрған қалың қауым шулап кеп берді: – Онда қазақтан сайланған ауылнайлар мен болыстар да бір жағына шығуы керек! – Иә, не патша жағына, не халық жағына! – Олардың аузына қарап отыратындай не қалды енді... – Иә-иә, болды бәрі! Бітті! – Кек алуымыз керек... Кек! – Қанға – қан! – Жанға – жан! – Оңаша жолыққан орыстың біз де басын кесіп аламыз! – Орыстың барлығы бірдей мейірім-қайырымнан жұрдай дейсің бе? – Ал онда бір ауылды түгел қырып тастаған мына сұмдығы не?.. – Жауды аяған жаралы... – Аямаймыз! Аяйтын ештеңе қалған жоқ! – Қалған ауылдарымыздың тағдыр-талайы енді не болмақ. – Көшеміз онда. Кетеміз! – Иә, орында отырып қырыла береміз бе? – Зар заман келді... Енді Құдайдың берген жанын сақтап қалмасақ, болмайды. – Бос сөзді тоқтатыңдар. Болды! Қарекетке көшу керек. – Иә, дұрыс айтады. – Енді жанын аяған жансыз қалады! – Осыдан аттандап атқа қонбасақ, біз – қазақ емес, мазақпыз! Халық емес – балықпыз! Үлкеннің де, кішінің де бірін-бірі тыңдамай кеткені соншалықты, жиналған ел атой салып, орыстарға қарай қазір аттануға дайын тұр. Осы кезде орта бойлы, нығыз денелі Ағыбай қабылан жұрт алдына атып шықты: – Уа, ағайын! Мен бүгін жаугер жігіттерімді жинап, Санташтағы қырғыз бауырларға қарай көмекке аттанам! Мәнби тездетіп Бекболат қолына жетсін! Ояздан ешқандай қайыр болмаса, сөз қысқа – біз тез оралып, осындағы бүкіл орыстар отырған мекендерді күндіз-түні тас-талқан қып талаймыз! Уағдаластық па?! – деп жұртқа қарады. Жұрт: – Болды! – Бітті! – Құдай алдында айтылған сөз! – деп ұрандап кетті. * * * ...Қарақорым ел өліктерді теріп-жинап үй басына апарып жеткізуге кірісті. Ахмет қари бастаған имамдар еңбектеген баласынан – еңкейген қарияларына дейін бір түнде түгел шәһид болған марқұмдардың мәйіттерін дайындап, өз үйінде әрқайсысының жаназасын шығарып, жерлеуге кірісті. Шашырап жатқан қалың өлікті көргеннен үнсіз тістеніп, қатты қасірет шеккен Төкеш, сол тым-тырыс қалпын бұзбастан, Бекенейдің ішінен жігермен өсіп келе жатқан Бұралқы, Қыдырма, Баулыбай, Байсүгір, Берсүгір, Сейсебай, Сұлтан, Сұлтанбайларды алып қалды да, жас інісі Көкімге осы қасіретті көруге бірге келген – Серхан бастаған бозбала-бозалаңдарды енді ауылға алып қайтуға бұйырды... Жол бойы ауылға қайтып келе жатқан Серханның ойына күні кеше ғана нұрлы елес келіп жеткізген жедел хабар қайта-қайта түсе берді: «...Сендерге өте жақында бір қаралы күн келе жатыр... Өте ауыр күн...» «...Өте қасіретті болады... Шыдаңдар...» «...Сонан өткен соң тағы да көресіңдер...» «Мұнан кейін не болар екен тағы...» деп Серхан шошына таңырқап, жан-жағына қарап, қарманып көріп еді, айналадан ешқандай белгі жоқ екен. Жауап жоқ. Жым-жырт. Тым-тырыс...
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар