Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басты талап – халықтың табысын арттыру

Басты талап – халықтың табысын арттыру
ашық дереккөз
Басты талап – халықтың табысын арттыру
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін елімізде «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру» бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Осы бағдарламаны жүзеге асыруда негізгі 10 басымдық назарға алынған болатын. Мәселен, сол кезден бастап елімізде жұмысшы жастарға қолдау көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру, бюджет қызметкерлерін лайықты жалақымен қамтамасыз ету, еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою, ауылшаруашылық, туризм, кәсіпкерлік, өңдеу өнеркәсібі секілді негізгі салаларда жаппай жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыс орындарын көбейту секілді шаруалар қарқынды жүзеге асырыла бастады.

Бағдарламаның өңірдегі аяқ алысы қандай?

Облыс әкiмдiгiнiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы облыс аумағында жұмыспен қамту ісін жүйелеу, әлеуметтiк бағдарламаларды iске асыру, қандас, аз қамтылған, көпбалалы отбасы, жастар, ерекше қажеттілігі бар адам секілді халықтың осал топтарына жататын санаттарының мемлекет тарапынан берілетін көмекті алуына жәрдемдесу, шетелден келген жұмыс күшiн реттеу сияқты шаруаларды жүзеге асыратыны белгілі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларына сәйкес және Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламаларға орай халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – аталған басқарманың басты міндеті. Мұны тілге тиек етуіміздің басты себебі сөз басында айтылған бағдарламаның облыста орындалуы нақ осы басқарманың жұмысына тікелей байланысты. Бүгінде меже мен міндет қалай орындалуда? Осыған жауап алу үшін аталған басқарманың халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Сапашевамен тілдестік. Ол 2022 жылғы 14 сәуірдегі шығарылған Үкімет қаулысы бойынша елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қабылданған аталған бағдарлама «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары болып бекітілгенін айтты. Осыған сәйкес бүгінде облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы кешенді жоспардың өзіне қатысты тармақтарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. – Қазіргі уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» жүйелі іске асырылуда. Бұл тұрғыда тереңінен сөз қозғасақ, облыстың экономикалық белсенді халқы 571,1 мың адамды құрайды. Оның ішінде 543,1 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылғандар арасында 361,7 мыңы жалдамалы қызметкерлер болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 181,3 мың адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 172,9 мыңы нәтижелі жұмыспен, 8,4 мыңы нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар санатындағы азаматтар. Жұмыссыздар санын сөз етер болсақ, бос жүрген азаматтар облыста 27,9 мыңды құрап отыр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі осы жылдың I тоқсаны бойынша 4,9 пайызды көрсетті. Ендігі міндет – жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларына тарту. Осы мақсатта биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатындардың саны 54 156 адамды құрады. Мамыр айының басында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 23 847 адам тартылды. Оның ішінде бос жұмыс орындарына 7 158, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 12, әлеуметтік жұмыс орындарына 978 адам жіберіліп, жастар практикасына 631 түлек жолданды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 7 333 жұмыссыз тартылса, «Күміс жас» жобасына 602, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 149 тұрғын қатысты. 1 735 әулиеаталық онлайн оқыту курстарынан өтсе, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 4 982 азамат оқытылды, 267 адам грант алды. Осылайша есепті мерзімде 16 863 адам жұмысқа орналасты, – деді ол. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан берілген тапсырмаға сәйкес өңірде жұмыс орындарын құрудың 2023 жылға арналған өңірлік картасы дайындалғаны белгілі. Әлия Жанәбілқызының айтуынша, осы картаға сәйкес барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бекітілген мерзімде 67 968 жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Оның ішінде тұрақтысы – 52 360, 15 608 азаматты уақытша жұмысқа орналастыру көзделген. Нәтижесінде осы уақытқа дейін 22 321 жұмыс орны құрылса, бұл бойынша 12 374 азамат тұрақты, 9 947 тұрғын уақытша жұмыс тапқан. Негізінде осы ретте айта кетер бір мәселе – әрбір бюджеттік бағдарлама әкімшісі өздері белгілеген жұмыс орындарының толық ашылуын қамтамасыз етулері қажет. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын ашу туралы тапсырмасы бар. Бұл ретте облыс бойынша 13 454 жұмыс орнын құру жоспарланып, есепті кезеңге жаңадан 4 275 жеке кәсіпкерлік және заңды тұлға нысандары ашылыпты. Ашылған құрылымдарға 4 486 адам жұмысқа орналасқан. 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беруге ұйғарым жасалыпты. Бүгінде 368,4 миллион теңге қаржы қаралып, 267 адамға грант берілген екен. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында биыл жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру жоспарланыпты. Осы бағытта облыс бойынша 347 адамға 1735,0 миллион теңге көлемінде шағын несие беру көзделген көрінеді. Қазіргі таңда бюджеттен 616,1 миллион теңге қаралып, 134 адамға шағын несие тағайындалған. Осы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 жамбылдықты қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жылдың 1 мамырына атаулы әлеуметтік көмек 6 581 отбасындағы 34 809 адамға 1,4 миллиард теңге тағайындалыпты. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлем ретінде 1 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 16 027 баланы қамту жоспарланған екен. – Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 10 651 балаға 182,2 миллион теңге тағайындалды. Алдағы уақытта жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударылатынын айта кеткім келеді. Ұлт болашағының ішінде өңірдегі өрендерді жұмыспен қамту мақсатында облыста «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» бағыттары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына барлығы 574 орынға 712,9 миллион теңге қарастырылып, 149 бос жүрген азамат алғашқы жұмыс орнын тапты. Түлектерді «Жастар тәжірибесінен» өткізу үшін барлығы 3 044 орынға 3985,6 миллион теңге бөлінді. Есепті мерзімде 631 жоғары және орта оқу орындарының түлектерінің қолына жолдама берілді. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 12 адам жоба шарапатын көрді. Өңірлік еңбек нарығында жастардың жұмыссыздық деңгейі осы жылдың I тоқсанында 5,1 пайызды құрады. Облыс әкімдігінің «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының» өңірлік іс-шаралар жоспарын бекіту туралы 2023 жылғы 1 ақпанындағы №13 қаулысы бекітіліп, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолданды. Сонымен қатар облыс бойынша барлық аудандарда және Тараз қаласында осал топтар арасында жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында қайырылған азаматтарға психологиялық, әлеуметтік, қолданыстағы заңнамаларды түсіндіру бойынша тиісті жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қорыта айтар болсақ, халық табысын арттыру ісі облыстағы барлық басқармалар мен әкімдердің бірлескен ортақ жұмысының негізінде ғана сәтті жүзеге асады. Біз осыған бірлесе күш салып жатырмыз, – деді Ә.Сапашева.

Жалқаулық жанды жүдетеді

Бір айта кетерлігі, бағдарлама кезең-кезең бойынша межелі көрсеткіштерге қол жеткізілуі үшін өзіндік ырғағымен жүзеге асырыла беретіні анық. Алайда халықтың табысын арттыру десе еңбекқор, елгезек, бүгінгідей нарық заманында тәуір өмір сүруге қатысты өз есебі бар адамдар есімізге түседі. Өйткені әр пенде өз табысының, отбасылық бюджетінің еселене түсуіне мүдделі болуы – ең басты талап. Себебі бір кездері күнкөріс қамымен төскейде төл өргізіп, адырда аң аулаған ата-бабамыз бақыттың тек еңбекпен келетінін ұрпағына ғасырлар бойы дәріптеп келгені тарихтан аян. Оған Алла адам баласының басына қандай ауыртпашылық салса да ағайынға алақан жаймай, тек адалынан ас ішудің амалын қарастырған ата-бабамыздың осы ниеттегі ұстанымы дәлел. Қауымдасып өмір сүруде жұмыс күшіне сұраныс аз сол бір аумалы-төкпелі заманның өзінде бірі байдың малын бақса, тағы бірі табаны тозған кебісті тігуде күні-түні тебенге сүйеніп нан тапқан. Тоқетерін айтқанда, жалқаулыққа жаны қас қазақ еңбек етуге келгенде енжарлық танытпаған. Жалпы жұмыссыздық десе оның қоғамға тигізетін зардабы қандай болатынын алғаш азаттықтың ақ туы желбіреп, егемен ел атанған жылдардағы қыспаққа алған қаржы дағдарысын көзбен көргендер жақсы сезінеді. Қылмыс та, қымсыну ұмыт болған қылық та қоғамда қаптап, адамның жаны тек жоқшылықтан жүдейтінін сол бір сүреңсіз жылдар көрсетіп берген еді. Ел не дейді? КСРО құлағаннан кейін Қазақстанда мекеме атаулының барлығы жұмыс күшін қысқартып, зауыт, фабрикалар мен басқа да өндіріс ошақтары өз жұмысын тоқтатты. Жаппай жұмыссыздықтың белең алуына ұжымшар, кеңшарлардың таратылып, дүние-мүлкінің талан-таражға түсуі басты себеп болды. Жауырыны қақпақтай ер-азаматтар үй күзетіп, әйел атаулы ала дорба арқалап, базар жағалады. Тығырыққа тап болған халықты дер кезінде бақыт жолына жетелеуге мемлекеттің сол кезде мүмкіндігі болмай, арада бірнеше жылдар жоғалды. Бұл сол кезде елдің қажетін өтейтін өндіріс орындарының негізгі көзі одақтас елдерде болуымен тікелей байланысты. Десе де халықтың берген бағына орай мұнайдан түскен пайда жұртшылықтың ес жиып, еңсе тіктеуіне ықпал етті. Бұл тұрғыда Шу ауданының тұрғыны, «Құрмет» орденінің иегері Қазақбай Байжұманұлының да айтары бар. – Адамды жарылқайтын да, қоғамды көркейтетін де еңбек. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп данышпан Абай бұл сөзді жағдайы жоқтарға қатысты емес, шөп басын сындырмайтын, жатыпішер, қарны жуан байлар мен тырнағының ұшын қимылдатпай, отбасы ішінде жұмыс істейтінінің табысына ортақтасатын масылдарды меңзеп айтқан. Десе де ел іші болғаннан кейін тынбай тірлік істесе де, біреуге ақыға жалданса да, тапқанын не тамағына, не киер киіміне жеткізе алмай, шарасыздықтан шаршаған адамдардың арамызда бар екенін жасыруға болмайды. Тоқсаныншы жылдардың басында халықты өтпелі кезеңнің салқыны айтарлықтай күйзелткені өз алдына бөлек әңгіме. Өндіріс орындары тарап, соның салдарынан ел ішін жұмыссыздық жайлады. Әйтсе де жарқын болашақтың сара жолын мемлекетіміз дұрыс таңдай білді деп ойлаймын. Халық үлкен төзімділік пен сабырлық танытудың арқасында қиыншылықты еңсере білдік. Үкімет жұмыссыздықты жою үшін сан түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, оның жүзеге асуын назардан тыс қалдырмай келеді. Нәтижесінде жұмыссыздық бұрынғыға қарағанда едәуір қысқарды. Халықтың тұрмысы біршама жақсарды. Алайда жұмыссыздық толық жойылды деп айта алмаймыз. Оған қоғамда тұрмысы төмен, халықтың әлжуаз тобы азаймай отырғаны дәлел. «Мұның себебі неде?» дейтін болсақ, ең алдымен, біз ұлттық идеологияны дұрыстауымыз керек. Халықтың, оның ішінде жастардың назарын еңбек адамына, жұмысшы мамандығына аударуымыз қажет. Себебі жастар қарапайым жұмыс істеуді қорлық санамауы өте маңызды. Іргелі кәсіпорындардан бастап шағын шаруашылықтарға дейін иелігіндегі малын бағып, отынын жарып отырған жұмысшылардың айлықақы мөлшерін жоғарылатуы керек. Ондай жұмысқа жоғары жалақы төленгенде ғана бұл мәселе шешімін табады. Осы күні жастардың көбісі шетелде жұмыс істеуді дағдыға айналдырды. Олардың дені сол жақта қара жұмыс істеп, қомақты қаржы тауып жүргенін барлығымыз біліп отырмыз. Еңбек нарығындағы тепе-теңдік сақталсын десек, жұмыссыздықты осындай жолмен жоймай, молшылықтың берекелі болуы екіталай. Ілгеріде жастар әскер қатарына іріктеліп шақырылып, әскер батальондары құрылып, сантехник, электрик, сылақшы, тас қалаушы, трактор жүргізушісі сияқты әртүрлі мамандықтар бойынша оқудан өтетін. Әскери борышын өтеу мерзімінде сол мамандық аясында жұмыс істеп, елге еңбек өтілімен оралушы еді. Мемлекет шығындары толығымен өтеліп, ауылға кәсіби маман иесі болып келетін және табысын қажетіне жарататын. Осы мәселені іске асырар болсақ, елімізде жұмыссыздық азайып, қылмыс санының қысқаратыны айтпаса да түсінікті, – деді қария. Ақсақал жастардың өз уақытында отау құрып, отбасылық өмірге ерте араласуы жолға қойылмауына да алаңдайды. Шаңырақ көтергендерді баспанамен қамтуға жағдай жасауымыз қажет деп есептейді. Өйткені жаңадан үйленген жастар тұрмыс тауқыметіне шыдай алмай ажырасып кетіп жатқаны расында да шындық. – Бұл біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналып барады. Осы келеңсіздік жалғаса берсе, қоғамда жесір әйел, жетім, тастанды балалар көбейе беретіні даусыз. Әр адам маман иесі болып, қалыпты өмірге араласқанда ғана қиындық еңсеріледі, мамандығы бойынша қиналмай өзіне жұмыс орнын таңдай алады. Негізі мен екі дәуірді, екі түрлі қоғамды, бір-біріне қарама-қайшы екі заманды көзбен көрген адаммын. Сондықтан да жұмыссыздық жайлы көп ойланып, көп толғанамын. Жұмыссыздық жайлаған жерде береке-бірлік бола қояды дегенге сенбеймін. Менің қабырғамды қайыстырып жүрген мәселелердің бірі – жастар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрмесе екен деген ниет. Олар қолынан келетін кәсіп іздеп, бір кәдеге жарауға ынта-жігер танытып, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланса, сол өте өзекті. Мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жоюға атап айтарлықтай жан-жақты жағдайлар жасалып жатқанына қарамастан, оның толықтай жойылмай отырғандығы толғандырып, толқытатынын тағы айтқым келеді. Қоғамымызда қандай да бір адам тағдырын тәлкек ететін, адам өмірін өкіндіретін келеңсіз жағдайлар етек алып жатса, соның бәрі жұмыссыздықтың, жатыпішерліктің салдары екенін ұғынуымыз қажет. Мен қария ретінде ел тарихындағы замана толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезе отырып, мемлекеттің жұмыссыздықты жою жөніндегі күресі шынайы әрі барынша тиімді жүргізілсе деп тілеймін. Бүгінгі таңда бүкіл ел болып «Жемқорлық – індет, жою – міндет» деп сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік мәні зор бұл мәселеден де арылмай, жұмыссыздықты жою мүмкін емес. Мемлекеттік қызметті атқарып жүрген шенеуніктердің қатарында «бармақ басты, көз қысты» әдетпен қара басының қамын ойлап, ірі мөлшерде пара алып жүргендер аз кездеспейді. Біз мұндай жағымсыз жағдайға баспасөз қызметі арқылы қанық екенімізді атап айтқанымыз жөн. Осындай оспадарлыққа қарап жемқорлықпен, жұмыссыздықпен күрес атүсті жүргізілмесе, мемлекетте қатаң тәртіп орнаса дейміз. Өйткені жұмыссыздықтың белең алуына жемқорлықтың да қатысы бар. Негізінде жұмыссыздық белең алған сайын қоғам дамуына кедергі келтіретін кесапаттар көбейе береді. Меніңше, жұмыссыздық мәселесі ел болып ойланатын, кешенді түрде қолға алатын үлкен шаруа. Сондықтан үлкеніміз бар, кішіміз бар, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдардың да жұмыссыздарға қажетті жағдай жасауда қамқорлықпен қарайтын уақыты жетті, – деді Қазақбай Байжұманұлы. Қазақбай қарияның ойынша, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы толық орындалмаса да жұмыссыздық деңгейін белгілі бір пайызда жою жұмыстары нақты жоспарлар арқылы жүргізілуде. Жалпы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – ел ішіндегі жұмыссыздықты жою. Бұл кез келген елде орындалуы тиіс басты талап. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында қоғамның экономикалық даму бағытында оң өзгерістер орын алып, тұтыну тауарларының сұранымына қарай өндіріс ошақтары біртіндеп болса да ашылып, жұрт жұмыспен қамтыла бастағаны шындық. Біз қазір «Әділетті мемлекет» құру ісіне бет бұрып жатырмыз. Бұл өзгеріс өз кезегінде жұмыс күшіне деген қоғамдағы жалпы сұранымды өтейді деген үміттеміз және басқа да кәсіптер түрінің көбейе беретініне сеніміміз мол. Бүгінде қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебі анықталып қойған мәселе. Енді тек соған орай әрекет ету, тұралаған саланы аяққа тұрғызу, өндіріс, өңдеу, қайта өңдеу ісіне құлшына кіріскен азаматтарға қолдау көрсету бағытында жұмыстар кедергісіз жүргізілсе, бұл біз сөз етіп отырған мәселенің шешілуіне оң септігін тигізеді. Негізінде Үкімет тарапынан жұртшылыққа жеңілдетілген пайызбен несие, қайтарымсыз қаржы беріліп жатқанына куәміз. «Еңбек етемін, кәсіп ашамын» дегендерді оқыту курсынан өткізу, оларға қолдау көрсету ісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Ауылдық елді мекендерде қандайда бір құрылыс нысаны қолға алынса, оларға жергілікті тұрғындарды тарту, жаңа ашылған мекемеден штаттық бірлік ашып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамту бірнеше жылдан бері қолға алынған. Мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан әлеуметтік немесе атаулы көмек те беріліп жатыр. Баспанасы жоқтарға да асарлатып үй салынуда. Бірақ неге халықтың әл-ауқаты біз ойлағандай жоғары деңгейге көтерілмейді? Мүмкін, бұл шетелден келетін тұрмыстық техникалар мен басқа да тауарлардың, күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түлік тауарларының бағасы сәт сайын қымбаттауынан ба екен?

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар