Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТМД-ДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕЛІЛІК КАМПУС

ТМД-ДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕЛІЛІК КАМПУС
ашық дереккөз
ТМД-ДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕЛІЛІК КАМПУС
Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында ТМД елдерінде тұңғыш жүзеге асырылатын желілік кампус жобасының таныстырылымы өтті. Бұл – Дулати университеті, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. «Қос дипломды білім беру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын химия өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлауды көздейтін желілік кампустың таныстырылымы Химия өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылатын, алғаш рет жұмыс беруші тарапты да бірге қамтыған желілік кампустың таныстырылымы барысында арнайы көрме де назарға ұсынылды. Ол негізгі ғалымдардың еңбектері мен жобалары, жастар ұйымдарының жасаған жұмыстары секілді үш бағытты қамтиды. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Ғани Тоқсанбаев қатысты. Сондай-ақ Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиялық-технологиялық университетінің ғалымдары, «Қазфосфат» ЖШС өкілдері мен ұстаздар қауымы білім беру ісіндегі бірегей жобаның ашылу сәтіне куә болды. Алғашқы болып сөз алған Еркін Құлымбайұлы шараға қатысушыларды құттықтап, бұл бастаманың тек облыс қана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. – Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жоғары білімге қолжетімділік мәселесі өзекті болып қала беретінін айтып, елде жоғары білім қолжетімділігін арттыруды және беделді шетел университеттерінің бес филиалын ашуды тиісті министрлікке тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша, алғашқылардың бірі болып Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі жұмыс берушісі «Қазфосфат» ЖШС арасында «Қос дипломды білім беру» бағдарламасын іске асыру бойынша білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Химия өнеркәсібі – жоғары сапалы білімді ғана емес, сонымен қатар заманауи, креативті тәсілдерді қажет ететін қарқынды дамып келе жатқан сала. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-ның бірлескен жұмысының оң нәтиже беретініне сенімдімін, – деді Е. Үйсімбаев. Аталмыш жобаның дамуына облыс әкімдігі де өз үлесін қосуда. Келер оқу жылына жергілікті бюджет есебінен 55 білім гранты бөлінсе, оның 25-і «Химиялық инженерия және процестер» мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған. Келесі кезекте университет ректоры бірлескен білім беру жобасы бойынша өздеріне жүктелетін міндеттер мен талаптарды түсіндірді. – Біз қыркүйектен бастап «Қос дипломды білім беру» бағдарламасы бойынша Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қасфосфат» ЖШС-мен бірлесе химик-технолог мамандарды даярлайтын боламыз. Бүгінге дейін үшжақты келіссөздер жүргізіліп, сәтті аяқталды. Енді міне, химия өндірісіндегі ТМД-дағы алғашқы желілік кампус жобасын іске қосқалы отырмыз. Білім беру процесі «2+1+1» формуласы бойынша жүреді. Студенттер Дулати университетінде 2 жыл оқып, 3-курста РХТУ-да білім алып, 4-курста «Қазфосфат» ЖШС базасында оқу-өндірістік практикадан өтеді. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС оқу-зертханалық жабдықтарға қаржы бөлуге, профессорлық құрам мен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруға және олардың әлеуетін жүйелі дамытуға мүдделі, – деді Мұхтар Байжұманов. Ал онлайн байланысқа шыққан Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев бұл жоба химия өнеркәсібінің дамуына серпін беретін бастама екенін атап өтті. – Химия өнеркәсібі саласында желілік білім беру кампусын іске қосу –маңызды қадам. «Қос дипломды білім беру» бағдарламасы бойынша білім алатын студенттер автоматтандырылған, заманауи жабдықтармен табысты жұмыс істеуді үйренеді. Біз жастарды жаңа өндірістік желілерді жобалауға мүмкіндік беретін білім мен пәнаралық құзыреттіліктерге бағытталған жүйе бойынша оқытамыз. РХТУ – салаға бағытталған және оның кадрлық қажеттіліктерді үйлестіріп отыратын ғылым мен жоғары мектептердің бірегейі. Желілік бағдарламаның грантына ие болған жас талапкерлер ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасындағы химия өнеркәсібінің ірі зауыттарын іске қосуға қатысушы болады, – деп түсіндірді И.Воротынцев. «Қазфосфат» ЖШС кадрлар департаментінің директоры Әбдінәдір Айтматов та бірлескен жұмыстың ұзақ әрі нәтижелі болатынына сенім білдірді. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің физикалық химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Олег Райтман болса, жиналғандарға өзі өкілдік ететін университет пен желілік білім беру бағдарламасы бойынша оқуға бел буған студенттердің мүмкіндіктері туралы тереңірек баяндады. – Биыл желілік кампус аясында «Бейорганикалық заттар технологиясы» атты алғашқы «Қос дипломды білім беру» бағдарламасы іске қосылады. Негізгі бағыты – тыңайтқыштар өндіру. Жаз айында бағдарламаға алғашқы қабылдау өтеді. Сонымен қатар Қазақстанның басқа университеттерінен бағдарламаның 1-курсына да, 2 және 3-курсына да түсуге болады. Мәселен, 1-курс студенттері үшін 175 орын, 2 және 3-курстарға 150 орын қарастырылған. Түлектер М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Менделеев университетінің қос дипломын алып шығады, – деді ол. Бұдан кейін кездесуге қатысушылар химия өнеркәсібі саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, пікір алмасты. Кампустың білім берудегі тиімділігін талқылады. Осы кездесуде университет ректоры «Химия және химиялық технология» кафедрасының ерекше көзге түскен оқытушыларын «Дулати» төсбелгісімен марапаттады. Салтанатты жиында университеттің талантты білімгерлері мың бұрала би билеп, тамылжыта ән салып, кеш қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар