Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дүйім жұрт күткен дода

Дүйім жұрт күткен дода
ашық дереккөз
Дүйім жұрт күткен дода
Тарихи Тараз қаласы отандастарымыздың назарын тағы да өзіне аударды. Кеше көне шаһарда республикалық VI жазғы Спартакиада салтанатты түрде ашылып, еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар мен туристер ат арытып жетті. Осынау маңызды шараға қатысу мақсатында, әрі аймақтың мәдени-рухани тыныс-тіршілігімен танысу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен келді. Енді рет-ретімен баяндасақ. Мәртебелі мейман, ең әуелі, «Көркемсурет галереясында» болып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді. Асхат Раздықұлы өз сөзінде мәдениет қызметкерлерінің айлық жалақысы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен 100 пайызға өсетіндігін, облыста 17 мәдениет нысанында жөндеу және 14 нысанды салу жұмыстары көзделіп отырғандығын айта келе, министрлік тарапынан алдағы уақытта атқарылатын шаруаларға тоқталды. – Республикалық VI жазғы Спартакиаданың ашылу рәсімі қарсаңында қасиетті Әулиеата жеріне арнайы табан тіредік. Баршаңызбен бүгінгідей келелі кездесуде сан ғасырлық тарихы бар Тараз шаһарында жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын. Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған, көне мен жаңаны байланыстыра білген бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі. Елімізде әлемдік деңгейде қорғалатын, ЮНЕСКО тізіміне енген 10 мәдени мұра болса, оның 5-еуі осы Жамбыл өңірінде. Бұл мақтануға тұрарлық жағдай. Сонымен қатар бұл өңір қаншама қаранар ақын-жазушылар мен өнер майталмандары, спорт саңлақтары шыққан жер. Бүгін де халықаралық аренаның төрінде еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Әлішер Ерғали, Рахат Қалжан (еркін күрес) және пара жүзуден әлем кубогының жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали сияқты спортшыларымыз Жамбыл облысының талантты тарландары. Осындай даңқты спортшылар алаңында төрт жылда бір өтетін VI хазғы Спартакиаданың Тараз қаласында жалауын көтеруі де бекер емес, – деді А.Оралов. Асхат Раздықұлы мұнан соң Мәдениет және спорт министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары, қолға алған мәселелері туралы баяндап, алға қойған мақсаттармен бөлісті. Ең алдымен, ұлт руханиятының тірегі – мәдениетіміздің дамуы туралы баяндады. Мемлекет басшысы ең басты мақсат той тойлау емес, ой толғау, өнеге, өрісімізді кеңейту екенін әркез айтып келеді. Осы орайда аталған министрлік жыл басында мәдени саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, алдағы жетіжылдықтың даму жоспарын айқындап алған екен. Министрдің айтуынша, биыл тұғырлы тұлғалардың мерейтойы кеңінен атап өтіледі. Ол тізімде, ең алдымен, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы тұр. Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті мерейтойына орай Үкімет жанынан беделді қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың басын қосқан жұмыс тобының құрамы жасақталыпты. Мерейтой жоспарына сәйкес жыл бойы халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, «дөңгелек үстелдер», шығармашылық кештер, көрмелер ұйымдастырылады. Жыл басталған бетте Сұлтан Бейбарыс бабамыздың есімін елорданың бір көшесіне беру жоспарланған. Сонымен қатар Мысырда Сұлтан Бейбарыстың мешіті ашылып, Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндері өткізіледі. Асхат Раздықұлының баяндауынша, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы күллі түркітілдес елдерге де ортақ оқиға екендігін ескере отырып, «ТҮРКСОЙ» ұйымы осы жылды «Жүргенов жылы» деп жариялап отыр. Ведомство тарапынан қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта министрлік мәдениет саласының майталмандары мен архившілерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қабылдаған. Атап айтқанда, 2022 жылдан мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өскен. Нәтижесінде 2023 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды деп күтіліп отыр. Сондай-ақ еліміздегі «Ұлттық» статусқа ие 5 мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75 пайызға артыпты. Министрлік биыл бұл тізімнің санын арттыруды жоспарлапты. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия 20-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылған. Сонымен қатар жиырма жылдан астам уақыт бойы берілмей келген «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайтарылды. Әртіс үшін бұл марапатты халықтың бағасы мен батасынан бөлек, шығармашылығының жоғарғы деңгейде мойындалуы деп санаған дұрыс. Осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобын марапаттау биыл қазан айына жоспарланып отыр екен. Сонымен бірге құрметті атаққа ие болған мәдениет қайраткерлеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100 пайыз мөлшерінде үстемеақы төленеді. Министрліктің мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау бойынша 2023 жылға арналған жоспарлары да аз емес. Үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері және би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру мәселесі бойынша заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек 12 мыңға жуық архив және кітапхана кызметкеріне ерекше еңбек жағдайларына байланысты жалақыға қосымша ақы тағайындау жоспарланып отыр. Асхат Оралов мәдениет саласындағы инфрақұрылымдар да тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. – Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Жамбыл облысында 17 мәдениет нысанында жөндеу және 14 нысанды салу жұмыстары көзделіп отыр. Архив саласының инфрақұрылымы да біздің жіті назарымызда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп 200 мың бірлікке арналған архив ғимаратын салу үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама дайын құрылыс жобаларының тізіліміне енді. Осылайша барлық өңір аталған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде ойламаған жерден архив ғимаратын салу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда 500 мың бірлікке жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша жұмыстар тиісті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Мәселен, осы облыстың Қордай ауданында жаңа архив ғимаратының құрылысы жүруде және аяқталу уақыты осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Меркі, Шу, Рысқұлов аудандарында жерді заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәдениет және өнер саласында жылда «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз. Жоғарыда аталған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына Жамбыл өңірінің қаламгерлері өз шығармаларын ұсынса болады. Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Әдебиеттің 7 аталымы бойынша берілетін ұлттық сыйлықтың әрбір жүлдесі 5 миллион теңгені құрайтынын айрықша атап өткен дұрыс. Сондай-ақ биыл алғаш рет еліміздің жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы беріледі. Бұл сыйлық осы жылдан бастап, жыл сайын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» атты 4 номинация бойынша беріледі. Одан бөлек мәдениетімізді қарқынды дамыту мақсатында биыл соңғы он жылда алғаш рет шамамен 1 миллиард теңгеге мәдениет және өнер ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алу көзделгенін айта кету қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту да басты назарда. Бүгінгі таңда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс институты белсенді жұмыстарды жүзеге асыруда. Мәселен, Жамбыл облысында 9 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен қамтылды. Биыл біз осы жобаны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді үйірмемен қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 86,7 миллиард теңге бөлді. Оның ішінде осы облыс бойынша 2,3 миллиард теңге қарастырылған. Ел спортының еңсесін тіктеп, ертеңін жарқын ету, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсысымыздың міндетіміз. Осы орайда біз денешынықтыру мен спорт саласын дамытудың да 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын бекіттік. Аталған тұжырымдамада айқындалған негізгі мақсатымыздың тағы бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар стратегиялық құжаттар аясында өз жалғасын табатын болады, – деді министр. Сонымен бірге 2025 жылға дейін өңірде 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылмақ. Облысымызда өткен жылы 4 нысанның құрылысы аяқталыпты. Осы жылы Жуалы ауданы Б.Момышұлы, Жамбыл ауданының Айша бибі, Гродеково, Қаракемер, Пригородный, Өрнек, Шу ауданының Қонаев, Мойынқұм ауданының Айдарлы, Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сабденов, Қордай ауданының Қарасай, Аухатты, Қарасу ауылдарында 14 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр екен. Министрлікке қарасты тағы бір ауқымды сала – туризм. Мәдениет және спорт салаларымен қатар туризм саласын дамытудың да жетіжылдық жаңа тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдама көліктік және қалалық инфрақұрылымды дамытуды, әуе және теміржол қатынасын жақсартуды, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылымды жандандыруды қоса алғанда, елдің туристік дестинацияларын және жол бойындағы сервистік кешенді дамытуды көздейді. Министрдің айтуынша, облысымызда өткен жылы туристер саны 135 мыңды құраған, оның 3 мыңнан астамы шетелдіктер үлесіне тиесілі. Сонымен қатар Асхат Раздықұлы шаһарымыздың Қазақстанның мәдени туризмінің ең танымал төрт бағытының қатарына кіретіндігін ерекше атап өтті. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, ортағасырлардан жеткен ұзын саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұра бар. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ортағасырлық Ақыртас, Өрнек, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе қалашықтарын айтпағанның өзінде, «Тектұрмас», «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешендері, Қарахан, Айша бибі, Бабажа хатун кесенелерінің өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ұлттың ұлы тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар Қарасай, Тамдысай және жартастағы бейнелері бар Бота-Мойнақ шатқалдары мен Жуалы ауданындағы Маймақ шатқалындағы петроглифтер де туристер арасында танымал. Ертедегі ортағасырлық түркілердің Ұлы Жібек жолындағы ірі қалаларының бірі саналатын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Ақтөбе» қалашығын да атап өтуге болады. Министр осы қасиетті мұралардың арқасында мәдени туризмді ілгерілетуге мол мүмкіндік бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ ішкі туризмді насихаттауға бағытталған «Neo Nomad» ауқымды акциясы шеңберінде Айша бибі кесенесі қосылғанын да айтып өтті. –Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының «Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып қызмет ет» деген аталы сөзі бар. Алдымызға қойған маңызды міндеттеріміз аз емес. Қашанда дара дәстүрлерімізді арқау етіп, ұлт тамырына бойлай білсек, ел мүддесі жолындағы қызметтің ірісі сол деп есептеймін. Ең бастысы, мәдениет пен спорт тек бір ғана басқарманың немесе министрліктің құзыретіндегі нәрсе емес, ол барша ұлтқа ортақ мүдде екендігін ескерсеңіздер деймін, – деп сөзін қорытындылады А.Оралов. Брифинг соңы сала қызметкерлерімен өткен емен-жарқын сұрақ-жауап бөліміне жалғасты. Екі жарым сағат уақытқа созылған кездесуде жиналған қонақтар мәдениет, спорт, туризм салаларына қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Айталық, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы министрге облыстық мұрағатқа құнды құжаттар сыймай жатқанын айтып, облыс орталығынан тағы бір архив салу керектігін жеткізді. Сонымен қатар К.Сәттібайұлы әлемдік додаларда, олимпиадаларда қанжығасы майланған спортшылардың бапкерлері де назардан тыс қалмауы керектігін, миллиардтаған тұрғыны бар Қытай секілді алып мемлекеттердің спортшыларын жеңіп келген Азия чемпиондары елеусіз қалып жатқанын айтып, олар да лайықты дәрежеде бағаланса дей келе, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының ұйымдастырылуына қатысты ұсыныс білдірді. Айтылған талап-тілектерді мұқият тыңдаған Асхат Раздықұлы көтерілген мәселелердің орынды екеніне тоқталып, мәселенің оң шешім табуына ықпал ететінін айтты. Бапкерге қатысты сұрақ туралы министр: «Шәкірті ел біріншілігінен жүлделі орын алғандарға сыйақы төленіп отырады. Бұл – бапкерлердің жігерін арттыруға бағытталған қадам, былайша айтсақ, ол – мотивация», деп жауап берді. Ал «AQ JOL» газетінің тілшісі Нұржан Қадырәлі өңіріміз атағы республикаға, әлемге танылған ақын-жазушыларға кенде еместігін тілге тиек етіп, облысымызда республика көлеміндегі «Кітап жәрмеңкесі», жамбылдық жыр шайырларын тарта отырып, республикалық «Поэзия кеші» ұйымдастырылса деген ойын айтты. Сондай-ақ өңіріміздің тарихы Айша бибі мен Қараханның, Құралай сұлудың махаббаты, Абсенттің жан тебірентерлік хикаясы анимациялық фильмге сұранып тұрғандығын жеткізді. Орынды айтылған ұсыныстардың бәрі де министр тарапынан қолдау тапты. Ерекше айта кетерлігі, министр келесі жылы «Айбоз», «Ұмай» секілді ұлттық сыйлықтардың марапаттау рәсімін Тараз қаласында өткізуге уәде берді. Сонымен қатар облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев өзі басшылық ететін мекемеде мамандардың тапшы, «Жарық режиссері» кадрлары атымен жоқ екеніне қынжылып, театрдағы қордаланған мәселелердің жайын сөз етті. Сондай-ақ театр әртістері қойылымдарын Астана, Алматы сынды үлкен қаланың театрларына апарғысы келгенімен ондағы жалдау құны тым қымбат екенін айтып, өзге өңір театрларына қалта көтеретіндей белгілі мөлшердегі лимит белгіленсе деген базынасын жеткізді. Асхат Раздықұлы көтерілген ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын, Астана, Алматы қалаларындағы театрлармен келісіп, жалдау бағасын түсіртетінін айтты. Маман тапшылығын жою үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілетінін тілге тиек етті. Асхат Оралов өзге де сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып, кейбір мәселеге қатысты салмақты пікір білдірді. Мұнан соң тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Одан кейін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне барды. Тарихи орындарды аралаған министр кешеннің қазіргі жайына тоқталып, жауапты мамандарға жөндеу жұмыстарына қатысты міндеттер жүктеді. Осы күні Мәдениет және спорт министрі Байзақ ауданына арнайы ат басын бұрып, Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылында жаңадан салынған ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. – Осы іссапар барысында сіздердің аймаққа жолым түсіп, ел игілігіне берілген мәдени нысанның ашылуына қатысып жатқаныма ерекше қуаныштымын. Жалпы өзім қай өңірге барсам да уақытымның 90 пайызын аймақ тұрғындарымен, оның ішінде ауыл халқымен кездесуге арнаймын. Себебі өнер майталмандары немесе даңқты спортшылардың қай-қайсысы болмасын аядай ғана ауылдан шыққан. Сондықтан алдағы уақытта да ауылды дамытуға барынша көңіл бөлінетін болады, – деді А.Оралов. Бұдан кейін министр облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиды. Сондай-ақ өз сыйын табыс етіп, клуб ауласында жүргізілген шырша егу шараларына өңір басшысымен бірге атсалысты. Жаңадан пайдалануға берілген мәдениет ошағы 90 адамға арналған, 8 штаттық бірлік бар. Жаңа нысанға ауылдық кітапхана ыңғайластырылыпты. Кітапхана меңгерушісі Алтынай Орманованың айтуынша, кітапханада барлығы 9 826 кітап қоры бар болса, қазақша кітап саны – 5 648. Клуб Тегістік, Сарыбарақ, Шахан ауылдарының 2 100 тұрғынына қызмет жасайтын болады. Мұнан соң министрдің жұмыс сапары Ақыртас тарихи кешенін аралаумен жалғасты. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық музейінің директоры Берік Жүсіпов Ақыртас аңызы туралы тарихи деректерге тоқталып, қалашыққа бұл атау неліктен берілгендігі жөніндегі шежірелерден сыр шертті. Келесі кезекте Асхат Оралов Айша бибі кесенсіне барды. Киелі орынды аралап, тарихымен танысты. Сонымен қатар өңіріміздің туризм саласын дамытуға бағытталған бірқатар жобаларға қатысты нақты жоспарымен бөлісті. * * * Кеш бата облысымыздың тұрғындары өңірімізде бұрын-соңды болмаған спорттық іс-шараның ашылу салтанатына куә болды. Төрт жылда бір рет жалауы желбірейтін Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі биыл тұңғыш рет Тараз қаласында өтіп, Әулиета даласын дүбірге бөледі. Ашылу салтанаты басталмас бұрын орталық стадионға жиналған 10 мың көрермен жоғары оқу орындарының 1 500 студенті қатысқан сахналық қойылымдарды тамашалап, патриоттық рухтағы әндер тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Осылайша WBС санатындағы үш салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы, IBO нұсқасы бойынша чемпион, жерлесіміз Фируза Шарипова мен танымал спорт ринг-хабарлаушысы Арман Момынов тізгінін ұстаған салтанатты шара басталып кетті. Одан кейін жазғы Спартакиаданың ашылу салтанатына орай шеру өтіп, шараның басталуын тағатсыздана күтіп отырған көрермен облыстар мен қалалардың спорт делегацияларын зор қошеметпен қарсы алды. Орталық стадионға Жамбыл облысының құрамасын дзюдодан Универсиада ойындарының жеңімпазы, «Grand Slam Tokyo» халықаралық турнирінің қола жүлдегері, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің күміс және қола белбеу иегері Ғалымжан Қырықбай бастап шықты. Келесі кезекте Қазақстан Республикасы VI жазғы Спартакиадасының туын алып шығу мәртебесіне атағынан ат үркетін спортшылар, облысымыздың, еліміздің мақтаныштары – Олжас Сәттібаев, Гузалия Гафурова, Нұрдәулет Жұмағали, Дулат Бекбауов, Алияр Карим, Асылжан Орынбасарова, Расул Мухым, Нұрай Сатталы ие болды. Ал Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов байрақты бәсеке ел тарихындағы елеулі оқиға екенін айтып, спортшыларға сәттілік тіледі. – Қазақстан Республикасының Спартакиадасы 4 жылда бір рет өтеді. Бүгінгі жарысқа еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам спортшы қатысуда. Спартакиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақтау және халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде Парижде өтетін 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысатын үміткерлерді анықтау. Өздеріңіз білесіздер, елімізде жастардың спортпен және денешынықтырумен айналысуы үшін барлық жағдай жасалып, Президенттің тікелей тапсырмаларымен қолдау тауып келеді. Нәтижесінде ел спортшылары небір халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Құрметті спортсүйер қауым! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Спартакиаданы өткізуге ерекше қолдау білдіргендері үшін Жамбыл облысының әкімдігіне, тұрғындарына зор алғысымды білдіремін! Жанкүйер ретінде еліміздің спортшылары жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін. Барлық спортшыға сайыста сәтті өнер көрсетуіне шын жүректен тілектеспін! Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасын ашық деп жариялаймын! – деген Асхат Раздықұлы жуырда ғана Ташкент қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің абыройын асқақтатып қайтқан Асланбек Шымбергенов (алтын жүлде) пен Дулат Бекбауовтың (күміс жүлде) жеке жаттықтырушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Құрмет грамоталарын табыстады. Ал облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында ел спорты қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. – Қазақстанның спорттағы жарқын жетістіктері мен жеңісті жолдары төрткүл дүниеге белгілі. Көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыз байрақты бәсекелерде асқақ асулар мен биік белестерді бағындыруда. Саңлақ спортшыларымыздың ерен еңбегі ұлт мақтанышына айналды. Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде спортпен айналысуға барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізде спортты, оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге айрықша көңіл бөлуінің жарқын көрінісі. Ал Спартакиаданың ашылу салтанатының киелі Жамбыл жерінде өтуі біз үшін зор мақтаныш, мерейлі мәртебе. Тараз топырағы – талай талантты спортшылардың томағасын сыпырып, түлеткен қасиеттi мекен. Бұл тұрғыдан біз Олимпиада жұлдыздарымен мақтана аламыз. Олардың жеңісті жолы – жас ұрпаққа үлгі. Күні кеше ғана Ташкентте өткен бокстан әлемдік додада топ жарған Асланбек Шымбергеновтің ерлігі де ел мерейін асырғаны сөзсіз. Дарабоз спортшыларымыздың ізбасарлары Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Дулат Бекбауов, Нұрданат Айтанов, Ерғали Әлішер, Елнұр Сүйінбай, Ердос Шәріпбек және басқа да жас спортшылардың келешектерінен зор үміт күтеміз. Елімізге дені сау, спортты жанына серік еткен, ел ертеңі – жалынды жастар қажет. Бұл – біздің стратегиялық мақсатымыз! Бүгінгі спорттық шараға қатысушы барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттіліктер тілеймін! Ел мерейін арттырар шуақты күндеріміз көп болсын! – деді Нұржан Молдиярұлы. ... Сонымен, көптен күткен алау да алаңға жеткізілді. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алаудан от алған алау эстафета арқылы бірнеше белгілі спортшылардан өтіп, ең соңында бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асланбек Шымбергеновтің қолына тиді. Сөйтіп, Жамбыл бокс мектебінің жарық жұлдызы Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасының алауын жақты. Ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласып, «МузАрт» ансамблі, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Мақан, Әсел Уашева, Дархан Қабыл әуезді әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, Спартакиада бағдарламасына енетін 27 спорт түрінің 3 спорт түрі бойынша жарыстар Тараз қаласында өтеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ, Нұржан ӘЛІШ, Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар