Бақытты бала мекені
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Март» сауда,ойын-сауық кешенінде «Мен бақытты баламын!» атты мерекелік кеш өтті.Мерекелік кештің мақсаты – ойын-сауықта өлең айтып,би билеу арқылы демалыстарын кітап оқумен байланыстыра отырып,кітапхана қорындағы кітаптарды насихаттау болды.
Кешті балалар жазушысы Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының сүйікті кейіпкерлері Қожа,Жанар және Сұлтан жүргізді.Мерекелік іс-шара бүлдіршіндердің көңілді билерінен басталды.Балақайлардың көңілін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бағдарламаның құрамында сиқырға,құпияға толы қойылым да болды.Сонымен қатар,облыстық драма театры «Кристофер Робин,Винни Пух и его друзья» атты қойылымы арқылы балақайлармен бірге ертегі әлеміне сапар шекті.Кеш қатысушылары «Айдындар» би ансамблі мен «Айжұлдыз» өнер студиясының бүлдіршіндері ән мен биден шашу шашып кешті көркін келтіре түсті.
Балалардың қатысуымен «Әріптер сөйлейді» интеллектуалды ойыны ойнатылып,белсенділік танытқан жасөспірімдерге сыйлықтар,ал барлық кішкентай көрермендерге тәттілер мен балмұздақ таратылды.Мерекеге орай, «Март» сауда,ойын-сауық кешенінің әкімшілігі атынан «Динопарк» пен «Мұз айдынына» тегін кіру сертификаттары таратылды.
Әуесбек Анар Мұратбекқыы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті
Келесі мақала