АЛАШ ТАҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТІЛ ТАНЫМЫ
«Алаш қозғалысы» – қазақ елінің саяси-қоғамдық және рухани-мәдени өрлеуіне айрықша ықпал еткен үлкен тарихи оқиға. Ол қалыптастырған зиялы қауым өкілдерінің қазақ тілі жөніндегі, тіл мәртебесін айқындау бағытындағы күрескерлік қызметтері тағылымды мұра болуымен құнды. Ұлт зиялыларының тіл мәселесі төңірегіндегі еңбектерінің маңыздылығы олардың елдік істе қайраткерлігін көрсетсе керек. Ана тілінің мәртебесін көтеру, оны сақтап қалу жолындағы Алаш ардақтыларының жанкешті еңбектерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.
Алаш зиялыларының тіл мәселесі төңірегіндегі ізденістерін бірнеше бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, олар қазақ тіл білімі ғылымының негізін қалап, сан ғасырлық тарихын түбін қопара зерттеп, оның қалыптасуына сара жол салды. Екіншіден, тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркендеуіндегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш баға берді. Үшіншіден, қазақ тілді баспасөзді қалыптастыра отырып, әдеби тілдің публицистикалық жанрын тудырды. Төртіншіден, ғылыми еңбектері, оқу құралдары арқылы ғылыми стиль, ғылыми-көпшілік стиль компоненттері орныға бастады. Бесіншіден, көркем аудармамен бірге ғылыми, публицистикалық, саяси-әлеуметтік еңбектерді аудара отырып, олар жалпы қазақ аудармасының негізін жасады. Алтыншыдан, Алаш қозғалысы тұсында ресми құжаттар стилі қалыптастырылды.
Қазақ тіл білімінің өзекті проблемалары, арнаулы салалары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермековтің оқу құралдары мен мақалаларында түбегейлі дәйектелді. Олардың қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынборда өткен тұңғыш съезд айқындап берді. Осы тарихи маңызы жоғары алқалы жиында сөз сөйлеген А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлының баяндамалары, Т.Шонанұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлының сөйлеген сөздері, білдірген пікірлері тілтану ғылымы мәселелерін шешуде алаштық азаматтардың өзіндік қайталанбас рөлін аңғартқанына тарих дәлел. Бұл жиында басты назар әліпби, емле тақырыптарына аударылғанымен, тіліміздің болашағына қатысты ойлардың туындауына әкелді. Қазақ тілінің ұлттық мәртебесін көтеру басты назарда тұрды.
Қазақ тілінің әліпбиін жасап, емлесін түзумен бірге Алаш зиялылары тіл тазалығы, тіл мәдениеті жолында күрескерлік танытты. М.Дулатұлының «Қазақ тілінің мұңы», Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», Н.Төреқұлұлының «Ауропа сөздері» деп аталатын еңбектерінде тіліміздің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, басқа тілдердің әсері, тіл табиғатының сақталуы, т.с.с мәселелер айтылып, ғылыми еңбектердің тууына ықпал етті.
ХХ ғасырда ұлт тәуелсіздігі жолында күрескен Алаш арыстары ұлттың саяси ұйысуындағы, рухани-мәдени өрлеуіндегі тілдің айшықты рөлін байыптады. Демек, біз бұдан тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту деген мәселелер күні бүгін пайда болмағанын аңғарамыз. Алаш қозғалысының үні болған «Қазақ» газетінің ең алғашқы сандарының бірінде А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екенін алғаш аңғартты. Өз ана тілінде сөйлеу, тілін білу ұлттық іргелі мәселе екенін Алаш зиялылары бізге мұра етті.
Олар ана тілін ұлт болмысының басты бөлшегі ретінде қарастыра отырып, әсіресе, кейінгі ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылықпен қарады. «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуы тиіс» деген Байтұрсынұлы сөзі ұлт тағдырына қатысты аса сақтықтан туған ғибратты ой, ұрпаққа аманат болатын. Енді ғана есін жинап, барын түгелдей бастаған тұста мәдениетті деген жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап жүріп, сөз сарасын өзге сөзбен қойыртпақтап, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, тіпті мүлдем айырылып қалмау үшін ұлт ұстазы әр қазақ ана тілінің бағбаны, сақшысы болуға тиіс екендігін ескертті. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керектігін бір ғана әйгілі «Әдебиеттанытқышы» арқылы іске асырды.
Ұлтты біріктіретін, халықты сақтап қалатын да туған тілі екенін ұғынған өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірегейі Мағжан Жұмабаевтың тіл тақырыбына қалам тербеуі - заман мен уақыт қажеттілігінен туған өрелі іс, ұлағатты қадам. Әрине, Мағжанның тіл төңірегіндегі ой-пікірлері жалғыз өлеңдерінде ғана емес, ғылыми мұрасында да кездеседі. Тілдің әлеуметтік-психологиялық, философиялық астарына терең үңілу, себеп-салдарын ашып көрсету ақын шығармашылығына тән үрдіс. Мағжан Абай салған реалистік дәстүрден үлгі ала отырып, өлеңдерінде ана тілінің өзекті тұстарын сөз етті. Ол заманда елді, жерді, тілді қорғау ұлтшылдық сипат ретінде қабылданып, сол кездегі бірсыпыра оқымыстылардың өміріне айтарлықтай қауіптің төнгені де рас. Алайда Мағжан бойында қасық қаны қалғанша халқының құндылығын, тілін, ділін, салт-дәстүрін жоғары бағалап, осы жолда табанды күрес жүргізе білді. Оның қаламгерлігіне күш-қуат дарытқан да өзінің ана тілі, соның қадір-қасиеті еді. Мағжан - өз замандастары сияқты қазақ тілінің тағдырына, әдебиетіне де қатысты құнды пікірлер қалдырған, азаматтық, әлеуметтік тұрғыдан өте терең мән берген ақын. Мағжанды қоғам мүддесін жоқтаушы ретінде де танып, бағамдаудың үлкен мәні бар. Бірақ осы тұрғыдан баға беру бізде әлі өз шешімін таба қоймаған сыңайлы. Көбінесе ақын ретінде даралап көрсетумен шектелудің Мағжанның қоғамдық ой-пікірлерінің мәнін тануды назардан тыс қалдыруға әкеліп соқтыратынын айта кетудің еш артықшылығы жоқ. Мағжанның аз да құнды ғылыми мақалалары бар, солардың ішінде де қазақ тілі мәселесіне қатысты пікірлері терең талдауды қажет етеді. Кез келген ақынды түсіну үшін оның қоғамдық ой-пікірімен бірге біртұтас әлем ретінде танудың мәні зор. Бұл ұлттық сананы оятатын, соған қозғау салып түрткі болатын батыл пікірлерінің астарлы ақиқатына жетуге талпыныс жасау болып саналады. Мағжанды қайта тану деген сөз автордың сөзіндегі мәнділік бастауларды қайта саралау, санамыздың сүзбесінен өткізіп, жаңаша бағамдау деген сөз. Мағжанның тілге арнаған өлеңдерімен қазақ руханиятының өзегі болып табылатын қазақ тілін ұлттық санада жаңғыртып отыруды көздегені анық байқалады. Сондықтан қазақ тілі туралы айтқан Мағжанның ой-пікірлерінің құндылығы мынада деп білеміз: ақынның өмір сүрген заманында «қазақ» сөзінің тағдырын ашық көрсетуінде. Мағжанның «Қазақ тілі» атты өлеңінде ол: «Алтын күннен бір бағасыз белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың» - деп тебіренеді.
Мағжанның «Қазақ тілі» өлеңіндегі «жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім, Таза өткір күшті кең тілім» деп айтқанының астарында қазақ сөзі, сөйлеу мәдениеті тағылымындағы әлеуметтік сұраныс тудырып тұрған көкейкесті мәселесі бүгінгі күнде де өз құндылығын арттырмаса кемітпейді. Қазіргі мемлекеттің ұлттық мәні де, егемендіктің басты белгісі де ұлт тілінің қоғамдық қызметінде көрініс табуы. Мағжан айтқан еліміздің өткен күні мен болашағының бәрі тілінің өміршеңдігінде деп пайымдаумен қатар түйіседі. Оның басты ақиқаты Мағжанның ғасыр басындағы айтқан ғылыми-танымдық ойлары мен терең мәнді сөздері осы ғасырда да өз маңыздылығын жойған жоқ және жоймақ емес.
«Қазақ тілі» өлеңінде Мағжанның ұлтжанды ұстанымы мен тарихи-әлеуметтік жағдайлардың ащы шындығы, соның ішінде ұлт тілінің тағдырына қатысты шындықтың бар ақиқаты көрініп тұрғаны анық. Өлеңдегі «Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім» деген өлең жолдардан ақынның гуманистік, демократтық, ұлтшыл әрі ел сүйгіштік қасиеттерінен оның нағыз ұлттық болмысын байқауымызға болады. Ақынның әлемге тарыдай шашырап кеткен қазақ халқының рухын байланыстыратын тілі деп түсінуі де оның қайраткерлік қызметін айқындайды.
Алаш қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі, көрнекті ақын, педагог-ғалым М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» деп аталатын іргелі еңбегіндегі «Тіл», «Тілдің адам өміріндегі һәм ұлт өміріндегі орны» деген мақалаларында бірқатар өрісті ойларды қозғайды. Ақынның «Қазақ тілі» деген өлеңі де идея тереңдігімен айрықша орынға ие болды. «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілінің болу. Ұлт тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» деуі тіл мәселесіне салғырт қарамау керек деген ойдан туындағанын аңдаймыз.
Ал «Мектеп қай тілде болу керек?» деген ойлы сауалмен көптің назарын аудартқан Қошке Кемеңгерұлы өз мақаласында ұлт мектептері, ұлт мәдениеті деген мәселені көтерді. Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Ол орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басудың қажеті болмай қалатындығын ескертті.
Білімді саналы түрде меңгертудің қолайлысы көрнекілік деп түсінген Қ.Кемеңгерұлы оқу үрдісінде фонетиканы, грамматиканы оқыту үшін көрнекіліктің бір түрі – грамматикалық кестелерді, мәселен, септік жалғауларының әрқайсысын жай септеу мен тәуелді септеу үлгісін, есімдіктердің септелу үлгісін, етістіктің шақ, рай категориясын оқытуда қолданған. Жаңа сөз тудыру негіздерін түсіндіргенде оның ішінде сөздің морфологиялық белгілерін, сөз таптарын өтуде әрқайсысының жұрнақтарын, оның мағыналық қызметі мен айырмасын тіл үйренушілерге саналы меңгерту үшін көрнекілік әдісін көбірек пайдаланған. Қазіргі таңда әдістемеде кеңінен қолданылып жүрген қатысымдық әдіспен оқытуды Қ.Кемеңгерұлы да іске асырып отырған. Қ.Кемеңгерұлының ұстанымы бойынша, оқыту әрекеті мүлде басқаша құрылуы тиіс, яғни оқыту әрекетінде барлық оқушы толық қатыса алатындай, оқи алатындай болып құрылуы керек. Оны әдіскер «сөйлеу жолы» деп атаған.
«Тілші қайдан шығады?» деген сауалға да: «Тілші елді жан-тәнімен сүйген кісі болу керек. Елді сүймесе, өз ісіне қатынасы жоқ қиянаттардан тартыншақ болады. Елді сүйген тілші елдің ел болуын арман қылады» дей келе, тілші сөзінің қазақтың өз тілімен жазылуын, ел тілімен жазылуын және емлемен жазылуын шегелеп айтқан.
Әліпби мәселесіне қатысты қазір ескерілмей жатқан көп мәселенің басын да осы ел оқығандарының тұжырымынан бір түйін шығармасқа болмас. Мәселен, Х.Досмұхамедұлының «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деуге болады» деген сөзі – жаңа әліпби түзуде қаперге алынатын басты қағидаттардың бірегейі.
«Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі қор қате...» деген Х.Досмұхамедұлының пікірі ұлт тілінің ұлық қасиетін меңзеп тұрғандай.
Ал М.Дулатұлы «Қазақ тілінің сарфы» деген мақаласында А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» еңбегіне талдау жасай келе, «тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деген кемел ойын білдіреді.
Қазақ тілінің, оның ішінде халық тілінің, әдеби тілдің, тіл қолданысының мәселелері М.Әуезовтің ғылыми мұрасынан да ерекше орын алады. «Ана тілі, әдебиетін сүйіңдер!» деп мықты азаматтық ұстанымды басшылыққа алған ол: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды», - деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Бұл - ұғына білген адамға ойлы сөздер.
ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Міне, бүгінде қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы іске асты.
Тіл – ұлттың жаны. Тексіздік тілсіздіктен басталады. Тіл – елшінің қаруы, ойдың шындығы. Ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденің рухынан қасиетті және мәңгілік ештеңе жоқ. Дүниенің тұтқасы да сол рух. Ал рух еркіндігінің көрінісі рухани мәдениетінен, өнерінен, әдебиетінен, оның тілінен байқалмақ. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен ел оқығандарының тіл тағдырын сөз еткен ой-пікірлері бүгінде бір арнаға тоғысты. Әр қазақ ана тілінің мәртебесін көтеруде, ұлт тілінің тағдырына қатысты мәселеде көшбасшылық танытуға тиіс. Сонда ғана біздің тіліміз мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналары хақ.
Ғалия Абдыханова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы
Келесі мақала