ӨР МІНЕЗДІ ӨРТ СӨНДІРУШІ
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі өрт сөндіруші қызметі қателікті мүлдем кешірмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда отқа да, суға да түседі. Сала мамандарының санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық, әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.
Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі қызметін атқаратын Нұртай Искаковты бейбіт күннің батырларының қатарына жатқызуға болады. Онымен әңгімелесу барысында қызметтік міндетін атқару кезінде бастан кешкен оқиғаларын естіп, «Қазақтың батыр оғландары осындай болуы керек» деген ой түйдік. Басын қауіп-қатерге тігіп, өзгенің өмірі үшін арпалысқан өрт сөндірушіге елдің айтар алғысы шексіз.
Оқиғаны қысқаша баяндасақ, осы жылдың сәуір айында Сарысу аудандық полиция бөлімшесінің жедел кезекшісі С.Бихожаев Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудандағы №6 үйдің шатыры өртеніп жатқандығы туралы №16 өрт сөндіру бөліміне хабар береді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін сол күні кезекшіліктен шығып, үйіне келіп демалмақ болған Нұртайға жұмыс орнынан «жедел жет» деген хабарлама келеді. Кейіпкеріміз ойланып жатпастан өз міндетін атқару үшін өрт шыққан ғимаратқа аттанады.
– Оқиға орнына барсам, жалын өршіп бара жатыр екен. Сол жердегі бастығымыз ғимараттың 4-подъездіне кіріп тілсіз жауды ауыздықтап, таралудың алдын алуымыз қажеттігін айтып, нұсқау берді. Қасымда Заңғар Бекбергенов деген әріптесім бар еді. Екеуміз қажетті құрал-саймандарымызды қолымызға алып, талап етілген тапсырманы орындауға кірісіп кеттік. Біздің міндет – сол 4-подъездегі секунд сайын өршіп бара жатқан өртті сөндіріп, өзге маңға таралмауын, адам шығынын болдырмауды қамтамасыз ету. Әйтсе де ісімізге кедергі келтірген біраз жайттар болды. Әсіресе желдің бағытына қарама-қарсы тұрғанымыз әжептәуір қиындық тудырды. Шашқан суымыз артқа қарай бүркіп, біраз жан түршіктірерлік оқиғалар орын алды. Бірлесе атқарған жұмыстың, кәсіби біліктілігіміздің арқасында тілсіз жаудың көзін жойдық, – дейді кейіпкеріміз.
Ұйымшыл ұжымның еңбегінің арқасында өрт толық сөндіріліп, аталған үйдің 4-подъезінің тұрғындары қауіпсіз аймаққа шығарылған. Соның арқасында өрттен зардап шегушілер болмаған. Басын қатерге тіккен өрт сөндірушілердің сол кездегі іс-әрекеті мен еңбегі бірдей десек те Нұртайдың жүректілігін ерекше айтып өткен жөн. Оның үлкен көлемді өртті дәл ортадан бөліп су шашып өшіргендігі көзсіз батырлық. Каскасы күйіп, бетін қызыл жалын шарпып, түтінге тұншығып, денесі ыстықтан күйгеніне қарамай, өзге қосымша күштер келгенше дұрыс әрекет етіп, әрі батыл шешімдерді дер кезінде қабылдаған кейіпкеріміздің ерлігі қаһармандықпен пара-пар. Өз өмірін қатерге тігіп, қанша адамды өрттің жалынынан арашалап қалған өрт сөндіруші жергілікті тұрғындар үшін нағыз батырға айналған.
– Шыны керек, өрт сөндірушілерге айтылар сын көп. Қауіпсіздік ережесін сақтамаған тұрғындар, дүние-мүлкі отқа оранған соң бәріне өрт сөндірушілерді айыптап жатады. Уақтылы келмейді, қызмет барысында жауапсыздық танытады деген сыңайдағы теріс пікірлермен мүлдем келіспеймін. Қолдарынан келгенінше бар мүмкіндіктерін жасайтын олардың ажалмен бетпе-бет келгенін сезінбейтін де секілді. Жақында орын алған оқиға жалын жауынгерлерінің қызметі нағыз жүректілердің жұмысы екенін тағы бір рет танытты. Өрт шыққан жерде жүрдік, бет қаратпас жалынмен қалай арпалысқанын өз көзімізбен көрдік. Әсіресе Нұртай Тілектесұлының ерлігі айқын көрінді. Өзі жарақат алғанына қарамастан өз жұмысын соңына дейін атқарып шықты. Аяқ астынан төнген қатерге қарсы шыға білетін Нұртайдай батырлар барда халықтың көңілі тыныш. Сол үшін өрт сөндірушілерге жаңатастық тұрғындардың атынан алғысымды білдіргім келеді, – дейді белгілі айтыскер ақын Алик Бекмұсаев.
Бір сәт көз алдыңызға өртке оранған тұрғын үйді, жан-жағына қауіп төндіріп, алаулаған жалынды елестетіп көріңізші. Жалын ішінде балалардың қалып қойғанын ойлау өте ауыр емес пе?! Міне, Нұртай Тілектесұлы таңдаған мамандық осындай қиыншылықтармен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын-алу мен болдырмауды талап етеді.
Кейіпкеріміз Сарысу ауданының тумасы. Отбасындағы 6 баланың үшіншісі. Қарашаңыраққа ие болар жалғыз ұл. Солай бола тұра әкесі ошақтың отын түтетіп, ізін жалғайтын жалғызының мұндай қауіпке бас тігер мамандықты таңдауына қарсылық танытпапты.
Нұртай Тілектесұлы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша білім алған. Мектеп бітіргеннен соң, яғни 1996-1998 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген. Әскерден келгеннен кейін Тараз қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қызметке орналасады. Бірде Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөліміне іріктеу жүріп жатқанын естиді. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, емтихан тапсырып көреді. Бағына орай іріктеуден сүрінбей өтіп, қызметке қабылданады. Осылайша бала кезден әскери қызметкер атануды армандаған жігіт мақсатына жетіп, өрт сөндіру саласына келеді. Осы қызмет орнында аянбай он жыл еңбек етеді. Туған өлкесіне тек 2014 жылы қайта оралады. Тәжірибелі құтқарушының қызмет жолында қаншама рет тілсіз жаумен айқасқа түскендігін нақты айту қиын.
Нұртайдың сөзіне қарағанда, қызмет барысында өрт сөндіру көлігі жүргізушісі де айрықша рөл ойнайды. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі деген мамандық бір қарағанда қарапайым шофер кәсібінің иесі сияқты болып көрінгенмен, оның атқарар міндеттерінің өзі жауапты әрі күрделі. Оның қызметі – тілсіз жаумен шайқасқа түсуге асыққан құтқарушы сарбаздарды оқиға орнына тез әрі аман жеткізуден бөлек, шұғыл әрі батыл қимылдау нәтижесінде өртке оранған ғимараттағы от жалынмен арпалысып, қызметтік көлікті дұрыс басқару арқылы қажетті қимыл-әрекеттерді орындап, шапшаң өртті сөндірумен қатар, адамдарды қауіптен аман алып қалуға бағытталған әрекеттерді жасау сияқты толып жатқан міндеттерді атқарудан тұрады. Сондықтан да кейіпкеріміз өзі айтқандай бұл салада жеке адамды ұжымнан бөліп қарау әбестік.
Қызмет атқару кезінде өзін кәсіби сауатты және жауапкершілігі мол маман қарамағындағы қызметкерлерге ізетті, кішіпейіл. Қызметінде абыройлы.
Ерлігі және қаһармандығының дәлелі – оның кеудесінде тағылған орден, медальдары және ерен еңбегі үшін облыс, аудан атынан берілген марапаттары.
– Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы. Бұл салаға кез келген адам келе алмайды. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Қарамағымдағы қызметкерлердің бәрі де өз кәсібінің мықтылары. Ұжым болып бірлесе атқаратын жұмыс болғандықтан нақты біреуді жеке-дара бөліп қарай алмаймын. Десе де Нұртайды жауапты қызметкер, кәсіби маман ретінде бағалаймын. Ол секілді халықтың амандығын өз өмірінен артық қоятын мамандар аз, – дейді Жаңатас қалалық өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Самат Исмаилов.
Қазіргі таңда Нұртай жары екеуі 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасының отағасы. Қаупі мол болса да қызметіне жанымен берілген маман өз таңдауына ешқашан өкінбейтінін жеткізді. Адамдарға көмектесу, оларды құтқару, ел алғысын алу бақыт деп есептейді.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Осындай батыр ұлдармен ата-аналары мақтанса, мұндай ержүрек азаматтарды кішкентай балалары да мақтаныш санайды.
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!
А.Жаңабай