Тәртіп сақшылары теңбіл доптан тартысқа түсті
Жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері бұқаралық спорттан өзара кім мықтыны анықтады. Нақтылай түссек, тәртіп сақшылары бұл күні шағын футболдан бақ сынап, тартысты ойын өткізді. Сайыстың ашылу рәсімінде өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Еркін Нұрбаев сөз сөйлеп, әріптестеріне сәттілік тіледі.
Атап өтерлігі, бұл жарысқа облыстық ҚАЖ департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің қызметкерлерімен қоса пробация бөлімдерімен сондай-ақ сала ардагерлерінен қүралған бас-аяғы 7 команда қатысты. Ал, сайыс қорытындысына сай №67 мекеменің құрама командасы І орынға, №58 мекеменің намысын қорғаушы құрама ІІ орынға жайғасса, №59 мекеменің жігіттері үздік үштікті түйіндеді. Жалпы, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медаль пен қаржылай сыйлық табыс етілді.
Бұдан бөлек, №58 мекеме бастығының режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Р.Жаппаров жарыстың «Сұр мергені» атанса, А.Сукенов «Жеңіске деген жігері үшін», М.Сайлау «Үздік қақпашы», Ж.Түзелбек «Үздік қорғаушы» атағына қол жеткізді.