Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мен атаммен мақтанамын

Мен атаммен мақтанамын
ашық дереккөз
Мен атаммен мақтанамын
Біз – бақытты жандармыз. Бейбіт заманда, тыныш күнде өмір сүріп жатырмыз. Әркімге де осы бейбіт күннің құны қаншалықты қымбат екендігі белгілі. Осы үшін де майдангерлерге шексіз алғыс айтамыз. Ұлы Жеңіс өздігінен келген жоқ. Еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығы ата-бабаларымыздың арқасында орнады. Біз тек қана соғыстың жамандық пен қорқыныш алып келгендігін білеміз. Ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында қазіргі ұрпақ бақытты күн кешуде. Осы шағын мақаламда майдангер Төлеуқұл Байдалиев атам туралы сөз қозғамақпын. Менің апамның айтуынша, апамның әкесінің балалық шағы ашаршылық кезеңімен қатар келіп, жастайынан тағдырдың кермек дәмін татқан атам еңбекке ерте араласқан екен. Сұрапыл соғыс басталған уақытта ол әскер қатарында болған еді. Соғыстың алғашқы күнінен бастап әскери қолбасшы, генерал-полковник Чайковтың 8-гвардия әскерінің құрамында неміс басқыншыларына қарсы ауыр шайқастарға қатысты. Варшава, Кенингсберг, Берлин қалаларын азат етуге қатысқан ерліктері үшін омырауына «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін және «Ерлігі үшін», «Әскери еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 9 мамыр – Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, 1947 жылы туған ауылына аман-есен оралды. Сол кездегі ауданымыздағы іргелі шаруашылықтың бірі, «Жамбыл» атындағы ұжымшардың мүшелігіне қабылданып, құрылыс бригадасының басшылығын қолына алды. Жұмыс барысында ұйымдастыру қабілеті мен іскерлігін таныта білді. Зейнет жасына шыққанға дейін №3 комплексті өндіріс бригадасының бригадирі қызметін атқарды. 70-жылдары қант-қызылша шикізатын мемлекетке өткізу міндеттемелерін асыра орындағаны үшін ұжымның басқармасы тарапынан «Москвич 412» жеңіл автокөлігі сыйға берілген. Майдангердің жұбайы Панура апам – төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Ол Ақыртөбе ауылдық тұтынушылар қоғамы мекемесінде сатушы, балабақшаның меңгеруші қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Төлеуқұл атамның ортаншы баласы, құрылыс маманы Жарылқасын Толеуқұловтың ұйымдастыруымен Шолаққайыңды ауылында ҰОС-ның ардагерлері мен майдан даласында құрбан болған боздақтар және тыл ардагерлерінің аты-жөндері мәрмәр тасының бетіне жазылған ескерткіш тұғырына орнатылды. Атам қиын-қыстау күндері қолына қару алып, Отанын қорғап, ел мен жерді сүюдің асқан үлгісін көрсетті. Осы жандардың өмірлік жолы бүгінгі жастар үшін таптыртпайтын үлгі-өнеге, ұмытылмас сабақ болары сөзсіз. Сол бір сұрапыл жылдарда басын бәйгеге тігіп, бейбітшілік үшін күрескен майдангерлерге өскелең ұрпақтың мәңгілік құрметпен қарары анық. Әрбір адам осындай ерліктің, батылдықтың оңай шаруа емес екендігін түсінеді. Сондықтан да ата-бабаларымыздың ерлігі елдің жадында, тарихта мәңгі сақталып қалмақ.

Айқын Құдайберген, Ақыртөбе орта мектебінің 8-сынып оқушысы, Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар