Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жат жерде қалды-ау сүйегің...

Жат жерде қалды-ау сүйегің...
ашық дереккөз
Жат жерде қалды-ау сүйегің...
Жас күнімізде әкем Смағұл біздерге құлаққа құйып алсын деген оймен көп естелік айтып отыратын. Сондай күндерде «Жұмажан деген ағамыз мол дәулет бітіп, бай болған адам. Өзі реңді болса да көпке дейін үйленбей жүріпті. Қыз таңдаумен жүрсе керек. Есігінде кісілер ұстаған. Ақтоғай Жаңаарықта біраз кісілер сол кезде Жұмажан ағамызға қызмет еткен. Кейін Тана деген шешемізге үйленіпті. Тана анамыздан Хасан, Бәшен, Жұматай, Жібек, Зүпін деген аға-іні, қарындас-апаларымыз туған. Жұматай жалындап тұрған жас кезінде қыршын кетті. Хасан Ұлы Отан соғысына қатысып, содан оралмады. Бәшен інім де соғысқа қатысып, аман-есен келді, Зүпін Сейітжан деген азаматпен тұрмыс құрды. Өсіп-өнді. Жібек қарындасым Әбдікей Нұрпейісов деген азаматпен отау құрып, үбірлі-шүбірлі болды» деп әңгімені әріден қозғап, ашаршылық және соғыс жылдарындағы қиындықтар туралы сөз қозғаушы еді, жарықтық.

Ана аманаты

Зүпін апамыз үнемі бауыры Хасанды еске алып отырады екен. Өйткені ол отбасын құрмай, соғысқа алынып, содан қайтпай қалған. Қайтыс болғаны жөнінде де қара қағаз келмеген. Өлі-тірісі де белгісіз. Өмірден өткенше «Хасан қашан келіп қалар екен?» деп жүрегі алаңдап өткен екен. Ұзақ жыл Хасаннан хабар болмаған соң қызы Нағимаға: «Сен білімің бар, оқыған адамсың. Хат танисың. Ең болмаса Хасанның қай жерге жерленгенін біліп бер», деп жүріп өмірден өтіп кетіпті. Нағима тәте ана аманатын ойынан бір сәтке де шығармай, қазір 80 жастың маңайына келсе де үнемі іштей Хасан нағашысын іздеумен келген. Хасанның мәңгілік мекенін біле алмаған күйі бауыры Зүпін апамыз дүниеден озған. Нағима жиен тәтеміз ана аманатын алып қала берген. Хасан нағашысының өлі-тірісін білу үшін Қызыл Армияның Подольскідегі архивіне хат жазады. Одан да мардымды жауап ала алмайды. Ізденіп, Хасанға қатысы бар деген жоғарғы жақтағы мекемелерге хат жазуды ғұмыр бойы тоқтатпайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де нағашысын интернеттен іздестіруді жалғастыра береді. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, ақыры нағашысы Хасанның ерлікпен қаза тапқан жерін тауып, ана аманатын орындайды.

Өтелген парыз

Биыл Бәшен ағамыздың 100 жасқа толуына орай, Саудакент ауылында ас беретінін Қайрат інім хабарлады. Қайрат Бәшен ағамның екінші ер баласы. Үлкен ер баласы Алпамыс інім бұдан біраз жыл бұрын қайтыс болған. Жанұясы Тараз қаласында тұрады. Қайрат қазір Алматы қаласында тұрады. Жеке кәсіпкер. Жанұялы. Денсаулық жағдайымыздың көңілдегідей болмағанына қарамастан, өзімнен кейінгі туған інім Сайлыбай, келінім Несіпкүл үшеуміз Саудакентке жол тарттық. Ас өтетін жерге барған кезімде алдымнан Нағима тәтеміз кезікті. Амандық-саулықтан соң ол қолындағы сөмкеден бір бума қағазды алып, Хасан ағамыздың суретін көрсетті. «Бұл менің анам Зүпіннің аманаты еді. Мынау Хасан ағаларыңның суреті. Байқадамда Телбаев Айтқожа деген кісімен соғыста бірге болыпты. Мынау соғысқа барғаны жөніндегі қағазы. Ал мынау Қызыл Армияның әскери-санитарлық бас басқармасының жаралылар мен ауруларды көшпелі емдеу басқармасының ауру тарихын анықтау жөніндегі қайтыс болғандардың есеп санақ картасы. Бұл картада Хасан Жұмажановтың әскери госпитальға 1942 жылдың 7 мамырында ауыр жараланып түсіп, екі күннен кейін, яғни 1942 жылғы 9 мамыр күні қайтыс болғаны анық жазылған. Сонымен қатар майдангердің 1915 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Байқадам селосында туғаны, әскерге Ақтөбе қаласында оқып жүріп алынғаны, әскерде 596-атқыштар полкінде болғаны көрсетілген», деді әпкеміз. Осы құжаттарды көрсеткеннен кейін жиен әпкеміз Ұлы Отан соғысында қатысушыларға арналып ашылған ескерткішке ертіп барып, тақтадағы тізімге Хасен Жұмажановтың аты-жөнін қостырғанын айтты. Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымына барып, Сарысу ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысып оралмағандардың тізіміне атамыздың енгізілгенін жеткізді. Шіркін, аманатқа адалдық тек қана аналардың қолынан ғана келеді екен ғой деген сезімнің жетегінен бірнеше күнге дейін арыла алмай жүрдім. Нағима жиен тәтеме деген бауырмалдық қасиетіміз де арта түскен еді. Ол кісіге іштей ағамыздың жатқан жерін анықтап бергені үшін рақметімді айтумен болдым. Хасан Жұмажанов 1915 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. Ол жасынан пысық, еті тірі, ізденгіш, заман ағымын аңғарғыш, жігерлі жігіт болып өседі. Әкесі Жұмажанның бақ-дәулеті талапайға түсетінін алдын ала біліп, қызылдар келмес бұрын малдарын кедей-кепшіктерге таратып беруі оны көп ойға қалдырғаны анық. Ол жаңа үкіметтің талабына сай, заман ағымына бейімделу керектігін ерте сезді. Сондықтан оқу-білім керек екенін білді. Білгені сол, сонау Ақтөбе қаласына білім іздеп барып, есеп-санақ техникумына оқуға түседі. Оқуды үздік оқып, жора-жолдастары алдында зор беделге ие болады. Ұстаздар қауымы да оның білімділігі мен алғырлығына таңдайларын қағады екен. Фашистер Кеңес одағына соғыс ашқанда өзі оқу орнынан сұранып, майданға аттанған. Алғашқы оқу-жаттығу сынағынан өткен соң Қиыр Шығыстағы атқыштар полкіне барып, соғысқа кірісіп кетеді. Бұл 1942 жылдың бас кезі болса керек. Осы әскерде жүргенінде ол үлкен ерлік үлгісін көрсетеді. 1942 жылдың мамыр айының басында болған ауыр шайқаста қатты жараланып, осы жылғы 7 мамырда далалық госпитальға түседі. Екі күн өткеннен кейін 1942 жылы 9 мамырда госпитальда қаза тапқан екен. Жетпіс жылдан аса хабарсыз кеткен Хасан Жұмажановтың жерленген жері туралы дерек Нағима тәтеміздің тынымсыз ізденісінің арқасында табылды. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталары хақ.

Майлыбай СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қазақтың қайсар ұлдары
Алдыңғы мақала
Қазақтың қайсар ұлдары

Ұқсас жаңалықтар