Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақтың қайсар ұлдары

Қазақтың қайсар ұлдары
ашық дереккөз
Қазақтың қайсар ұлдары
Кейде өз-өзіме «Отанды сүю деген не өзі?» деп сұрақ қоямын. Бүгінгі ұрпақ осы қасиетті сөздің түбіне терең бойлап жүр ме? Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз – туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген атамекеніміз. «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» дейді халық нақылы. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру – әрбір азаматтың қастерлі борышы. Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген риуаят бар. Мағынасы «Отанды сүю иманнан» дегенді білдіреді. «Торғай екеш торғай да өз ұясын қорғайды» дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім жалпыадамзаттық асыл қасиеттерге жатады. Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған. Әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеген. Осы орайда ақиық ақын Мұқағалидың мына өлеңі ерекше: Отан! Отан! Сен болмасаң, не етер ем? Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем, Өмірден бұл өксуменен кетер ем. Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды, Отансыз жан өмірінде оңбайды. Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды, Тірі адамға – сол қайғы! Күн көреді, әкесіз де, анасыз, Өмір сүрер әйелсіз де, баласыз, Ал Отансыз – нағыз сорлы панасыз? Иә, ақиық ақын Мұқағалидан артық кім жырласын? Ақылды адам өз Отанын, өз халқын, өзінің туған жерін еш уақытта жамандамайды. Төбесіне көтереді. Отанына қарсы оқ атпайды. Ендеше өткен жылғы «Қасіретті қаңтар» кезінде қандастар неге бір-біріне оқ атты? Неге бірін-бірі өлімге қиды. Осы сұраққа күні бүгінге дейін құзырлы органдар тарапынан нақты жауап қайтарылмағанына түсінбей жүрмін. Сол бір қиын-қыстау кезеңде ел басына күн туғанда Отаны үшін кеудесін оққа тосқан Әулиеата өңірінің тумасы Дастан Әділбайдың бойына туған жерді сүю қасиеті әкесі Әділбай мен анасы Қатираның қанымен берілді ме деп те ойлаймын. Әкесі жарты ғасыр бойы құқық қорғау органы саласында мінсіз қызмет етсе, анасы ұстаз болып, ұлына Отанды шын сүюдің қасиетін дарытты. Бәлкім содан шығар, Дастан да бала күнінен ата-анасының айтқанын құлағына құйып, Құдайдай сеніп өсті. Дастан 1982 жылы қыркүйек айында Шу ауданында дүниеге келді. Ал оның ата-бабасының туған жері Талас ауданы, Қараой елді мекеніндегі Қызыл-жалау қонысы. Сондықтан да Әділбай қасына Жасұланы мен Дастанын ертіп, жыл сайын Шудан, Мойынқұмнан туған жерге, ата-әжелері жатқан Қызыл жалауға келіп, Құран бағыштап кететін. Сондайда: «Балам, сендерді ата-бабаның әруағы қолдасын», дейтін. Ұлттық тәрбие алған ұлдың ұлтын сүймеуі мүмкін емес. Содан ба екен, Жасұлан мен Дастан қазағын жанындай сүйіп, сол халыққа адал қызмет етеміз деп іштерінен ант беріп жүретін. Екеуі де құқық қорғау қызметін таңдады. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде Отаны үшін кеудесін оққа тосқан Дастанның көзсіз ерлігі антына деген адалдығында жатыр. Әйтпесе сол бір қасіретті күндері жауапты тұлғалар қызмет орындарын тастап, бас сауғалап, қару-жарақты ойы бөтен, пиғылы арам лаңкестердің иеленуіне жол берер ме еді. Опасыз жанның ғана Отанды сататынына әлі күнге дейін көзіміз жетпей жүр. Өкінішке қарай, өкіметке қарсы оқ атқандарды «батырға» теңеп жүргендер де бар. Отанды оқпен емес, махаббатпен қорғап, сақтаудың ең қасиетті парызы екенін ойға алмағанымыз өкінішті -ақ. 2022 жылдың 5-6 қаңтары күндері Тараз қаласында бейбіт митинг басталғанымен оның соңы қанды қасапқа айналады деп кім ойлаған. Әділеттілік талап еткен өрімдей жастардың арман-тілегін арамдыққа айналдырып жіберген содырлардың сұмдығын неге ертеден сезбегенбіз?. Сол күндері Тараз қаласындағы сойқанды әлеуметтік желі арқылы әркім-ақ көрген болар. Көрді әрине. «Қойындар» деп айтқандарды көп қоштамады. Бейкүнә жандарды арам ниеттілер өздерінің лас істеріне пайдаланды. – Біз, – дейді Дастанның әкесі Әділбай ақсақал көзіне жас алып, – Қазақстандағы жағдай туралы түрлі интернет каналдары арқылы естіп- біліп, жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Оның себебі де жоқ емес. Үлкен ұлымыз Жасұлан Шымкент қаласындағы Тұран ауданының прокуроры, Дастанымыз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінде Терроризмге қарсы орталықтың жетекшісі қызметін атқарады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі шені бар. Өсіп келе жатқан бозым еді. Соның алдында ғана хабарласқанымызда: «Әке, мен қызметім жоғарылап, Ақтау қаласына ауысатын болдым», деп қуантып тастаған. Дастаным Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясын бітірген соң Астана және Алматы қалаларында өз мамандығы бойынша адал қызмет етіп, үлкен беделге ие болған. Бірақ еш уақытта мен сондаймын деп көкірегін көтерген емес. Тіпті пендешілікпен қызмет жағдайы туралы сұрай қалсақ, «Әке, біздің қызметті білесіз ғой» деп әңгімені қысқа қайыратын. Сосын біз де ішімізден дұға етіп, екеуінің тілеуін тілеп отыратынбыз. Алланың жазуы шығар, асыл ұлымыздан қапияда ажырап қалдық. Қырғызстандағы достары арқылы хабар жетісімен анасы Қатира екеуміз ұшаққа мініп, елге оралдық. Өкініштісі сол, ауруханада жатқан Дастанымызбен бірауыз да тілдесе алмадық. Өзім органда жұмыс істеген адаммын ғой. Басшылығынан талап етіп, бейнежазбаны бірнеше мәрте көріп шықтым. Сотқарлар облыстық ішкі істер департаментін, «Amanat» партиясының ғимаратын, тағы басқа нысандарды қиратып, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кеңсесіне шабуылдаған. Мұздай қаруланған содырлар ғимаратты алуға екі мәрте талаптанған. Жауапкершілікті мойнына алған Дастаным өзінің бағыныштыларымен түнгі сағат 02:00 және 03:00 шамасында содырларға тойтарыс береді. Жауыздар қару-жарақты облыстық ішкі істер департаментінен алған деген дерек те бар. Бейнежазбадан бүлікшілердің жеңіл көліктермен әрі-бері зуылдап жүргендері де айқын көрінеді. Таңғы сағат 05:00 шамасында содырлар үшінші мәрте шабуылдайды. Пенделікке салынса, Дастаным жауға қарсы орынбасарлары мен қызметкерлерін жұмсап, өзі кабинетінде тығылып отыра беруіне де болмай ма? Жоқ, ол қаруластарын өлімге айдап салуға бармады. Қаруын алып, оларды айқасқа өзі бастап шықты. Бірақ ол оның соңғы шайқасы екен. Дәлдеп атты ма, жоқ бораған оқ қаңғып келіп тиді ме, Дастаным есі ауып құлап бара жатты. Оқ тура шатына тиген. Осы сөзді айтқан Әділбай көзіне жас алды. Әрине, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады деп мәз болып жүргенімізде сыртқы жаулар емес, іштегі дұшпанның оғынан қапияда қаза тапқан ұлының қазасы әке-шешеге оңай дейсіз бе? Дастанның отбасында аңырап келіншегі, жаутаңдап төрт балапаны қалды. Дүниеде адам баласына ең жақыны, ең қымбаттысы – ана. Қатира анасы да сол сұмдық сойқаннан кейін бір жарым жыл уақыт өтсе де көкірегі қарс айырылып, көзіне мөлтілдеп жас келеді. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, әрине. Мемлекет те Дастанның ерлігін бағалап «Айбын» орденімен марапаттады. Облыс басшылары, өзі қызмет жасаған департамент басшысы көңіл жұбатарлық сөздер айтқанымен Дастаны қайтып келмейді. Оны екеуі де жақсы біледі. Сонда баррикаданың екі жағында бір-біріне жау болып, бірін-бірі атқаннан кім ұтты, кім ұтылды? Әрине, екі жақ та. Осының барлығы Отан деген қасиетті ұғымды ұғынбағаннан шықты-ау деймін. Әділбай мен Қатираның арманы енді қазақтың баласы бір-біріне қару кеземесе екен дегенге саяды. Болатын елдің баласы бірін-бірі «батыр» деп өссе дейді. Бөтен жұртқа таба болмаса дейді. Дастансыз өткен бір жарым жылда оның ерлігі жазылған стела Тараз қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратының алдында тұр. Жақында ғана Тектұрмас қорымының маңайына Отан үшін отқа түскен екі батырдың, біздің кейіпкеріміз Дастан Әділбайұлы мен өткен жылы Тараз қаласынан отыз шақырым жердегі қару-жарақ жарылысы кезінде көзсіз ерлік жасаған Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың құрметіне «Ерлігі ел есінде» деген Алау оты пішіндес екі стела орнатылды. Ендігі айтарымыз: Дастан бірінші сыныпқа Мойынқұм ауданындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке барып, 6-сыныптан бастап Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепті тәмамдады. Екі оқу орны да заманымыздың батырының есімін ұлықтап, арнайы бұрыш жасаса деп ойлаймыз. Отанды сүю деген бір сәттік ұғым емес. Тәуелсіз Қазақстанның батырларын ұлықтауды үйренуіміз керек. Олар жайлы көбірек жазып, деректі фильмдер түсіріп, жас ұрпаққа үлгі етуді қалыптастырғанымыз жөн. Отанды оқпен емес, таза махаббатпен қорғауды үйренсе, онда қайғы-қасірет те болмайды. Жалған ұранмен Отанды сүйіп, ұшпаққа жете алмайтынымыз анық. Осындайда Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген аталы сөзін баталы сөз деп ұғайық, ағайын! Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар