Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР
ашық дереккөз
ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет 1949 жылы 20 мамырда Жуалы ауданының Бақалы ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Көктөбе орталау мектебінде бастауыш, орталау білім алып, 1966 жылы Қайрат ауылындағы №2 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Жоғары сыныптарда оқып жүрген кезінің өзінде Жуалы аудандық «Жаңа өмір», «Қазақстан пионері» басылымдарына мақала жазып, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіре білді. Жазуға деген құлшыныс Мақұлбек Қайыпбекұлын Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Журналистика» факультетіне жетелеп апарады. Факультет деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлтжанды ұстаз Темірбек Қожакеевтен білім, тәлім-тәрбие алып, үлкен өмірге жолдама алады. Көкемнің журналистика мамандығын таңдауына, қызығушылық сезімінің оянуына көп септігін тигізген бауыр-ағасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Болатбек (менің әкем) еді. «Қонақ шақырсаң, көңілің өсіп тұрады» дегендей бірде Мақұлбек көкемнің Тараздағы үйінде қазақ руханиятының айғайшысы Шерхан Мұртаза, үлкен ғалым, абайтанушы ұстаз Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, қазіргі Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев секілді сыйлы қонақтар отырғанда: «Менің журналист болуыма бағыт-бағдар сілтеген Болатбек ағам еді. Өзі дәуір тынысына сай басылымға мақала жазып, авторы ретінде мені көрсететін» деп, таныстырған еді. Кейін Мақұлбек ағамыз Болатбек әкемнің көмегіне тағы да жүгінеді. «Тәте, енді қай бағытқа сілтейсіз?! Қазақстанда 3 жаңа облыс ашылды. Маңғыстау, Арқалық, Сарыарқа төсіндегі Жезқазған облысының қайсысын таңдайын?» деп, сауал тастайды. Ағасы көп ойланбастан қазақтың ұлы перзенті Қаныш Имантайұлының Жезқазғанына бағыт сілтейді. Жиырма жылға жуық уақыт «Жезқазған туы» (кейін «Сарыарқа») газетінде қызмет еткен жылдары өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, қалам қуатын көпшіліктің игілігіне жұмсады. Аймақтағы кен қопарған кеншілер, металлургтер, ауыл шаруашылығының басқа да сала үздіктерінің еңбек жолын, кісілік келбетін арқау еткен мақалалары мен очерктері Арқа журналистикасының алтын қоры десе де болады. Мақұлбек Қайыпбекұлы Сарыарқаның самал желімен тыныстап, мөлдір бұлақ, балдай күміс көлінің суын ішіп, ел-жұртпен тіл табысып, «Арқа» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Орталық Қазақстанда 20 жылға жуық қызмет істеп, 1991 жылы туған топырағына қайта оралады. 1991-2004 жылдары Мақұлбек Рысдәулет республикалық «Халық кеңесі», «Заң» газеті, «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, 2004-2010 жылдары Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Жамбыл облысында еңбек еткен жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде Талас ауданындағы газ-кен орнын игеру туралы үзбей мақалалар жазып тұрады. Талас өңіріндегі «Амангелді» кен орнын игеру ел байлығын арттыратынын дәлелдей білді. Елеулі еңбегі үшін Талас ауданының Құрметті азаматы атанды. Мақұлбек Рысдәулеттің барлық публицистикасын оқи отырып, қаламгердің білімділігі мен біліктілігіне тәнті боласыз. Тәуелсіздіктің салтанат құруын айшықтайтын материалдарынан сіз мұны жазбай танисыз. Экономикалық қарым-қатынастың үзілуі, бір қоғамдық формациядан екінші құрылымға бет бұру елімізге ауыртпалық әкелгені белгілі. Айлар, тіпті жылдар бойы жалақы, жәрдемақы, зейнетақы алмағандар толқып, кешегі күнін аңсағандар көбейді. Жаңатас кеншілері ереуілге шығып, Жамбыл теміржол стансасында қатынас тоқтады. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары жаңа саясаттың бетбұрысын түсіндіруде, насихаттауда алдыңғы қатарда болды. Әсіресе «Егемен Қазақстанның» даусы ерекше естіліп жатты. Мақұлбек Рысдәулеттің Тараздан жолдаған материалдарында халықтың жігерін жаныған, қайратын шар болаттай шыңдаған ерекше леп естіп тұратын. Сөзіміздің айқын дәлелі – «Амангелді» кен орнын игеруге арналған проблемалық мақаласы. Тез арада еліміздің оңтүстігін газ тапшылығынан құтқарудың, өзгеге тәуелді болмаудың маңыздылығын айтып, орынды ұсыныстарын жазды. Мақала жарияланғаннан кейін көп ұзамай жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, белсенділермен жиналыс өткізеді. Сонда Талас аудандық мәслихатының хатшысы болған Әбдірахман Әбдірасылов Премьер-Министрге Талас ауданындағы газ орнын игеру туралы сауалын қояды. Үкімет басшысы мақаланы оқығанын және облыс әкімі Серік Үмбетовтің де бұл жөнінде айтқанын айта келіп, «Кен орнын игереміз» деген болатын. Мақұлбек Қайыпбекұлы көтерген мәселені Шерағаң бастаған депутаттар, облыс әкімі қостап, Елбасы пәрмен берген соң «Амангелді» газ кен орнын игеру жұмысы басталып кетті. Кен орнының ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаев арнайы келді. Сол сапарында Елбасы Н.Назарбаевтың Мақұлбек Рысдәулет пен «Знамя труда» газетінің сол кездегі бас редакторына сұхбат бергені есімізде. Жамбыл облысының Жамбыл ауданын сумен қамтамасыз етіп отырған Жуалыдағы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы 143 миллион текше метр су сақтайды. Бөгеті қатты дауылдарда зақымданып, Тараз шаһарына, талай өзен аңғарындағы елді мекендерге қауіп төндіргенінен хабардар болған Мақұлбек Рысдәулет шұғыл мақала жазып, дабыл көтеріп, мемлекет тарапынан 500 миллион теңге бөлдіртіп, бөгет қалпына келтірілген-ді. Халық санының өсуі үшін ана мен баланы аялай отырып, оларға қамқорлықты мемлекет тарапынан күшейту жөніндегі 1997 жылы ардақты ана Еркінкүл Сейдахметова жайлы жазған проблемалық мақаласы да ұзақ уақыт ел талқысына түсті. Ол жеті бала тапқан анаға «Алтын алқа», 5 бала тапқан анаға «Күміс алқа» беру туралы нақты ұсыныс жасады. «Егеменнің» сол ұсынысы кезінде Үкіметке жіберіліп, Елбасының қолдауымен бұл іс те баянды болды. Мақұлбек Қайыпбекұлының 15-тен астам кітабы жарық көрген. Сонымен бірге 10-нан астам ұжымдық кітаптарға очерктері мен әңгімелері, повестері мен хикаяттары, эсселері мен публицистикалық мақалалары енді. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», «Бақатерек», «Ән ғұмыр» сынды көркем әдеби кітаптары оқырмандарына жасаған тартуы. Мақұлбек ағамның рухани ұстазы Ш.Мұртаза әрқашан да алдымен адамның жан дүниесін, рухын байытуды алдыңғы қатарға шығаратын. Сондықтан да Мақұлбек Қайыпбекұлы соңғы жылдары осы тақырыпты тарихи құжаттар арқылы өрнектеп, шығармашылығының алтын арқауына айналдырған. Бұл туралы қазақтың белгілі ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көкемнің қаламдас әріптесі Ғалым Жайлыбай айтқандай оның шығармалары тарихпен тамырлас. Ол кейіпкерлерін қолдан жасамайды. Оның шығармаларындағы кейіпкерлерді өмірдің тыныс-тіршілігі тудырған. Сондықтан да оның шығармалары шынайы, халыққа жақын. Бұл жөнінде қаламгер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мейрамбек Төлепберген былай дейді: «Әр жылдарда жарық көрген көркем және деректі очерктері, Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас сарапшысы қызметі, осының бәрі о баста қазақтың құнарлы сөздері мен терең ойын, көрген-түйгендерін сөз өнері арқылы кестелеу, қаламгерлік қабілеттің шыңдалып піскен тұстары деуіміз керек. Әсте деректі шығарма нақтылықты қажет етеді. Құжаттық деректерден асып та кете алмайды. Сонысымен де қымбат», деп жазды Мақұлбек Рысдәулет туралы. Өмірінің соңғы жылдарында көкем облыстық мұрағаттың басшысы, кейін мұрағатшысы болып істеді. Өзімен ниет-пікірлес болған іні-досы ақын Болат Шарақымбай: Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға, Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға. Жақсының әрқашанда орны бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға! – дегендей, Мақұлбек ағам бос уақытын да босқа өткізбейтін сергек, аз ішіп-жеп, аз ұйықтайтын, еңбексүйгіш жан еді. «Мұрағат ісі мұзды мұхитқа кеме салғанмен бірдей», шаң-тозаң басқан мұрағат материалдарын молынан пайдаланып «Ерлік ұмытылмайды», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Жазықсыз жазаланғандар», «Мәңгілік ерлік», «Жамбыл облысына – 75 жыл» (жылнама – шежіре), «Жамбыл батырлары», «Майдан хаттары», «Жасампаз – 25 жыл», «Жамбылым қандай тамаша», «Мәдениет және өнер өрнектері», «Солдат жары», «Жуалы», «Тарихы терең мерейлі мекен», «Конфискация» кітаптарын бірінен іле екіншісін жарыққа шығарумен болды. Бұл кітаптардың барлығында облыс тарихы, жер-су аттары, тіл мәселесі туралы кеңінен айтылған. Оның бұл еңбектері өлкетанушылар үшін аса құнды. Сонымен бірге оның көптеген мақалалары республикалық, облыстық газеттерде тұрақты түрде жарияланып тұрды. Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек, Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп. Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес, Неше мың өтсе-дағы тарих білмек, – дегендей, Мақұлбек ағайымның еңбегі еленіп, оны Құрмет орденімен, ҚР Құрмет грамотасымен, ҚР Конституциясына – 10 жыл, Астанаға – 10 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл мерекелік медальдарымен марапаттады. «Парасат», «Парыз» сыйлықтарының лауреаты, қазақтың салт-дәстүр академиясының профессоры, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы атанды. Жұбайы Дәметкен мемлекеттік қызметкер болған. 2016 жылы дүние салды. Перзенттері Ботагөз, Нұрбек, Нұрқуаттан 8 немере сүйген. Осындайда ардагер журналист Болат Жаппарұлының Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулетке: Еңбек жолын Жезқазғанда бастадың, Аға газет «Егеменде» із тастадың. Рөлінде отырғанда «Ақ жолдың»-дың, Талай тарлан журналисті баптадың. Дұрыс болды бәрінен де архивтен, Тарихи құнды дерек тапқаның, – дегені еске түседі. Осы құттықтаудан 1,5 жыл араға салып Мақұлбек ағайым: «Өмір деген ойласам шолақ екен, Бір - біріне адамдар қонақ екен. Қызғалдақтай жайнаған қызық өмір, Қазан ұрмай, қар жаумай солады екен», дегендей 2019 жылы 11 қарашада өмірден озды. «Елді жазушылар мен журналистер танытады» дегендей, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай: «Өмірдің кеңге жайсаң керегесін, Көктейсің, жайқаласың, көгересің. Жуалының баласының құлағында Мақұлбек Рысдәулет деген есім» – деп, жырға қосса, енді сол арманшыл ұрпақтың көзайымы қылып аудандық, облыстық, республикалық ономастика комиссиясы Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулетке Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылынан бір көше атын берсе және өзі оқыған «Көктөбе» орта мектебіне ардагер азамат аты берілсе деген ниет-тілек бар. Ел-жұрт, халық қолдайды деп сенеміз. Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар