Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛНАМА

ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛНАМА
ашық дереккөз
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖЫЛНАМА
1922 жылдың 1 мамырында шаңырағын көтеріп, уығын нық қадаған облыстық «Аq jоl» газетінің жарық көре бастағанына биыл 100 жыл. Бір ғасырлық тарихында газеттің аты сан рет өзгеріп, көптеген жаңартулар мен жаңғыртуларға кезікті. Алайда газеттің аты өзгергенімен, мақсаты өзгермеді. Өңіріміздегі баспасөздің қарашаңырағы «Аq jоl» газетінің айтулы мерейтойына орай ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлының құрастыруымен жарық көрген «Шежірелі жылдар» жинағынан ата басылымның қысқаша тарихын «AR-AI» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмыз. 1922 жыл Жамбыл облыстық «Аq jоl» газеті 1922 жылдың 1 мамырынан бастап сол кездегі Әулиеата уездік Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыға бастаған. Төте жазумен 300 дана болып тарады. Газеттің алғашқы редакторы – Анна Владимировна. 1924 жыл «Кедей еркі» 1924 жылға дейін екі тілде, аптасына үш рет шықты. Бір жолғы таралымы 300 дана, барлығы 180 нөмірі жарық көрген. Уақыт өте келе оқырмандарының артуына байланысты осы жылдың тамыз айында тұңғыш рет таза қазақ тіліндегі дербес басылым – «Еңбек» газеті шыға бастайды. Таралымы 3 мың дана болған газеттің 224 нөмірі жарық көрген. 1930 жыл Елде жүргізіліп жатқан жаппай ұжымдастыру науқанының әсерімен газет аты кезекті рет «Колхозшы» болып өзгертілді. Таралымы бес мың данаға жеткен. Бұл кезеңде газет латын алфавитіне көшуді де насихаттады. Өз мақалаларын араб және латын қарпімен де беріп отырды. 1939 жыл «Колхозшы» енді КП(б)К Орталық Комитетінің Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру бюросының және КСРО Ұлттар Кеңесі Төралқасының Жамбыл облыстық ұйымдастыру комитетінің газеті ретінде шыға бастады. Қараша айынан бастап облыстық газет мәртебесін алды. 1940 жыл Қазақстан Коммунистік партиясы Жамбыл облыстық партия комитеті кезекті бір конференцияда басылымның Жамбыл облыстық партия комитетінің органы болып табылатынын ресми түрде жариялады. Газет атауы Жайық Бектұровтың ұсынысымен «Коммунист» болып өзгерді. 1942 жыл Соғыс жағдайына сай газет аптасына алты рет (дүйсенбіден басқа күндері) шыға бастады. Жауапты редактор ретінде Ғабды Аманғалиев қол қойып отырды. Таралымы 4200 данаға дейін жетті. Негізгі тақырыбы – майдан хабарлары, тылдағылардың тыныс-тіршілігі. 1945 жыл Бұрынғысынша кіші форматта, төрт бет болып шығып отырған газеттің таралымы өсіп, 3500 данаға жетті. 1947 жыл Жаңа жылдан бастап үлкен форматпен екі бет болып шыға бастаған газет Одақ, Республика, облыс жаңалықтарын бере бастады. 1950 жыл «Облыс еңбекшілері жаңа жылға немен келді?». Көлемі де, таралымы да бұрынғы күйінде қалған газеттің жылашар санында осындай тақырыппен өңір тыныс-тіршілігін жеткізетін жарияланымдар жарық көрді. 1955 жыл Газеттің қосарлы санында Жаңа жыл мерекесіне арналған жарияланымдар, құрылысшылардың Бүкілодақтық кеңесіндегі Н.Хрущевтің сөзі, мал қыстату, көктемгі егіс тақырыптарынан хабарлар берілді. Таралымы 5 250 дана болып шықты. Осы жылдың тамыз айынан бастап үлкен форматпен, төрт бет болып шығып тұрды. 1957 жыл Жаңажылдық санынан бастап «Біздің облысымызда», «Советтік Қазақстанда», «Халықаралық шолу» айдарларымен оқырмандарына ақпаратты мол жеткізуге ұмтылған газет «Біздің Ара» сын-сықақ мүйісін ашты. 1960 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ж.Тәшеновтің қатысуымен облыстық Х партия конференциясы өтіп, облыстық газеттердің редакторлары болып «Еңбек туына» – Ғ.Сармурзин, «Коммунистке» – В.С.Молотов бекітілді. 1968 жыл Жаңажылдық жарияланымдарға қоса қалыптасқан дәстүрмен облыстың бірінші басшысының мақаласы берілді. Осы санынан бастап газет бес күндік жұмыс аптасына көшуге байланысты сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндері шыға бастады. 1978 жыл «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты іске қосылып, өнім бере бастады. Газеттің бірінші бетіне көрнекті етіліп жарияланған «Сәт сапар, химия алыбы» репортажы осы оқиғаның құрметіне өткен салтанатты митингіден жазылған. 1985 жыл Газет басшылығында өзгеріс болды. Бұған дейін облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Арғынбай Бекбосынов бас редактор болып тағайындалды. 1987 жыл Еңбек туы» мен Моңғолияның Қобда аймақтық «Ходөлмөр» (қазақшалағанда «Еңбек») газеттерінің бірлескен саны шығарылды. Жамбыл мен Қобда қалалары бауырлас деп жарияланған болатын. «Еңбек туының» тұңғыш санының шыққанына 65 жыл толуына орай газеттің бірінші бетінде «Өмірге бірінші мамырда келген» деген тақырыппен мақала берілді. Онда басылым тарихы қысқаша баяндалып, алғаш 300 дана таралымының 35 мыңға жеткені айтылады. 1990 жыл 3 сәуірдегі №62 санынан бастап газет «Ақ жол» атауымен шыға бастады. Бірінші бетіне «Сапарың оң болсын дейік» деген редакциялық мақала жарияланып, онда басылымның тарихы, жаңа атауға ие болуы туралы айтылды. 1991 жыл Бүкіл халықтық сайлау өтіп Қазақ КСР Президенті сайланды. Газет осы оқиғаға орай «Н.Ә.Назарбаев – халық Президенті» деген тақырыппен жарияланымдар берді. 1992 жыл Газет таралымы 41 мыңнан төмендемесе де, қағаз бен бояудың шектен тыс қымбаттап, аса зәру өнімге айналуына байланысты республиканың өзге де облыстық газеттері сияқты «Ақ жол» да аптасына үш рет шыға бастады. 1995 жыл Облыс әкімі Ө.Байгелдиевтің 28 наурыздағы қаулысымен Арғынбай Бекбосынов облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, ал Әлдихан Қалдыбаев бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1997 жыл 19 ақпаннан бастап «Ақ жол» компьютерлік теріммен және беттеумен, кіші форматпен алты бет болып шыға бастады. 2000 жыл Газет өз оқырмандарына сөз арнап, ол «Әр кез бірге болайық» деген тақырыппен шықты. Таралымы 1128 дана болған еді. 2002 жыл Газет аптасына үш рет сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері шыға бастады. «Ақ жол» газетінің бірінші саны шыққанына 80 жыл толды. Облыс әкімінің құттықтауы, мерейтойлық басқа да жарияланымдар берілді. 2004 жыл Газет үлкен форматпен төрт бет болып шыға бастады. Жаңа жылдық санында мерекеге арналған жарияланымдармен қатар облыс жаңалықтарына да көп орын берілді. 2005 жыл Облыс әкімі Б.Жексембиннің «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің бас редакторлары Мақұлбек Рысдәулет пен Людмила Перекольскаямен сұхбаты «Әкіммен әңгіме» айдарымен «Асқаралы міндеттер тұр» тақырыбымен жарияланды. 2006 жыл Газет таралымы қайта өсіп, 19 251 данаға жетті. 2010 жыл Редакция басшылығында өзгеріс болды. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Ғалым Қасабай облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. 2012 жыл «Ақ жол» газетінің арнайы сайты ашылды. Онда газетте жарық көрген жағымды жаңалықтар, салиқалы сұхбаттар, қызықты материалдар беріле бастады. 2013 жыл «Ақ жол» газеті «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Алтын қыран» халықтық сапа белгісі сертификатына ие болып, облысымыздағы ең үздік бұқаралық ақпарат құралы екендігін дәлелдеді. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Қуаныш Иембердиев «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы болып тағайындалды. 2014 жыл Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың ұйғаруымен «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы болып тағайындалды. 2015 жыл «Ақ жолға» 22 841 оқырман жазылған. Осындай жағымды хабар өзге де жақсы жаңалықтармен қатар газеттің жылашар нөмірінде берілді. Газет сайты өз оқырмандарына үш қаріпте ақпарат тарата бастады. 2017 жыл «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы болып Қуат Әуесбай тағайындалды. 2020 жыл 2 наурыздан бастап «Aq jol» газеті шығу кестесін өзгертіп, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жарық көре бастады. Облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «АR-AI» жастар газеті «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бірікті. «Aq jol» газеті 13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. 2021 жыл «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның жетекшілері ғасырлық жасына қадам басқан «Aq jol» газетінің ардагерлерімен кездесу өткізіп, олардың тарапынан алдағы мерейтойды өткізуге қатысты айтылған ұтымды ұсыныс, тың ойларға құлақ түрді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар