Жамбылдық өнертапқыш оқушылар
Электр энергиясын өндіретін жоба
Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Қанат Тәжіхан электр энергиясын өндіретін жоба ойлап тапты. Жас өнертапқыш «The Future Solаr Power Plant» деп аталатын қалқымалы күн панелін өткен жылдан бері жасап, қорғап келеді. «Бұл құрылғы жер бетіне емес, су бетіне орнатылады. Жоба жүзеге асса, кәдімгі күн электр стансаларына қарағанда 65 пайызға дейін көп энергия өндіруге мүмкіндік туады», дейді ол. – Жуалы ауданында «Бурное Солар-1», «Бурное Солар-2» деп аталатын күн панельдері өте көп, шамамен 300-400 мыңдай. Оларды бүгінде ешкім тазаламайды. Көлемі өте үлкен болғандықтан әзірге оны тазалауға мүмкіндік те жоқ. Ал оларға күтім жасалмаса, шаңның әсерінен күн сәулесін өндіру мүмкіндігі де төмендейді. Осы мәселені шешу үшін мен жобама қосымша автономды тазалағыш құрал да жасадым. Ол автоматты түрде таңғы 7-де және түскі 2-де панельге су сеуіп салқындатып, шаңын сүртіп отырады. Бұл энергия өнімділігін 25-30 пайызға дейін сақтауға жол ашады. Сондай-ақ оның қасына ақылды күн трекерін жасадым. Ол күніне 2-3 рет қана қосылып, өзіне ыңғайлы, күн сәулесі түскен жаққа қарай бағыт алып отырады. Бұл да электр өнімділігін 50 пайызға дейін арттырады. Осылайша қазіргі қолданыстағы күн электр стансасы 60 мың үйді электр энергиясымен қамтамасыз етсе, менің панелім 120 мың үйге электр қуатын бере алады. Жуалыдағы күн панелінің біреуін орнатуға шамамен 121 мың теңге қажет болса, менің қалқымалы күн панеліме 250 мың теңгедей қажет. Бірақ бұл жоба жүзеге асса, небәрі екі жылда өз шығынын өтеп, инвесторға табыс әкеле бастайды. Мұның барлығы жобамда толығымен есептелген, – дейді ол. Қанат бұған дейін қаладағы №53 мектепте оқиды. Бала кезінен электроникаға құмар ол өзі оқыған білім ұясында арнайы мамандар мен мүмкіндіктің және қолдау білдірушілердің болмауынан бұл құмарлығы арман күйінде қалғанын айтады. Бірақ 7-сыныпта маңдайалды білім ошағына қабылданып, озаттар қатарына кіреді. Ойлаған арманы іске асып, жетекшісімен бірге құрылғыны ойлап тауып, оны іске асырудың жолын қарастыруда. Қанат жобасын жүзеге асыру үшін алдымен күн электр стансаларының кемшіліктерін зерттеп, арнайы Жуалы ауданындағы «Бурное Солар» күн электр стансалары маңына барып тәжірибелер жүргізеді. Сондағы Теріс-Ашыбұлақ суқоймасына өзінің қалқымалы күн панельдерін орналастырып, жобасының 65 пайызға дейін көп энергия өндіретінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығады. Өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда қорғап жүр. Нәтижесі де жаман емес. Бүкіл Азия елдері қатысатын «Ingenious project-2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында І орын, Францияның Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында І орынды иеленді. Жас өнертапқыш бүгінде өзінің жобасына демеуші іздеп жүр. – Өз жобамды өз елімде жүзеге асырғым келеді. Егер жобамды жүзеге асыруға демеуші тапсам, біз жасыл энергияны дамытып, толық энергия алып жатқан тұңғыш мемлекет болар едік. Мен еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешуге үлесімді қосқым келеді. Себебі біздің елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшы. Біз жасыл энергияға, дәлірек айтсақ, күннен электр энергиясын алуға өз деңгейінде мән бермейміз. Оны жай қосымша энергия көзі деп санаймыз. Егер жасыл энергияға мемлекет тарапынан шындап қолдау көрсетілсе, әрине, зор табыстарға жетер едік, – дейді жоба авторы.Автономды қондырғы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өнеркәсіптік кәсіпорындардың газ тәрізді қалдықтарын көмірқышқыл газынан тазартатын автономды қондырғының жобасын әзірлеп жатыр. Жоба авторы Әдия Керімқұл аталған мектептің 9-сынып оқушысы. Әдияның айтуынша, Қазақстандағы ауаның ластануы жылына 10 мыңнан астам адамның мезгілсіз өліміне себепші болады. Зиянды шығарындылар азаматтардың денсаулығына кері әсерін тигізіп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан да зиян келтіруде. Мәселен, 2019 жылы ластанған ауа Қазақстан экономикасына 10,5 миллиард доллар шығын әкелген. Ластаушы заттардың бөлінуі көбінесе газ және мұнай-химия, металлургия және энергетика сияқты әртүрлі салалардағы өңдеу және қайта өңдеу кәсіпорындарында жүргізілетін технологиялық процестердің нәтижесі болып табылады. Әдия газ шығарындыларын тазартудың әртүрлі әдістері мен жолдарын зерттей келіп, табиғатты химиялық тазалау әдісін қолдануға шешім қабылдайды. – Қазіргі уақытта өнеркәсіптік қалдық газды тазарту қондырғыларының көпшілігі моноэтаноламинді пайдаланады, бірақ бұл зат дұрыс пайдаланылмаса адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Ол тыныс алу жүйесін зақымдауы ықтимал. Каустикалық сода да күйік тудыруы мүмкін, бірақ тек үлкен мөлшерде. Сүзгі ретінде пайдаланылған полиуретанды дыбыс өткізбейтін қасиеттеріне байланысты қайта өңдеуге және есікті толтырғыш ретінде пайдалануға болады, – дейді өнертапқыш. Айта кету керек, Әдия Керімқұлова авторлық жобасын әзірлеуді былтыр бастаған. Жобасы сәтті қорғалса оны патенттеп, болашақта өнеркәсіптік кәсіпорындарда қолдануды көздеп отыр. Айжан ӨЗБЕКОВА