АСЫЛТҰҚЫМДЫ ҚОШҚАРЛАР КӨРМЕСІ
Қошқарларды асылдандыру ісі – еліміздегі қой шаруашылығының заманауи даму кезеңіндегі селекциялық-асылтұқымдық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әлемнің қой өсіру индустриясында еңбектеніп жатқан мамандар көбіне тез семіретін, етті, етті-жүнді тұқым түрлерін өсіруге басымдық беріп жатыр.
Бұл үдеріс қой шаруашылығы экономикасында жүннен гөрі қой етінің үлестік басымдығының артқанымен белгілі. Көп мемлекетте қой шаруашылығы өнімінің жалпы табысындағы қой етінің салмақ үлесін құрап отыр. Ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ету және экспортқа шығуды бағдарлау мақсатында қой еті, тоқты еті өндірісін көбейту, ең алдымен, дәстүрлі және заманауи селекциялық-технологиялық, сонымен қатар биотехнологиялық әдістерді қолдану арқылы шешілмек. Тұқым түзетін үдеріс нарық сұранысына бағынышты келеді және ішкі нарықты, экспортты сапалы етпен қамтамасыз етуге жол ашады.
Бүгінде сұранысқа сай шетелдік тұқым өндіруші қойдан 5000-нан астам керек. Бұл қойларды сатып алуда мемлекеттік субсидиялау жолдарын ескерген жөн. Сонда қойдың құны арзанға түседі. Алайда соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, шағын шаруа қожалықтарда жүргізілген селекциялық асылдандыру жұмыстары қой басының аздығы салдарынан тиімділігі төмен. Сондықтан селекциялық жұмыстарды кеңістігін ұлғайтып, бір қожалықта емес, бір уақытта бірнеше қожалықтарды қамтып өткізу қажеттілігі туып отыр.
Жалпы қой шаруашылығындағы тұқымдық өсіру ісінің келешегі қолда бар тұқымдық генофондты, халықаралық стандарттарға сай болатын өнім түрлерінің сапасын сақтауды қамтамасыз ету деңгейімен анықталады. Ең әуелі, еліміздегі қой тұқымын алудың негізі ретінде озық тұқымдардың басын сақтап, олардың мәнін арттырып, мемлекет тарапынан мақсатты несие, дотация бөлу секілді көрсетілетін нақты қолдаумен қамтамасыз етіп, селекциялық-асылдандыру жұмысын жақсартуға, асылтұқымды төл өсіруге бағыттау керек.
Осы бағытты ұстанған шулықтар Шу қаласындағы «Локомотив» стадионында облыс бойынша асылтұқымды қой шаруашылығының көрмесі ұйымдастырылып, оған көршілес қырғыз елінің қой шаруашылығы саласындағы мамандары мен алыс-жақын аудандардың шаруа қожалық иелері қатысты. Бұл шараға қой бағып, қошқар баптаған облыс көлемінен үміткерлер 200-ден аса қошқар шығарып қатысып, өз бақтарын сынады.
Өзара сынға түскен үміткерлерге шара басында ауданымыздың ақсақалы Жиенбай Әлкенұлы бата берсе, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ақжарма тілегін айтып, облыста қой өсіретін 1 500-ден астам шаруашылықта 3 252 мың қой бар екендігін атап өтті.
– Бұл шаруашылықтарда еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, меринос, гиссар және басқа да қой тұқымдары өсіріледі. 2016 жылы облыста 2 миллион 406 мың бас қой болса, оларға бүгінде 1 миллион қой қосылып отыр, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы көрменің жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Ал аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жақсы істі ұйымдастырып, көпке паш етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, шын ризашылығын білдірді.
Бұдан соң қазылар алқасының бағалауымен 3 номинация бойынша қошқарлардың салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқарлар анықталып, иелеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қорытындысында әрі ең жоғарғы салмақ көрсетіп, әрі жұрттың ыстық ықыласына ие болған «Шатақ» атты шулық қошқар дара шықты.
Миятхан Бұланбаев басқаратын «Байбол» шаруа қожалығының мақтанышы алты тіс санатында қатысып, 201 келі салмақпен көрменің ең үздігі болды. Ал абсолютті салмақта Т.Рысқұлов ауданынындағы Қорағаты ауылының тұрғыны Данияр Ақторпақовтың «Гераклы» жеңімпаз атанды. Оның салмағы 186 келіні көрсетті. Сондай-ақ меркілік жеке кәсіпкер Нұрлан Әбдіқұловтың «Карат» атты қошқары 183 келі, тағы бір меркілік «Байсары» атты қошқар 181 келі болды.
Қошқар өсіріп, оған қызығушылық танытып отырған ағайынға «Бульдозер», «Шатақ», «Фаворит», «Атаман», «Челубей», «Борман», «Таусаф», «Карат», «Гламур», «Тундра», «Хан» мен «Бугай» есімді қошқарлар етене таныс. Солардың қатарына қосылуға лайықтылардың бір парасы осы көрмеде белгілі болды.
Жалпы асыл тұқымды қойлардың бағасы қымбат келеді. Олар 200 мың теңгеден басталып, 10 мың АҚШ долларына дейін шарықтай береді. Кейбіреулерінің құны одан да жоғары болуы бек мүмкін. Оған оның тегі мен даңқы тікелей әсерін тигізеді. Аталған көрме шаруалардың еңбегін көрсетіп, қой шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің осы саламен танысуына мүмкіндік береді.
Келесі мақала