Қазір сөзден іске көшетін заман
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысындағы «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбындағы баяндамасында және биылғы 14 сәуірдегі Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және оның тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды мониторингілеу мен іске асырудың нақты функцияларын қарастыру тапсырылған. Бүгінде аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті өзіне берілген құзыреттілік шегінде бірқатар жұмыстарды атқаруда. Оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Бүгінде облысымызда мемлекеттік қызметтер 21 орталық органдардың аумақтық бөлімшелері, 11 облыс әкімдігінің басқармалары, сондай-ақ Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданының жергілікті атқарушы органдары және мемлекеттік ұйымдар арқылы көрсетіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қағазбастылықтан арылу үшін қызметтердің электронды түрде көрсетілуіне басымдық беріліп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда баламалы түрде қағаз нысанда қызмет көрсету 1 пайызға азайса, электронды түрдегі қызмет 2,4 пайызға артып отыр.
Жүргізілген бақылау жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Есепті кезеңде департамент тарпынан барлығы 5 тексеру жүргізілген. Атап айтсақ, тексеріс облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі, Байзақ ауданының полиция бөлімі, облыстық полиция департаментіне қатысты өткізілді. Оның ішінде тексерудің екеуі бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілсе, үшеуі жоспардан тыс тексеру.
Биыл мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында азаматтардан 11 шағым келіп түсті, бәрі де түгел қаралды. Екеуі бойынша келтірілген уәждер дәлелін тауып (оның ішінде біреуі тіркелді, біреуіне сұрау салынды), азаматтардың бұзылған құқықтары толығымен қалпына келтірілді. 3 шағымға қарауды тоқтату туралы шешім қабылданды, төртеуі бойынша құзыреттілікке сәйкес қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданды, біреуіне түсіндірме берілсе, тағы бірі қаралу сатысында.
Тексеру жұмыстарының барысында жалпы 298 заңбұзушылық анықталып, қорытынды бойынша 13 ұсыныс енгізілді. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 9 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды.
Бұдан бөлек, департаментке мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту құзіреті берілген.
Мысал ретінде айта кетсек, осы жылдың 5 наурызында аңшылар қожалығы бірлестігінің директоры С.Набоженконың облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лауазымды тұлғаларының қызмет көрсетуден дәлелсіз бас тартқаны туралы шағымы келіп түсті. Шағымды қарау барысында аталған мемлекеттік органда жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, шағымда келтірілген уәждер өз дәлелін тапты. Соңынан басқарма басшысының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, азаматқа мемлекеттік қызмет заңға сәйкес көрсетілді.
Мемлекеттік органдардан жедел жұмысты және нақты көрсеткіштерге қол жеткізуді іске асыру арқылы бізге еліміздің дамуын сапалы жаңа деңгейге шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерістерді сезінуі тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік қызметтерді алу барысында заңбұзушылықтарға жол беру фактілеріне тап болған жағдайда Тараз қаласы, Рысбек батыр бұрылысы, № 8 «а» мекенжайындағы департаментке шағымдануға болады.
Сонымен қатар департаменттің сенім телефон нөмірі 8 7262 438 808 екенін еске саламыз. Егер заңбұзушылықтарға кезіккен жағдайда осы сенім телефонына хабарласуға болады.
Лесбек ІЛЕБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары
Келесі мақала