БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ
Елімізде соңғы жылдары бірнеше жаңа реформалар енгізілді. Олардың бастапқы игілігін сіз бен біз көрудеміз.
Атқарылған ауқымды істер мен жаңа қадамдарды жоққа шығаруға болмайды. Ал реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте де айтқан еді. Енді ағымдағы жылдың 19-сәуірінде өткен жиында қаузалған тақырыптар мен тапсырмалар жайында азды-көпті ой-пікір білдірсем.
Алқалы жиында сан саланы ілгерілету жолдары мен жаңа қадамдары көтерілген. Бірнеше бағыттан тұратын бағдарламаның шағын және орта кәсіпкерлікті реформалау маңыздылығына аса мән бердім. Өйткені әлемдегі мықты, алпауыт деген қай елді алмасаң да бизнесі бай, кәсіп көкжиегі кеңейгендігі айқын көрінеді. Тіптен әр азамат кішігірім кәсібін ашып, отбасымен соны дөңгелетіп, бірнеше адамға жұмыс ұсынып отыр. Қазақстандағы бизнеске жан-жақты қолдаудың артуы осы жетістікке бастаған сәтті қадамдар десем болады. Иә, расымен де қазір елімізде бизнес бастау бұрынғыдай арман емес. Мемлекеттік жеңілдіктер, ерекше жобаларға гранттар тіптен алғашқы кәсіпкерлік қолдауларды да көз көріп, құлақ естіп отыр.
Мемлекет басшысы ендігіде ірі кәсіпкерлікті қалыптастыруға баса назар аудару қажеттігін айтты. Ол үшін Президент: «Бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады», – деді.
Әрине, бұл дегеніміз енді Үкімет бизнеске қаржы бөлмейді деген қасаң қағида емес. Қасым-Жомарт Тоқаев несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру қажеттігін де ескерді. Сонда ғана жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туатыны айтылды.
Кеңесте көтерілген мәселелерден тағы да ой салатыны балалар білімі жайында болды. Өзім де ұл-қыз өсіріп отырған анамын. Олардың ертеңгі өмірі үшін білім ауадай қажет. Президент балалардың білімін біржақты бағалауға баса назар аударды. Сонымен қатар денсаулық саласы да, ұрпақ тәрбиесі де күн тәртібінен түскен жоқ.
«Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар екен. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. 2010 жылдан бері созылып келе жатқан тапсырмалар бар. Тапсырмалардың өзектілігін қайтадан мұқият қарау қажет. Қағазбастылық керек емес», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа сөз емес, нақты нәтиже керек екенін аңғартты. Көпшіліктің бағдарламаларды оқығаны, естігені бір бөлек, оның іс жүзінде жемісін көргені тіптен қуаныш. Сол себепті де алдағы реформаларды тек өзіміз оқып қана қоймай, халыққа соны іске асырудың тетігін түсіндіруге және әр салаға аз да болса үлес қосуға барша қазақстандықтарды шақырамын.
Болашақ бүгіннен басталады. Қазіргі қажырлы қайрат, еткен еңбектің жемісін де, нәтижесін де көретін сіз бен біз және бүгінгі ұрпақ болмақ.
Зарина ҚУАТОВА, Тараз қалалық мәслихатының депутаты
Келесі мақала