Еліміздегі халық санының басым бөлігі ауылдық елді мекенде тұратыны белгілі. Олардың тыныс-тіршілігі, негізгі кәсібі, табыс көзі малшаруашылығымен тікелей байланысты. Қалалықтардың қызылсырағанда ауыл қазағының қолына қарайтынын ескерсек, қолында 5-10 тұяғы бар қатардағы ауыл қазағының да, мыңғыртып мал айдағандардың да мәртебесін осы төрт түлік асырып отыр. Ал сол төрт түліктен алынатын ет пен сүттің, тері-терсек пен жүн-жұрқаның сапалы болуы малдың жай-күйіне байланысты. Демек, ауру-сырқаудан ада малдан адал ас, сапалы өнім алынады.
Ауылшаруашылығы, оның ішінде малшаруашылықты өркендетуде ветеринария саласының маңызы айрықша екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»атты Жолдауында айрықша атап өткен еді. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты.Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», деген болатын.
Аталған сала бойынша өңірде қандай ілкімді істер тындырылды, Жолдау жүктеген міндет орындалды ма? Біз осы мәселеге назар аударған едік.
Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың айтуынша, бүгінде Тараз қаласы мен облыстың он ауданындағы ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша жануарлардың аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шараларды уақытылы жүргізуде.
Сонымен қатар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттік тізілімге енбеген хирургиялық көмек, паразитарлық және жұқпалы емес, инвазиялық ауруларды емдеу, дезинфекция, дератизация жұмыстарын ұйымдастыруда халыққа ақылы қызмет көрсетіп келеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша осы жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары төрт айлық жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалыпты.
– Аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соның нәтижесінде Шу мен Т.Рысқұлов ауданында құтыру ауруының бір-бір ошағы анықталды. Бұл бойыншакарантин шаралары қолданылып, бүгінгі күнге аурудың көзін жою және сауықтыру жұмыстары толық жүргізілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың тіркелуі 2 есеге төмендеді.
Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілуде.Облыс бойынша 4 айда ауылшаруашылықжануарларын бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,5 миллион ауылшаруашылық жануарлары енгізілді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұғанқарсы осы жылы облыс аумағында эндемиялық аймаққа енгізілген 33 елді мекенде 2,9 миллион шаршы метр аулалар мен қора жайлар және барлығы 407 мың ауылшаруашылық жануарларына 1-кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Дезинфекциялық дәрі-дәрмектерге берілген өтінімге сәйкес облыстық бюджеттен тікелей аудандарға барлығы 83 миллион 842 мың теңге қаражат бөлініп, оған акарацидтік препараттар сатып алынды.
2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» №97-VII Заңы аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес облыс аумағында жануарларды есепке алу ісі «Таңба» ақпараттық жүйесі бойыншаатқарылуда, – дейді Нұржас Нұржанұлы.
Жыл басынан бері «Jambyl 109» диспетчерлік орталығына түскен иесіз жануарларды аулау бойынша өтініштер негізінде барлығы 12 524 қаңғыбас ит және 56 мысық талаптарға сай ауланыпты. Оның ішінде Тараз қаласына тиесілі иттің саны – 5 920. Жануарлар иелерінен түскен өтінішке сәйкес жануарларға электронды паспорт ашылып, ақпараттық жүйемен есепке алу және тұрғындар иелігіндегі 276 ит-мысыққа профилактикалық іс-шаралар жүргізілген.
Сонымен қоса «019-Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер бағдарламасы» бойынша 2022-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген 24 елді мекенде жеке қосалқы шаруашылықтар иелігіндегі мүйізді ірі қараның ішінде сиырларды қолдан ұрықтандыру жоспарланған екен. Бұл бойынша да татымды тірлік тындырылыпты.
– Бұл халықтың қарапайым мүйізді ірі қара малын асылдандыруына жол ашатын мәнді мәселе. Жобаға енгізілген барлық елді мекендердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, осы елді мекендерге малды қолдан ұрықтандыратын ветеринар мамандары бекітілді. Соның арқасында 317 бас аналық мүйізді ірі қара малы бағдарлама аясында қолдан ұрықтандырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Бұдан бөлек ветеринар мамандарының мәртебесін айқындау және ветеринария саласын цифрландыру бағытында қолданыстағы заңнамалар аясында оларды азаматтық қызметшілер қатарына қосу арқылы бекітіліген айлық жалақысын анықтап, І-ІІ патогенді аурулармен жұмыс атқаратын мал дәрігерлерінің жалақысы 35-50 пайыз аралығында көтерілді. Олардың жұмысын оңтайландыру және уақытын үнемдеу үшін «VETmobile» ақпараттық жүйесі енгізілген заманауи планшеттермен қамтамасыз ету, биылғы жылдың соңына дейін қала мен аудандық ветстансаларды қосымша тағы 11 «УАЗ»автокөлігімен қамту сияқты жұмыстар жоспарланып, өз кезегімен жүргізілуде. Қазіргіуақытта облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты және күнделікті бақылауда, – деді аталған басқарма басшысы.
Ауру малдарды сою, өлекселерді жою жұмысының да өзіндік тәртібі бар. Бұл бағытта жұмыс қай деңгейде жүріп жатқанын аталған басқарманың эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы ОлжасАсембектен сұрадық. Ол өңірдегі аудандарда ауылшаруашылық жануарларының өлекселері мен олардың қалдықтарын тастау арқылы залалсыздандыруға арналған арнайы 40 биотермиялық «Беккер» шұңқырлары орналасқанын сөз етті.
– Аталған нысандар ветеринариялық-санитариялық қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығында көрсетілген биотермиялық шұңқырларға қойылатын талаптарғасәйкестендірілген. Жануарлар арасында аса қауіпті ауру бойынша күдік туғанда қажетті сынама алу жұмыстарынан кейін немесе механикалық зақымданудан лажсыз өлген жануарлар кездессе, қоршаған ортаны ластанудан сақтау мақсатында мал өлексесі жергілікті ветеринар мамандардың қатысуымен ережелерге сәйкес акт толтырылып, биотермиялық шұңқырға биоқалдық ретіндетасталады. Облысымызда 1958-2001 жылдар аралығында барлығы 189 сібір жарасы ошағы тіркелген. Олардың барлығы санитариялық талаптарға сай бетондалып қоршалған. Ондай орынға «Сібір жарасы, қауіпті аймақ» деген ескертпе жазуы бар тақтайшалар орнатылған. Жоспарға сәйкес көмінділердің маңынан топырақ сынамалары жылына бір рет бактериологиялық тәсілмен тексеріледі. Ең бастысы нәтиже біздің пайдамызға сай болып тұр.
Сонымен қатар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы №2 санитариялық қағидаларын бекіту туралы «Адамның тіршілік ету ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» атты бұйрығына сәйкес сібір жарасының санитариялық-қорғаныш аймағына (ошақтан 1000 метр қашықтық) жататын аумақта нысандар құрылысына жол берілмейді. Бұл бағытта қандай да бір субъекті тарапынан құрылыс немесе басқа жұмыстар жүргізу бойынша сұраныс хаттар түскен жағдайда, ошақтар көмінділерінің орналасу координаттары міндетті түрде «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» арқылы анықталады, – деді О.Асембек.
Облыстың ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстардың реті осындай. Жалпы бұл туралы Нұржас Нұржанұлы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында егжей-тегжейлі баяндаған болатын. Ол жерде де ветеринария саласында еңсерілген жұмыстардың агроөнеркәсіп кешенінің алға басуына өз септігін тигізіп жатқаны баса айтылды.
Бастысы Жолдаудан туындаған міндеттердің салада жүзеге асырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы көңіл көншітерлік деңгейде. Уақыт өткен сайын ветеринарлық қызметкөрсету сапасы да жақсарып келеді. Төрт түліктіңамандығы бағытында жұмыс атқарып жатқан ветеринар мамандар да жеткілікті.