Жамбыл жаңалықтары
Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді
- author AR-AY
- 18 мамыр, 2023
- 168
Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен визасыз режимге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан Қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. 30 күнге дейін визасыз жүру туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз, - деді мемлекет басшысы қазақ-қытай дөңгелек үстелінде.Ол бүгінде жаңа туристік бағыттар ашылып жатқанын атап өтті. «Қазір Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізілді. Сондай-ақ 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айуынша, қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден аса компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.
Жалпы, еліміздегі инвестициялық ахуалы өте жақсы. Kazakh Invest ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын, - деді президент.Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру ісінде негізгі серіктестің бірі екенін айтты. Осылайша, ҚХР Батыс Еуразияның ауқымды нарығына Қазақстан арқылы шыға алады. «Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Нәтижесінде темір жол арқылы жыл сайын 20 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады», - деді Тоқаев. Айтуынша, Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.
Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады, - деп түйіндеді сөзін президент.Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай визасыз режимге қол қойған еді.
Келесі мақала