Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА АЛА МА?

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА АЛА МА?
ашық дереккөз
ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА АЛА МА?
Соңғы уақытта редакциямызға хабарласып, интернет желісінің сапасыздығын айтып, шағымданушылар күрт көбейді. Бір қызығы, интернеттің қолжетімсіздігінен әбден зәрезап болып, редакциямызға шағымданғандардың дені ит арқасы қияндағы шалғай елді мекендердің емес, Тараз қаласының тұрғындары. «Тауда арқардың мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» демекші, облыс орталығының тұрғындары интернеттен тарығып отырса, алыс ауылдардағы ахуал айтпаса да түсінікті. – Тұрғындарды интернетпен қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеті. Қазір елімізде халықты интернетпен қамтуды арттыру үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Арнайы бағдарламалар қабылдануда. Өкінішке қарай, әзірге жемісін көре алар емеспіз. Ілгері жылжудың орнына, керісінше кері кетіп бара жатқан секілдіміз. Облысымыздың орталығы Тараз қаласында интернеттің сапасы сын көтермеген соң басқа не айтуға болады?! Екі жылдан бері №15 ықшамауданның тұрғынымын. Көшіп келгеннен бері байланыс пен интернет сапасының нашарлығы басты мәселелеріміздің біріне айналды. Сенесіз бе, кейде қоңырау шалу үшін далаға шығуға тура келеді. Адамдар бізге хабарласа алмай әуре-сарсаңға түсіп жатады. Себебі үйдің ішінде байланыс сапасы мүлдем нашарлап кетеді. Тура тас дәуірінде өмір сүріп жатқан секілдіміз. Шынымды айтсам, не істерімді білмей шақшадай басым шарадай болды. №15 ықшамауданнан көшуден басқа амал қалмады, – дейді аты-жөнін атамауымызды өтінген №15 ықшамауданның тұрғыны. «Бақсақ бақа екен» дегендей, Тараз қаласында интернет сапасының төмендеуінің сыры сіз бен біз ойлағандай тереңде емес екен. Жуырда ғана өткен халықаралық экономика және инвестициялық форум аясында Жамбыл облысына арнайы келген Бағдат Батырбекұлы журналистерге сұхбат беріп, Тараз қаласында интернеттің сапасы неге төмендеп кеткенін түсіндіріп берді. «Интернеттің сапасы тым нашарлап кетті деуге болмайды. Біріншіден, Қазақстан бойынша интернет тұтынушылар саны өте қарқынды өсуде. Екіншіден, халықтың интернетте өткізетін уақыты да артып келеді. Мұның барлығы инфрақұрылымға ауыртпашылық түсіруде. Сондықтан алдағы уақытта инфрақұрылымды жақсарту керек. Осы орайда Жамбыл облысында мобильді және талшықты-оптикалық байланысын қамтамасыз ету бойынша аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен Жол картасына қол қойдық» деді Б.Мусин. Жұртшылықтың жүйкесін жүндей түтіп, сабырын сарқып, төзімін тауысқан толғақты мәселе жуырда ғана Үкімет отырысында да қаралды. Сонда Үкімет басшысы Әлихан Cмайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленіп, бірқатар маңызды мақсат-міндеттер айқындалғанын атап өтті. Алайда Премьер-Министрдің айтуынша, ұлттық жоба аясында атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейтін көрінеді. «Өкінішке қарай, салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биыл жыл басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсті. Шағымның басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар әсіресе Алматы мен Астанада көп. Қазір адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Өйткені тұрғындар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды», деген Әлихан Асханұлы мәселені төтесінен қойып, негізгі түйткілдерді атап өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы 6 406 елді мекеннің 4 974-і (77 пайыз) кеңжолақты мобильді интернетке қосылған. 2 928 елді мекен 4G-ге қосылса, 2 046-сы 3G технологиясымен қамтылған. Сондай-ақ Бағдат Мусин биыл республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буынын енгізу және дамыту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен елорданы 5G желісімен қамту 75 пайызды, ал облыс орталықтарын қамту 60 пайызды құрайды екен. Ал облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, бүгінгі таңда өңіріміздегі 367 ауылдық елді мекеннің 68-і (18,52 пайыз) 2G, 124-і (33,78 пайыз) 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, 172 елді мекен (46,86 пайыз) жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 3 елді мекен (0,81 пайыз) мобильді байланыспен қамтамасыз етілмеген (Қамқалы, Күркіреусу стансасы, Қаратас ауылы). Басқарма басшысы облыс тұрғындарының интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. – 2023 жылы Қамқалы ауылын «Кcell» акционерлік қоғамы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге міндеттелген. Сонымен қатар Күркіреусу стансасы және Қаратас ауылы бойынша мобильді операторлардың техникалық мүмкіндіктері қарастырылуда. Жалпы облыстағы барлық 371 елді мекеннің 191-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 180 елді мекен қамтылмаған. Айта кетер болсақ, «Кcell» акционерлік қоғамы 2022 жылы 11 елді мекенде 2G-ден 3G-ге ауыстырды. Сондай-ақ 16 елді мекенді 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етті. Сол секілді «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Beeline) өткен жылы 67 елді мекенде 4G-мен қамту жұмыстарын жүргізді. Биылғы жылдың жоспары да ауқымды. Мәселен, «Кcell» акционерлік қоғамы 24 елді мекенде 3G және 28 елді мекенде 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта 2 елді мекенде 4G және 3 елді мекенде 3G мобильді интернетінің сапасы жақсартылды. Ал «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 23 елді мекенде (40 базалық станса) 4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге дейін Жуалы ауданына қарасты Көлбастау және Тәттібай Дүйсебайұлы елді мекендерінде мобильді станса орнатылып, 4G мобильді байланысының сапасы жақсартылды. Сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2023-2027 жылдарға арналған «Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы» аясында байланыс операторларымен келісіліп әзірленуде, – дейді ؘР.Ноқрабеков. Жол картасына сәйкес өңірдің 210 елді мекенінде мобильді интернет сапасын жақсарту, 155 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету, республикалық және негізгі облыстық маңызы бар жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тағы да басқа жұмыстар жоспарлануда. Жоспарлы жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін жалғасады. Келешектің қажеттілігін өтеуге негізделген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының әзірге облыстағы аяқ алысы жаман емес. Ең бастысы берері мол, уақыт сұранысындағы бастамалардан табыс табудан бұрын халықтың шынайы игілігіне айналдыра алғанымыз жөн.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар