«ТАРАЗ ХАЛУАСЫНЫҢ» ДӘМІН-АЙ!
Тараздағы халуа өндіретін кәсіпорын туралы естігеніңіз бар ма? Жасыл, сары қаптамасы бар «Тараз халвасы» деген атпен танылған бұл өнімнің дәмі тіл үйіреді. Әрі пайдалы.
Халуа күнбағыс, жүгері сірнесі, қант және мейіз қосындысынан жасалады. Цехта айына 50-60 тонна, жылына 600-700 тонна халуа шығарылады. Сондай-ақ Тараздың атақты халуасы Қазақстанның барлық қаласы мен Ресей, Қырғызстан елдеріне де жеткізіледі екен. Кәсіпорынды 24 жылдан бері Нұрлан Аханов басқарып келеді. Серіктестік директорының айтуынша, кәсіпорын қант пен мейізді Тараздан, күнбағысты Өскемен, Павлодардан, сірнені Алматыдағы крахмал зауытынан сатып алады.
Нұрлан Аханов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезінде азық-түлік өнімдерін сатып, саудамен айналысыпты. Кейін сұйық май өндіріп, кәсіпке түбегейлі бет бұрғанымен біршама қиындықтарға тап болған. Ақырында ойлана келе, халуа өндіруге белді бекем буады.
– Кеңес үкіметінің кезінде инженер-құрылысшы болып жұмыс істедім. Алматыға арнайы барып, халуа шығаратын зауыттың тәжірибесін үйреніп, 1998 жылы кәсіпорынды аштық. Бүгінде 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Еңбекақылары 120 мың теңге көлемінде.
Қиыншылықсыз жұмыс болмайды. Бәріне шыдадық. Кей жылдары пісте болмай қалды. Күнбағысты сырттан әкелген кездер де болды. Бірақ ешнәрсеге мойымадық, – дейді кәсіпорын басшысы.
Өндіріс орны Ресей және Қытай мемлекеттерінен алынған құрал- жабдықтармен жабдықталып, толықтай автоматтандырылған. Қоймадан тазаланып шыққан пісте арнайы цехта қабығынан ажыратылып, дәні ары қарай өңдеу цехына жіберіледі. Оған қосылатын қант – жергілікті өнім. Өзге қоспаларын еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен алып отырады. Үлкен жұмыс процесінен өткеннен кейін қоймалжыңға айналдырылған өнімге ондаған қоспа қосылып, құю цехына дайын өнім күйінде келіп, арнайы құтыларға құйылып, кептіріледі. Осыдан кейін қағаз қорапқа оралып, қоймаға, одан әрі нарыққа жол тартады екен.
Осы орайда зауыт технологы Азамат Сейілхановты да сөзге тартқан едік.
– Қазір зауытта төрт цех жұмыс істейді. Олар дайындау, сұрыптау, кептіру және халуа пісіру цехтары. Жұмысшылар тапсырысқа қарай екі ауысымда жұмыс істейді. Негізінен тапсырыс шілде айынан басқа уақытта көбейеді. Ерекшелігіміз – зауыт Кеңес дәуіріндегі халуаның сапасы мен дәмін жоғалтпай келеді және біздің халуаның бағасы да арзан, – дейді ол.
«Саудада береке бар» деп есептейтін Нұрлан Шүкіржанұлы тек мықты кәсіпкер ғана емес, отбасының тірегі, ардақты әке. 3 бала тәрбиелеп, 6 немере сүйіп отыр. Алдағы уақытта кәсібінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала