Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отан қорғау – ортақ міндет

Отан қорғау – ортақ міндет
ашық дереккөз
Отан қорғау – ортақ міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Отан қорғаушы күніне арналған құттықтауында «Қорғаныс әлеуетімізді арттыру, сарбаздардың дайындығын күшейтіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бейбіт өміріміз бен тыныштығымызды, жеріміздің тұтастығын сақтау үшін қызмет етіп жүрген сардарлар мен сарбаздарға ризашылығымды білдіремін. Ержүрек жауынгерлеріміз ел сенімін ақтайды деп сенемін!» деп атап өтіп, айбынды әскерімізге артылатын міндеттің ауқымды екендігін аңғартқан болатын. Расында да Алтай мен Атырауға дейінгі аралықта кең көсіліп жатқан атырапты көздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қору – қасиетті парызымыз болуы тиіс. Өйткені бұл жер – азаттық үшін арпалысып, ұрпақ қамы үшін атқа қонған ата-бабаларымыздың аманаты. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткергенін білемін. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деп ішкі бірлігімізді бекемдеуге басымдық берген. Сонымен қатар қиын-қыстау кезеңде қауіпсіздікті де қаперден шығармай, қарадомалақ балалардың бес қаруын сайлап, қаршадайынан ат құлағында ойнауға баулыған. «Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» деп жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың бойына қайсарлық қасиеттерін дарытқан. Осындай тәрбие мектебінен өткен баһадүрлер қандай айқас болса да атой салып, елін жаудан қорғауда ержүректілігімен танылған. Есесіне дарқан даламызды дұшпандардан қорғап, жұртымыздың мамыражай ғұмыр кешуіне қасық қаны қалғанша қызмет етті. Бабаларымыздың күрескерлік рухы Отан соғысы жылдарында да айқын көрініс тапты. Аз ғана уақыт әскери дайындықтан өтіп, майдан даласына қосылған аталарымыз қиян-кескі ұрыстарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Мұның бәрі де тереңнен тамыр тартқан ұлттық қодымызбен ұштасып жатқан батыл болмысымыз. Ал бүгінгі ұландарымыз Отан қорғау ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарап жүр? Бұл ұғым қорғаныс саласына қатысты құзырлы мекемелерді ғана емес, әрбір отбасы иелерін ойландыруы керек. Өйткені Отан – отбасынан басталады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, әулеттің үлкендері патриоттық сезімді оятатын әңгімелер айтып отырса, қандай ғанибет. Осы орайда біз сала мамандарымен, тұрғындар өкілдерімен әңгімелесіп, пікір алмасқан едік. – Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Бұл тұрғыда әкелеріміз дастарқан басында тәрбиелік әңгімелер, патриоттық насихаттар айтып отырса құба-құп. Отан қорғау алдымен ер-азаматқа жүктелген міндет екенін күнде ұрпақ санасына сіңіру керек. Елінің, халқының алдында өзін жауапты тұлға ретінде сезіне білу – шартты ұғым. Аяқастынан бір жағдайлар бола қалса, «сен тұр, мен атайын» деп, тек алға ұмтылуға дайын болуы керек. Әскерге бару – азаматтық міндет. Десек те жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге жібергісі келмейтін ата-аналар көп. Әскерге барудан бас тартатындар да аз емес. Себебі көбінің санасында кеңес заманынан қалып қойған фобия бар. «Ол жақтың жағдайы мәз емес», «тамағы мардымсыз», «әлімжеттік үстемдік құрады» немесе «әскерге бару – уақытты текке өткізу» деген секілді ойлар әскерге баруға деген құлшынысты төмендетеді. Бүгінгі таңда әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың қайғылы жағдайға душар болғанын естіп те қаламыз. Өз-өзіне қол жұмсап қыршынынан қиылған жастарды аяймыз. Осы нәрселерді көріп ата-аналар ұлдарын көбіне әскери кафедраға оқуға түсіреді немесе мүлдем баласының әскери білім алуына шектеу қояды, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Қали Исупов. Мақпал Исмайлова есімді тағы бір ата-ана жастардың әскерден жалтаруын отбасылық тәрбие беруде жіберілген қателіктен бала бойына сіңген дерт деп есептейді. – Баланы әу бастан отбасында патриоттық рухта тәрбиелеп, халықты дұшпаннан қорғауға тастүйін дайын болудың не екенін түсіндірсе, ол әскерге барып, қолына қару ұстауды үйренер еді. Амал не, қазір әрбір жанұяда мұндай тәрбие берілмейді. Осыдан соң жастардан қандай патриоттық рухты көргіңіз келеді? Сол себепті әскер десе ат тонын ала қашатын ұрпақ өсіп келеді, – дейді ол. Елге қорған, халыққа қамқор болу қашанда ердің ісі. Ал ерлік іске баланы жас кезден баулу керек. Мектеп жасындағы жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру ісі қалай жүргізілуде? Мақаланы жазу барысында облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дарибаевамен тілдестік. – Жұмыс жоспары бойынша, қазір Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына және ҚР Қарулы Күштерінің 31 жылдығына арналып облыстағы оқу орындарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары және жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар арасында алғашқы әскери дайындық пен денешынықтырудан «Сапта жүріп, ән айту» атты ХХIII облыстық байқауы өткізілді. Байқау «Взводтың саптық байқауы», «Пневматикалық винтовкадан оқ ату», Калашников автоматын (АК-74) бөлшектеу және жинау, оқшантайды жарақтау, кедергі жолақтарын еңсеру, кермеге тартылу, 100 метрге жүгіру және арқан тарту сияқты бірқатар әскери-спорттық жаттығу түрлерін қамтыды. Мектептер мен колледждер арасындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдеріне арналған облыстық командалық байқауы біздің облысымызда 17-рет өткізіліп отыр. Оған 195 алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімнен құралған 12 команда қатысты. Ал оқушылар арасында биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында 18 000 оқушыны қамтыған «Сапта жүріп, ән айту» байқауы мектепаралық және аудандық, қалалық деңгейлерде өткізілді. Айта кету керек, 10-11-сынып оқушылары арасындағы бұл байқау 2000 жылдан бері тек біздің облыста ғана дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осындай шаралар жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына зор ықпалын тигізетіндігі сөзсіз, – дейді Г. Дәрібаева. Әрине, әлемде бейбітшілік орнаса – бүкіл адамзаттың қуанышы. Татулық пен тыныштық – баға жетпес қазына. Дейтұрғанмен әр мемлекеттің аумақтық тұтастығы пен ішкі қауіпсіздігін қамтамамыз ету –маңызды міндет, әрі зор жауапкершілік. Айбынды әскеріміз барда алаңдауға негіз жоқ. Ең бастысы, елін сүйген ерлеріміздің қатары көп болғай!

Нұржан Әліш

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар