Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жауаптылық та, сауаттылық та маңызды

Жауаптылық та, сауаттылық та маңызды
ашық дереккөз
Жауаптылық та, сауаттылық та маңызды
Кеше ел бойынша мемлекеттік қызметшілер, медицина, кітапхана саласының мамандары мен студенттер бір уақытта «Еркін ел ұрпағы» атты 141 сөзден тұратын диктант жазды. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтау, мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру, диктант мәтіні арқылы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №22-32-18.454 тапсырмасымен Мемлекет басшысының электоралдық кезеңде берген жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында барлық қазақстандықтардың қатысуымен «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктантын жазу тапсырмасы берілген болатын. Диктант жазушылардың жас және тілдік ерекшеліктеріне шектеу қойылмады. Диктант жазуға өңір тұрғындарының кем дегенде 30 пайызы қамтылды. Алдымен Тараз қаласындағы №32 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 35 жыл еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші Дана Жүнісова диктант жазудың ережесі мен талаптарын түсіндірді. – Бірінші мәтінді оқып беретін боламын. Содан соң барып жазамыз. Осында отырғандардың барлығы да ұстаздың алдын көрген ғой. Кейбірі қайталап сұрап жатыр. «Латын әліпбиінде жазамыз ба? деп ойлап отырғаны да бар. Тура алдымда оқушыларға ұқсап отырған басшылардың қате жіберуіне болмайды. Ондайға жол жоқ. Сондықтан да сауаттылық – бірінші орында, – дейді ұстаз Дана Зауырбайқызы. Сондай-ақ жалпыұлттық патриоттық диктант жазу бір уақытта Абай атындағы кітапханада, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада, Жамбыл медициналық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтында, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында жазылды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде де сағат 11:00-де барлық оқу залдары мен аудиторияларда жалпы саны 742 студент диктант жазды. Ұлттық болмысымыздың басты тірегі – мемлекеттік тіліміздің құнарын, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарға толы салт-дәстүрлерімізді келешек ұрпаққа жеткізу әрқайсысымызға ата-бабамыз аманат еткен қасиетті де аса жауапты міндет деп айтсақ, қателеспейтініміз анық. Ал мұндай игілікті іске ұжым болып жұмылса, бұл үлкен көрсеткіштің белгісі. «Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты ұстанымына айналдырған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ұжымы алдағы уақытта да осындай игілікті іс-шараларға белсенді қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтере бермек.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар