"КИМОНОМ БОЛМАҒАНДЫҚТАН, ҚОЛ КҮРЕСКЕ КЕТІП ҚАЛДЫМ"
Қол күресінен өтетін әлем, Азия чемпионаттарынан жерлестеріміздің жүлдесіз қайтпайтынын, басқалардан бәсі биік екенін бұған дейін де естіп-біліп жүретінбіз. Жасырып қайтейік, бірақ қол күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының әлемдік рейтингте бірінші орында тұрғанынан бейхабар екенбіз. Жуырда қол күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Ескендір Рысбековпен сұхбаттасып, ұлттық құрамамыздың әлемде көш бастауына жамбылдық спортшылардың қосқан үлесі зор екеніне қанықтық. Ендеше әлемде ең кең тараған, ерекше ықыласқа ие спорт түрінің өңірімізде дамуы, көрсетіліп жатқан қолдау, жастардың қызығушылығы жайлы аға жаттықтырушымен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Ескендір Нұрдәулетұлы, спорттық мансабыңыз жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
– 1990 жылы Түлкібас ауданы, Бақыбек ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Жүз шақты ғана түтіні бар Бақыбек ауылының шаңын жұтып, шалғынында аунап-қунап өстім. 2000 жылы ата-анамызбен бірге Тараз қаласына қоныс аударып, №23 орта мектепте білімімді жалғастырдым.
Жалпы, ауылдың баласы болғандықтан кішкентай кезімнен спортқа бейім болып өстім. Бірақ ауылда спортпен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Қол босай қалғандағы ермегіміз – асыр салып футбол ойнау, ләңгі тебу. Ал қалада барлық жағдай жасалған екен. Қалаған спорт үйірмесіне қатысуға болады. Күресті қатты жақсы көретінмін. Сөйтіп басқа ешқайсысына мойын бұрмастан күрес үйірмесіне қатыса бастадым. Бір жылдай қазақша күреспен айналыстым.
– Күресті тастап, қол күресіне ауысуыңызға не себеп болды?
– Шынымды айтсам, кимоном болмады (күліп). Жаттықтырушы Серік Қапалбаев ағайымыз «кимоно алыңдар» деп күніге айтады. Әрине, базарға барсаң кимоно самсып тұр ғой. Бірақ сатып алудың ыңғайы болмады. Жаттықтырушы сұрай берген соң да күреспен айналысуға зауқым соқпады. Күрес залының қасында қол күрес залы болатын. Бір күні залға кірдім. Кіре салып жаттықтырушыдан: «Қол күрес үйірмесіне қатысу үшін арнайы форма керек пе?» деп сұрадым. Миығынан күлген жаттықтырушы «Өзің қалмай келіп жүрсең болды» деп, арқамнан қақты. Сөйтіп жаттықтырушымен таныстық. Есімі – Ахмет Алиев екен. Осылайша кимоном болмағандықтан қол күреске қатысып кеттім. Ахмет Ибрагимович әлі де жеке бапкерім.
Қазіргі таңда Ахмет Алиев республикалық және Азия қол күресі федерациясының вице-президенті.
– Кейін күресті тастап кеткеніңізге өкінген жоқсыз ба? Мүмкін күреспен айналысқаныңызда Олимп шыңын бағындырар ме едіңіз?
– Түсіне білгенге қол күресі ерекше спорт түрі. Қол күреспен айналысып, қыр-сырымен, ұңғыл-шұңғылымен танысқан спортшының басқа спорт түріне көңілі аумай қалады.
Әрине, алғашында қол күреске барып жүргенімде «шіркін, кимоном болғанда ғой» деп іштей қынжылатынмын. Алайда Ахмет Ибрагимовичтің жаттықтыруымен, үйретуімен қол күреске махаббатым айрықша ашылды.
Қол күресі дзюдо, грек-рим, еркін күрес секілді олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Сол себепті де өкінген кездерім болды. Мүмкін сіз айтқандай Олимпиада жеңімпазы немесе жүлдегері болар ма едім. Дегенмен өзім бағындыра алмаған белесті болашақта ұлдарым бағындырса деп ойлаймын. Сол мақсатта екі ұлымды дзюдоға бердім. Ал екі қызымды қол күреске дайындай бастадым.
Жалпы, ауқатты отбасының балалары спортқа келмейді десек те болады. Қарны тоқ, көйлегі көк бай баласы боксты, күресті неғылсын. Көбіне жағдайы орташа, төмен отбасында өскен балалар спортты серік етеді. Сондықтан жастарымыз көңілі қалаған, жаны сүйген спортын орта жолдан тастап кетпеуі үшін спорт мектебі тарапынан қажетті формасы, басқа да қажеттілігі қамтамасыз етілсе құба-құп болар еді. Себебі кейбір жасөспірімдердің талабы таудай болғанымен ата-анасының қолының қысқалығынан спортпен мүлдем қош айтысып жатады. Демеушілерді тартып немесе басқа да амалын қарастырып тұрмысы төмен, бірақ спорт десе ішкен асын жерге қоятын жастарды қолдауға болады деп ойлаймын.
– Қазір жастарымыз Бауыржан Исламхандай футболшы, Елдос Сметовтей дзюдошы, Әбілхан Аманқұлдай боксшы, Бейбіт Ыстыбаевтай қазақ күресінің шебері болғысы келеді. Ал жастардың қол күресіне қызығушылығы қандай?
– Осы орайда еліміздегі қол күресі спортының дамуына қысқаша тоқтала кетсем. 1992 жылы елімізде қол күресі федерациясы ашылған. Содан бері федерация басшылығының қолдауының арқасында қыруар жұмыс атқарылды. Нәтижесінде спортшылар толағай табыстарға жетті. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте қол күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші орында тұрмыз. Осы нәтиженің өзі елімізде қол күресінің қаншалықты жақсы дамығанын көрсетеді.
Ал Қазақстан бойынша Түркістан облысының Шардара ауданы мен Жамбыл облысы армрестлинг спортының ордасы іспетті. Өйткені қол күресінен еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсететін қыз-жігіттердің басым бөлігі Жамбыл облысы мен Шардарада шыңдалған спортшылар. Шардара ауданы ерлер арасында қол күресінен үздік болса, Жамбыл облысы екінші орынға жайғасқан. Ал әйелдер арасында керісінше жамбылдықтарға тең келер қарсылас жоқ. Тиісінше әйелдер арасында шардаралық қыз-келіншектер екінші орынға табан тіреген.
Енді сұрағыңызға тікелей жауап берер болсам, жастарымыздың талпынысы көз қуантып, көңіл марқайтады. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қол күресі қолжетімді спорт десе де болады. Кимоно, шлем қажет емес (күліп). Екіншіден, жамбылдық, қазақстандық спортшылардың қол күресінен жеткен жетістіктері жастарымызды қанаттандырып, жігерін ұштауда. Тек Тараз қаласында ғана емес, барлық аудандарда қол күресі жақсы жолға қойылған. Облыс чемпионатын өткізгенде бес жүз-алты жүзге жуық спортшы қатысады.
– Қол күресінен әлем кубогінің иегерісіз. 2016 жылы Әлем чемпионатында қола жүлдені мойныңызға тақтыңыз. Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз. Қазақстан чемпионатында да талай мәрте топ жарыпсыз. Тізбелер болсақ басқа да жетістіктеріңіз аз емес. Қазір қол күресінен облыстың аға жаттықтырушысы екенсіз. Ұстаздан озған шәкірттеріңіз бар ма?
– Мақтануға тұрарлық шәкірттерім жетерлік. Аға жаттықтырушы болып жұмыс істеп жатқаныма үш жыл болды. Көрсеткіштеріміз өте жоғары. Үш жылда он төрт-он бес әлем, отызға жуық Азия чемпионын дайындадым. Әрине, мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Алдағы уақытта да облысымыздың, еліміздің атын асқақтатар саңлақтарды дайындау мақсатында жұмыс істей береміз.
– Білуімізше жарыңыз да қол күресімен айналысады екен?
– Иә, келіншегім Жұлдыз да қол күресінің шебері. Екеуміз де Ахмет Ибрагимовичтің шәкіртіміз. Залда танысып, жарыстарға бірге барып, арамызда достық қарым-қатынас орнады. Уақыт өте келе достығымыз махаббатқа ұласып, отау құрдық. Қазір екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырмыз.
Жұлдыз қол күресінен 11 дүркін Азия және 11 дүркін Қазақстан чемпионы. Сондай-ақ Әлем Кубогін ұтты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі таңда қол күреске қыздарды баулып жүр.
– Сіздің, жарыңыздың, шәкірттеріңіздің жетістігі, ұлттық құраманың әлемдік рейтингте көш бастап тұруы қайран қалдырмай қоймайды. Қол күресінен әлемде бәсекелестік төмен бе? Әлде шынымен-ақ бойында намыс оты мен бұла күші тасыған қазақтың қыз-жігіттеріне тең келер қарсылас жоқ па?
– Бәсекелестік өте күшті. Әлемнің 50 мемлекетінде жақсы дамыған. Әсіресе Америка, Түркия, Грузия, Украина, Швецияда армрестлинг спортының айы оңынан туып тұр. Америкада армрестлинг ұлттық спортпен пара-пар.
– Әлемнің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған турнирлерде қарсылас шақ келтірмей, талай мәрте ел абыройын асқақтаттыңыз. Ұтқан ең қомақты жүлде қоры қанша болып еді?
– Әлем чемпионатында бірінші орын алған спортшыға аз дегенде 800 мың теңге, жаттықтырушысына 1 миллионға жуық қаржылай сыйлық беріледі. Ал өзім ең қомақты қаржылай сыйлыққа Америкада өткен турнирде ие болғанмын. Екінші орын алып, 10 мың доллар ұттым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала