Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көк Тәңірі қолдаған – көк таңбалы Көк түрік ұрпағымыз

Көк Тәңірі қолдаған  – көк таңбалы Көк түрік ұрпағымыз
ашық дереккөз
Көк Тәңірі қолдаған – көк таңбалы Көк түрік ұрпағымыз
Шарананың қарашы жамбасына, Назарыңды қоймайды ол салмасыңа. Көзің түссе көк мөрге Тәңір соққан, Таңырқайсың Көктүрік таңбасына. Феноменнің жүрміз бе парқын біліп, Қара тағы... (балаңның артын түріп). Көк таңбада сан ғасыр тұқым қуған, Ұлттың коды сақталған – Арғытүрік. Көк таңбада сыры бар бағзы заман, Мүмкін сонау – Топан су, ақырзаман... Ызғар табы сол мөрде қалды ма екен? Мұз дәуірден сары аяз сақырлаған. Көнедегі сыры ма отбасының.., Самарқанның бар ма ізі көк тасының?! Тиді ме әлде ұшқыны денесіне, Жарқылдаған найзағай – көк жасынның. Бір атаның тараған ұрығынан, Көне кезде өрбіген бір үйлі жан... Америка үндісі, жапон, корей, Бар олардың бәрінде түріктік қан. «Көне тарих басталған Шумерлерден», Шумер сөзі бар біздің тілде терең. Англо-саксон, норвегтер шыққан Сақтан (Еуропалық тектесім түнерме сен). Көне Кипр аталған «Алашия», Салып кеткен онда да Алаш ұя. Төрт құрлықта жоқ баба баспаған жер, Қалған артта талай тау, талай қия. Сан ғасырлық тарихы, тіні, ұлты, Ежелгі ел Парсы мен Үнді жұрты. Бұрындары осыдан отыз ғасыр, Шыққан тастап Алтайды – Кіндік жұртты. Жер жүзіне жайылған күллі адамзат, Түрі бөлек, тілі сан, ғұрпы ғажап. Өз орны бар тарихта аталғанмен: Отырықшы ел. Теңізші. Бірі – Номад. Өзге түгіл өзіміз сезіне алмай, Тарихшылар кетеді есіне алмай, Өркениет ордасы адамзаттың, Болғандығын айтпайды кезінде – Алтай. Жарты әлемге жайылған жалпақ жұрттың, Шыққан жері, Отаны, бесігі – Алтай. Ауыздықтап атты алғаш жел қанатты, Айналдырған серікке – Ер қанаты. Алтынды аптап, балқытты – күміс күптеп, Бар бақытын бабалар жерден тапты. Құрды қоғам тең құқық әділетті, Өнегесін ұрпаққа тағылым етті. Гуннен туған, ар жағы Сақтан шыққан, Көк түріктің баласы қабілетті. Айнымаған адал ой, оң ниеттен, Мінезге бай саф алтын сом шетінен. Ел басына қысылшаң күн туғанда, Кесіп берген досына қоң етінен. Арғы түрік сан ғасыр сүрген ұзақ, Берген Тәңір ауызға үріп – Құжат. Көрсең егер көк таңба жас сәбиден, Сүйсін онда: гендегі ол – Түріктік Жад. * * * Азат елміз. Отыз жыл. Жаңғырды жер, Келмек талай жайсаң ұл, батыр мен ер. Күн өткенде құлпырып өркендейтін, Жасай берсін қазағым – Мәңгілік ел!

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар