Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ZHAMBYL» ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

«ZHAMBYL»  ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ
ашық дереккөз
«ZHAMBYL» ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ
Жуырда Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында кіші футболдан «Жұлдыздар лигасы. Ақтау кубогі» турнирі өтті. Сайдың тасындай іріктелген аяқдопшылар бәсекесінде Нұржан Туғанбай, Нұрлыбек Құрманов, Қайрат Анарбаев, Қуаныш Арықбаев, Алиясқар Тағайбаев, Дулат Кәрібек, Жанболат Алиев, Еркебұлан Досанов, Нұрмұхамед Байсүгіров есімді жігіттерден жасақталған «Zhambyl» командасы облыс намысын қорғады. Топтық кезеңдегі алғашқы ойынын атыраулық «Fishbarmaq» командасына қарсы өткізген жерлестеріміз айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ Қайрат Анарбаев мергендігімен көзге түсіп, командасын есепте алға шығарды. Араға бірер минут салып Қайрат Анарбаев дубль авторы атанды. Жауапсыз екі гол жіберіп алған соң атыраулықтар есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Дегенмен «Zhambyl»-дың тас қамал қорғаушыларын айналып өте алмады. Қақпашы да қателікке бой алдырмады. Керісінше уақыт өткен сайын жамбылдық аяқдопшылардың басымдығы арта берді. Нәтижесінде кездесу 7:2 есебімен «Zhambyl» командасының пайдасына аяқталды. Ақтаулық «МJ» командасына қарсы өткізген топтық кезеңдегі екінші ойында да жамбылдықтар білгендерінен жаңылмады. Алаң иелерін 9:3 есебімен ойсырата жеңіп, үш ұпай олжалады. Алғашқы екі қарсыласын жолынан оңай ысырып тастаған жерлестеріміздің Қызылорда облысынан келген «KHAN»-ға қауқары жетпей, 4:5 есебімен жеңіліс тапты. Алты ұпаймен топтан шыққан «Zhambyl» командасы ширек финалда «Sportchannels»-мен (Нұр-Сұлтан) кездесті. Жартылай финалға жолдама беретін тартысты ойында «Zhambyl» командасы сапынан Алиясқар Тағайбаев, Қайрат Анарбаев, Нұрмұхамед Байсүгіров (покер) гол соқты. Бұдан кейін ақтаулық «Caspy»-ға қарсы ойнаған «Zhambyl» командасының финалға жолдама алуы үшін көп тер төгуіне тура келді. Себебі ойын төрешілері алаң иелеріне бұра тартып, кездесудің мәнісін кетірді. Дегенмен төреші тарапынан қанша қыспақ көрсе де жігіттер жасымады. Керісінше шабуылды үдетіп, қорғаныста да сыр алдырмай, ақтаулық аяқдоп шеберлерінің адымын аштырмады. Команданың әрбір ойыншысы алаңда жан алысып, жан берісіп, кімнің шын мәнісінде мықты екенін дәлелдеді. Кезекті шабуылдың бірінде Қайрат Анарбаевтың шірене тепкен добы қақпа торынан табылды. Есеп 1:0. Кездесудің соңына дейін осы есеп сақталып қалды. Ақтық ойын. Қарсылас – «Qurman» командасы. Нұр-Сұлтаннан келген команда оңай шағылар жаңғақ емес. Республиканы былай қойғанда шетел асып, талай турнирде топ жарған. Әрине, «Zhambyl» жігіттері де жарау аттай жарап тұр. Сонымен... Төреші ысқырығы естіліп, ойын басталды. «Qurman» командасы ойынды қарқынды бастап, Н.Құрманов қорғаған қақпаға 2 минутта-ақ алғашқы голын салды. Есеп ашылған соң ойын қыза түсті. Кездесудің бірінші таймы ортасынан ауғанда «Zhambyl» командасының белді ойыншысы Еркебұлан Досанов «қызыл қағаз» алып, жағдай қиындай түсті. Араға екі минут өткенде ғана Еркебұланның орнына басқа ойыншысы қосылады. Екі минут аз уақыт емес. Қарсыластың бір емес, бірнеше гол соғып кетуі әбден мүмкін. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмады. «Qurman» командасы басымдықты пайдалана алмады. Керісінше жамбылдық жігіттер 3 ойыншымен жүріп-ақ есепті теңестіріп кетті. Қайрат Анарбаев турнирдегі кезекті голын соқты. Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Қарсылас бір голымызға екі голмен жауап қатты. Есеп 3:1. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда команда капитаны Нұржан Туғанбай есепті бір голға дейін қысқартты. Ойынның екінші кезеңі де тартысқа толы болды. Екінші таймның 11-минутында қарсыластар есепті 4:2-ге жеткізді. Кездесудің аяқталуына 1 минут қалғанда Қайрат Анарбаев есепті 4:3-ке дейін қысқартты. Кездесу 4:3 есебімен аяқталып, «Qurman» командасы «Жұлдыздар лигасы. Ақтау кубогінің» иегері атанды. Ал бабы келіскенімен, бағы жанбай, сәл ғана сәттілік жетіспеген «Zhambyl» командасы екінші орынды еншіледі. «Zhambyl» командасының шабуылшысы Қайрат Анарбаев турнирдің «Үздік сұрмергені» атанды. Осылайша кіл мықты командалар жиналған «Жұлдыздар лигасында» Жамбыл жігіттері жұлдыздай жарқырап, туған жерге абыроймен оралды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар