Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпке баулитын колледж

Кәсіпке баулитын колледж
ашық дереккөз
Кәсіпке баулитын колледж
Заманның ағымы, қоғамның дамуы біздің еркімізден тыс дүниелерге жетелеп барады. Интернет дамыған заманда барлық жұмысымыз сымсыз желінің ығымен бітіп, ырқымен жүруде. Цифрлық ақша, цифрлық құжат сияқты көзге ғана көрінгенімен қолмен ұстап көруге болмайтын жүйелер біздің өмірімізге тың ізденістер мен жаңалықтар алып келіп жатқанда мемлекетіміз де осыған орай азаматтарды дайындауға бел шеше кірісіп кеткен. Сондықтан да «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дайындап, мемлекет тарапынан IT саласының мамандарына деген сұраныстың артқаны да даусыз. Сөзімізге Қордай ауданының Бетқайнар ауылындағы шағын ауылдың өзі дәлел болмақ. Бұл ауылға өткенде ғана аудан аралап жүрген облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің өзі барып, ондағы оқу орнына деген ризашылығын білдірген болатын. Қазіргі таңда аталған аудандағы №7 Бетқайнар колледжінің материалдық-техникалық базасы толығымен заманауи үлгіде кемелдендірілген. Өңір жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінде 556 студент оқиды. Онда «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтың төрт түрі оқытылады. Қысқасы, бұл жерде білім алуға ынталы жастарға барлық жағдай жасалған. Мысалы, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуальді түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егіншаруашылығының қыр-сырын үйренсе, ауылшаруашылықты механикаландыру кабинетінде виртуальді тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренеді. Ал дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгертеді. Колледждің материалдық-техникалық базасы туралы білім ордасының басшысы былай дейді. – Біздің колледжіміз – өңірдегі сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру орындарының бірі. Басты мақсатымыз – еңбек нарығында кәсіби қызметке, мансаптық өсуге және тұрақты сапалы өмірге дайын мамандарды даярлау. Қазіргі таңда колледжде «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мен «Бағдарламалық қамтамасыз ету» (түрлері бойынша) сияқты төрт мамандық бойынша балаларға білім береміз. Былтырғы және биылғы оқу жылында колледжде оқитын 556 студенттің мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқып жатқаны – 292. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде оқып жатқан 264 студент бар. Оларға барлық жағдай жасалған. 75 орындық жатақхана, 200 орындық асхана, және басқа да спортзал, кітапхана, зертхана сияқты студенттердің білім алуына арналған барлық қолайлы орындарымыз бар. Колледжіміз институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өткен. Сондай-ақ биыл барлық мамандықтар бойынша мемлекеттік аттестациядан өтті. Студенттерге білім беретін 59 білікті педагог санатындағы ұстаздарымыз бар, – дейді колледж директоры Гүлнар Әлімбаева. Білім ордасы басымдықты көбінде техникалық мамандықтарға бергендіктен ол жердегі студенттер оқыған білімдерін іс жүзінде қолданып, оқығандарын нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік бар. Олардың тәжірибесін жүзеге асыру үшін оқу орны барлық техникалық жабдықтармен қамтамасыз еткен. Сондықтан оқу орнының басшылығы ертең оқу орнын бітірген біздің мамандарымызға сұраныс көп болады деген сенімде. – Әрине, біздің басқа оқу орындарынан артықшылығымыз – техникалық жабдықтарымыздың толық болуы. Мұнда оқып шыққан әрбір маман ертең жұмыссыз қаламын деп алаңдамаса да болады. Өйткені олар күнделікті алған білімін іс жүзінде, яғни тәжірибе негізінде қолданып көреді. Демек, олар ертең дайын маман болып шығады деген сөз. Мысалы, бізде қазір ауылшаруашылық техникаларынан «John deere», «Енисей» комбайндары, «MTЗ-80», «deutz fahr» тракторлары мен қатар, камаз, экскаватор, соқа, дән сепкіш сынды барлығы 20 техника, 3 виртуальді тренажер бар. Сонымен қоса дәнекерлеу цехы мен жүн түтетін цех және лимон өндіретін 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайымыз бар. Студенттер ол жерде лимонның өсу және жеміс беру барысын өз көздерімен көріп, қандай жағдайда мол өнім беретінін, қандай жағдайда оның өспей қалатынын көз алдарынан өткізеді. Ал тігін цехындағы қаракөз қыздарымыз өз қолдарымен қолөнер бұйымдарын жасап, этно стильде киім тігеді. Бұл мамандардың бәрі де болашақта еліміздегі кәсіби жас мамандардың қатарын толықтырады деген ниеттеміз, – дейді колледж директоры Гүлнар Еділбайқызы. Сондай-ақ колледж «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың жұмыспен қамтылмаған бөлігін даярлау және қайта даярлау бойынша 440 маман дайындағанын да айта кеткен жөн. Әрі бұл білім ошағы студенттерге тәжірибелік білім берумен қатар, олардың жасаған дүние­ле­рі­нен табыс та тауып отыр. Мысалы, былтыр облыс әкімдігі білім басқар­ма­сы­ның тап­сыр­ма­­сы­мен «Тігін өндірісі және киім­дер­ді үлгілеу» маман­ды­ғы­ның облыстық «тігін» құзыреттілігі бойынша аймақтық «World Skills» чемпионатынан да жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ басқа да түрлі республикалық конкурстардан колледждің студенттері мен педагогтары бос қайтқан емес. Бұйыртса, аймағымыздың абыройын асқақтатып отырған бұл оқу орнының түлектері алда әлемдік аренадан көрінетін маман болатын күн де алыс емес. Әрі болашақта осы мамандардың арқасында өз жерімізде өскен лимон, банан сияқты жемістерді жейтін күніміз де, өз отандық киімдерімізді киіп, әрбір заттан қазақстандық модельдегі брендті қалыптастыратын күн де алыс емес.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар