Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су каналдарын жөндеу сын көтермей тұр

Су каналдарын жөндеу сын көтермей тұр
ашық дереккөз
Су каналдарын жөндеу сын көтермей тұр
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте вегетациялық кезеңге дайындық, «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен атқарылып жатқан жұмыстар барысы қаралды. Бүгінгі күнге облыстағы республикалық меншіктегі суқоймаларда жиналған судың орташа көлемі 90 пайызды құрайды. Сонымен қатар Қырғызстан тарапымен вегетациялық кезеңіне алдын ала Киров суқоймасынан 520 миллион текше метр, Шу өзені бойынша 222 миллион текше метр су алуға келісім алынды, су алу кестесі алдағы «Шу-Талас» комиссия отырысында бекітілмек. Су пайдаланушылармен 492,5 миллион текше метр үшін 1 488 келісімшарт қол қойылған, ағымдағы жылдың вегетация кезеңіне 107,5 мың гектарға 750 миллион текше метр су беру жоспарлануда. Бұл туралы басқосуда «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов баяндады. Оның айтуынша, каналдар арқылы су беру басталған. Сонымен қатар 24 сәуірден бастап Киров суқоймасынан секундына 13 текше метр су жіберу қолға алынбақ. Сондай-ақ жиында коммуналдық меншіктегі суқоймаларда бүгінгі күнге жиналған судың орташа көлемі 72,6 пайызды құрайтындығы айтылды. Облыс әкімі су каналдарын реттеу және жөндеу жұмыстары бойынша мәселелерді сынға алды. – Вегетациялық кезеңде шаруаларға ешқандай кедергісіз қажетті су мөлшері жеткізілуі тиіс. Сіздер айтып отырған түрлі сылтаулар қабылданбайды. Бұл бойынша бұған дейін оншақты рет жиналыс өтіп, нақты тапсырмалар берілген болатын. Тапсырмалардың орындалуы ойдағыдай емес. Ертең шаруалар мәселенің шешілуін әкімдіктерден сұрайды. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Қалған шаруаларды өңірдегі «Қазсушар» мекемесі бақылауға алып, уақытылы орындауы тиіс болатын. Біз шаруаларға қағазбастылық, құжатқа қатысты мәселелерді айтып, ақтала алмаймыз. Оларға нақты нәтиже керек. Осы тұрғыда жұмысқа деген көзқарасты өзгерту керектігін үнемі айтып келемін. Жауаптылар су каналдарын күнара аралап, жұмыстардың басы-қасында жүруі тиіс. Қажет болса, күні-түні жұмыс істеңіздер. Тек су беруде мәселе туындамауы қажет, – деді Нұржан Нұржігітов. Аймақ басшысы «Қазсушар» РМК облыстық филиалының жұмысына қатысты арыз-шағымдарға, берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуына саралау жүргізу керектігін тапсырды. Жиында өзге де тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар