60-қа келсе де ақылы кірмепті
Сәуір айының басында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Меркі ауданының Тәтті ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығының аумағында жертөледен ерекше иісі бар қоңыр-жасыл түсті, өсімдік тектес заты бар полиэтилен пакетін тапты.
Сараптама қорытындысы бойынша, табылған зат жалпы салмағы 7 келі 260 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» және 88 грамм «гашиш» есірткі құралдары болып шықты.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен Шу ауданының 60 жастағы тұрғынын ұстады.
– Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
Келесі мақала