Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мобильді ақша аударымы һәм мазасы қашқан жұрт

Мобильді ақша аударымы һәм мазасы қашқан жұрт
ашық дереккөз
Мобильді ақша аударымы һәм мазасы қашқан жұрт
15 сәуірден бастап мемлекет тарапынан банктердің мобильді қосымшасы арқылы жұрттың бір-біріне қаржы аударымы бақылауға алынғалы тұрғындардан маза қашты. Қарапайым тұрғындардың мобильді қосымша арқылы бір-біріне ақша аударымының мемлекет тарапынан бақылауға алынуы жеке тұлғаның табысын және кәсіпкерлікке қатысы бар-жоғын анықтау үшін жасалып отырғаны белгілі. Бос уақытында жеке көлігімен адам тасып немесе той-томалақта асаба, әнші секілді шоу-бизнеске қатысты өз қызметін ұсыну, техника жөндеу орталықтарында көлік шебері, құрылыс саласында сылақшы, сырлаушы, базарда не үйде саудамен айналысу секілді сан түрлі көзге көрінбейтін кәсіппен айналысып жүргендердің бір айда қанша қаржы табатыны енді белгілі болады. Осыны түсінгенен кейін қоғамда табысын жасырып жүрген кейбір азаматтар «Kaspi Gold» немесе басқа да екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы есеп айырысуды доғара бастады. Олардың да мақсаты – табысын мемлекетке көрсетпеу. Шынын айтқанда, біздің менталитетіміз дамыған елдердегідей заңды сыйлауға бейім емес. Анығын айтқанда, біздің тәуір тұрмыс кешуімізге өркениеттегі елдердегідей барлық жағдай жасалса, мұндай мәселе туындамас па еді кім білсін? – Мен қолым қалт еткенде тоқыма өнерімен айналысамын. Арасында көздің майын тауысып іс тігемін. Тоқыма және іс тігу арқылы жасаған дүниемнің пішіні, кескіні өз ақыл-ойым мен еңбегімнің жемісі. Бұл жұмыспен негізінде үй жағдайында айналысамын. Ешқандай жұмыс орным жоқ. Еңбекақым мардымсыз болғандықтан осы қадамға барып отырмын. Тапсырыс та көп емес, әрі бағасы да арзан. Мен күніне тұтынушылардың, тапсырыс берушілердің үдесінен шығу үшін барымды саламын. Сондай еңбекпен келген жұмысымның ақысын жұрт онлайн төлесе, одан мемлекет салық ұстап қалып жатса, қосымша жұмыс істеп жан бағуды қоюыма тура келеді. Бір айта кетерлігі мен айына жүз адамға өз бұйымымды 500 теңгеден сатсам, 50 мың теңге табыс табамын. Мен мұндай жағдайда кәсіпкер ретінде салық органына тіркеліп, табыс салығын төлеуге міндеттелемін. Ал асаба айына бірнеше той жүргізіп, мобильді қосымшамен әр қызметі үшін 20 адамнан 50 мың теңге алды дегеннің өзінде 1 миллион табыс табады екен. Бірақ ол мобильді қосымша арқылы 100 адам емес, 20 адамнан қаржы алғандықтан ол кәсіпкер болып танылмайды. Неге табыс салығын ұстау критерийлеріне қаржының көлемі де енбеген? Сонда әділдік қайда? – дейді аты-жөнін атамауды өтінген тараздық бір тұрғын. Біз облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Байланыс орталығы» басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспановқа жолығып, осы және басқа да сұрақтарға жауап алдық. – Бұл шынында да ескеретін жайт екен. Десе де қандай да бір азаматтың табысы 12 айлықтық есептік көрсеткіштен аспаса, ол жеке кәсіпкер болып танылмайды. Салық кодексінің шеңберінде 2025 жылға дейін екінші деңгейдегі банктер қолда бар санаттарды толықтыра отырып, жеке тұлғалардың мәліметтерін кезең-кезеңімен мемлекеттік кірістер органдарына беретін болады. Бірінші кезеңде (2022 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін) мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптарына), сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары (зайыптарына) қамтылады. Екінші кезеңде (2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) бюджет саласының қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайларына қатысты. Үшінші кезеңде салық органы (2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін) заңды тұлғалардың басшыларынан, құрылтайшыларынан (қатысушыларынан) және олардың жұбайларынан, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларынан біржолғы ақшалай өтемақы алуға құқылы. Төртінші кезеңде бұл іс (2025 жылғы 1 қаңтардан бастап) халықтың қалған санаттары бойынша жүргізіледі. 2023 жылы екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар 1-кезеңнің тұлғалары бойынша мәліметтерді ұсынуды жоспарлап отыр. Бұйрық жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайды және салық мониторингін жүргізу кезінде тиімділікті арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталғанын атап өтеміз, – дейді Өмірзақ Сайлауұлы. Жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей қандайда бір табыс көзі бар шаруамен айналысса патент алуы тиіс. Ол патент алу арқылы табысының 1 пайызын мемлекетке төлеуге міндетті. Егер жылдық табысы 10 миллион теңгеден асып, алты айда 73 миллион теңгеден аспаса «Оңайлатылған декларация» бойынша одан 3 пайыз табыс салығы ұсталады. Тапқан табысы алты айда 73 миллион теңгеден асып кетсе, онда ол қазына қаржысына табысының 10 пайызын құюға міндетті. Десе де кәсіпкерлерден 2024 жылға дейін ешқандай салық ұсталмайтынын және оларға айыппұл салынбайтынын айта кеткен жөн. Өйткені бұйрықта «3-кезең (2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін): заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бойынша біржолғы ақшалай өтемақы алуға құқылы» деп атап көрсетілген. Дара кәсіпкер дегеніміз осы 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған азаматтар 2024 жылға дейін салықтан босатылған. Негізінде кімде-кім айына әртүрлі 100 адамнан қаржы қабылдаса, салық органына барып тіркелуі керек. Ол айына 100 мың теңге табыс тапса, «мен айына 100 мың теңге табыс табамын» деп мың теңгеге патент алуы тиіс. Патентті бір айға да, бір жылға да алуға болады. Жылдық табысының бір пайызын жыл соңында немесе алдын ала төлеп тастаса да заңға қайшы емес. Сонда ғана оның табысы заңды болып есептеледі. Тағы бір айта кетер жайт, біз айтқан табыс көзі бар азаматтарда кассалық аппарат болуы керек. Ол мейлі саудагер немесе таксист болсын. Ал есеп айырысу мобильді қосымшамен жасалса, кассалық аппарат алмауына болады. Айына қанша табыс тапқанын мобильді қосымшада сақталатын түбіртек (чек) арқылы растай алады. Жұрт бір-біріне «Kaspi Gold» арқылы ақша аударым жасағандықтан, «Kaspi Bank» олардан жылына 2 мың теңгеге жуық алым ұстайды. Осыны болдырмас үшін ҚР Қаржы министрлігі бүгінде жеке кәсіпкерлерге ыңғайлы етіп арнайы мобильдік қосымшаны іске қосып отыр. Ол «e-Salyq Business» деп аталатын қосымша. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа мобильді мүмкіндік. Мұны қолданған азаматтардан ешқандай алым ұсталмайды, кез келген екінші деңгейлі банктің «Kaspi Gold» секілді қосымшасына ақша аударғанда да пайыз ұсталмайды. – Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы әзірленіп, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Аталған қосымша арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланумен немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлердің салық міндеттемелері мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерін орындауын оңайлатуға арналған. Бұдан басқа, патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге арналған қосымшаның қолдану мүмкіндігі әзірленді. Қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, чектер беруге, кірістер тізілімін қалыптастыруға және салық және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді қосымшамен автоматты түрде есептеу үшін қызметкерлердің кірістерінің есебін жүргізуге және оңайлатылған декларацияның тиісті жолдарын толтыруға мүмкіндік береді. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер «e-Salyq Business» мобильді қосымшасының пайдаланушылары бола отырып, патент құнының есеп-қисабын ұсынудан және табыс алғанға дейін алдын ала (аванспен) салық және әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылады, – дейді Ө.Қоспанов. Анығына келгенде қазақстандықтар 2024 жылдан бастап кәсіппен айналысса да еңбегін сатса да қандайда бір табыс тапқаны үшін оны заңдастыруы керек. Осындайда «Есектің артын жусаң да мал тап» деген Абай атамыздың нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Мемлекет табыс табамын деген азаматтардың қолынан қақпайды. Тек ол заңға қайшы болмауы керек. «Көлеңкелі экономиканы жою» дегеннің бір көрінісі осы. Айтпақшы, АҚШ-та мемлекетке салық төлеу – азаматтық парыздың ең қасиеттісі саналады. Азаматтарының салығынан мемлекеттің бюджеті қалыптасатынын дәл америкалықтардай саналы түрде түйсінбесек, осы жүргеніміз жүрген...

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар