Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құланның аспанында ән қалықтады...

Құланның аспанында ән қалықтады...
ашық дереккөз
Құланның аспанында ән қалықтады...
Т.Рысқұлов ауданының топырағында талай игі жақсы, арда азаматтар дүниеге келген. Солардың бірегейі «әндерім елге жетсе екен» деп армандаған, саз соқпағына соны леп әкелген құландық өнер иесі – Жаңбыршы Үсейінов. Әке әндерін ел арасында насихаттап жүрген жақсының тұяғы, журналистика саласында өзіндік орны бар Ардақ Үсейінованың ұйытқы болуымен «Сағыныш-2» атты ән кеші өтті. Әке атын ардақтаған перзент кешті өзі жүргізді. Құлан жерінде, Мэлс Өзбеков атындағы Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кеште Құланның аспанында ән қалықтап, азаматтың аты ел есінде қайта жаңғырды. Үлкен сахналарда талай кештер өтіп жатыр ғой. Алайда «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл кеш өз көрерменінің есінде ерекшелігімен қалмақ. Көпшіліктің есіне аядай ауылда басталған тойдың қызықтары, сонау 80-90-жылдардың мамыражай күндері түсті. Кеш барысында композитордың «Досыма хат», «Жастығымның жалыны», «Жігіт сыры», «Нұргелді», «Немерем – балам!» әндері де шырқалды. Орындалған әрбір әнге кіріспе ретінде құрылған композицияның тосын басталуы, бір бағытта өрбуі, соңғы нүктесінің әкеге деген құрметпен аяқталуының өзі шеберлік пен ізденістің көрінісі болды. Ретро стиль, сұхбаттар, естеліктер мен өлең шумақтары өзара үйлесіп, күміс көмей, жезтаңдай әншілер тамаша кеш сыйлады. Ауыл деген әркімнің жүрегіндегі балалық бал дәуренге деген сағыныш қой. Сахнадағы реквизиттер әрбір жанның жүрегіндегі естеліктерін қайта оралтты. Тыңдармандардың құлақ құрышын қандырған әндерге ел-жұрт «Жаңбыршының жылы әндері-ай!» деп тамсанды. – Қасиетті Құлан өңірінің Көкдөнен ауылында қарапайым ғұмыр кешкен композитор Жаңбыршы Үсейіновтің әндері тыңдаған жанға жаздың жылы жаңбырындай әсер қалдырады. Тіршілігінде атақ, марапат іздеп, азамат атын аласартпаған Жаңбыршы ағамыздың да дүниеден өткеніне жиырма жылға жуықтапты. Жаңбыршы Үсейінов өнерге адал болған адам. Оны жазып қалдырған шығармаларынан, жүріп өткен өмір жолынан көруге болады. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Осындай ізбасарлары барда композитордың аты мәңгі өлмейді! Қолдауы үшін аудан әкімдігіне рақмет! Жаңбыршы ағамыз дүниеге келгенде жылы жаңбыр апталап жауып тұрған екен. Соңғы апталарда Әулиеата жерінде де жаңбыр жиі жауды. Кеше де бәлкім сағыныштың көз жасы, бәлкім өнердің шуағы, бәлкім біз біле қоймайтын бір құбылыс, әйтеуір, Құлан жерінде де жылы жаңбыр толас­сыз жауып тұрды, –дейді Құланда өткен керемет кештің куәсі болған ақын Хамит Есаман. Осылайша Ж.Үсейіновтің әндерін бүгінгі буынға насихаттау мақсатында өткен ерекше концерт ұмытылмастай есте қалды. Жаңбыршы композитордың өзі өмірден өтсе де, ұмытылмас әндері халықтың жүрегінде мұра болып қалары анық. Тыңдарманы барда Жаңбыршының әні өлмек емес. Сазгер туралы тағы бір мәрте айта кетсек, артық болмас. Ол 1947 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жақын болып өскен жас композитор Мэлс Өзбековтің әндерін шырқап жүріп, 17 жасында алғаш рет өзі де ән жазыпты. Сегіз қырлы, бір сырлы дарын А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте математикадан, кейіннен ән-күй пәнінен дәріс берген. Мектепте оқып жүрген кезінде үрмелі оркестрді, кейін өнерлі жастарды жиып, «Таң самалы» ансамблін құрған дейді. Сол жылдарда ансамбльдің аты аудан, облыс көлеміне кеңінен танылып, тіпті «Алматы» телестудиясы шақырып, 1,5 сағаттық концерттік бағдарламасын республика жұртшылығына паш еткен екен. Достары түгел арман қуып, оқу іздеп кеткенде Жаңбыршы көз жанары сыр беріп, ауылда қалыпты. Бірақ ол тағдырдың бұл сынағына сынған жоқ. Кеудесін сағыныш кернегенде құрбы-құрдастарына арнап ән жазды. Сұлулықты, сұлуларды әнге қосыпты. «Сағыныш» атты ән-жинаққа композитордың әр кезеңдегі жүрекпен сезіп, көңілге түйген сәттерде әуен болып құйылып, ән болып төгілген 20 ән енген. Соның бірқатары бүгінгі кеште шырқалды. Композитордың 40-тан аса әндері ел ішінде кең таралып, үлкен сахналарда орындалған. Оның «Ағайындар», «Құдаша», «Айша бибі», «Соғыстан қайтқан әкелер» әндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап жүр.

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Балалар поэзиясы
Алдыңғы мақала
Балалар поэзиясы

Ұқсас жаңалықтар