Жайлы мектеп – жайлы орта
Елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы іске қосылды. Бағдарлама үш ауысымда оқыту және оқушы орын тапшылығы бар мектептер мәселесін шешуге бағытталған.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген болатын.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында облыс бойынша 2023-2025 жылдары аталған жоба аясында 9 500 орындық 13 мектеп салу жоспарлануда. Оның сегізінің құрылысы биыл басталса, қалғаны келер жылға жоспарланған.
2024 жылы 16 білім нысанының құрылысын және 35 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар дайындалуда.
«Жайлы мектеп қандай болуы қажет?» деген сауал туындайды. Ең алдымен, білім беруге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және жиһазбен жарақтандырылған болуы шарт. Оқитын орны мен дәліздері кең, жарық болуына да ерекше мән беріледі. Екіншіден, интернеттің жылдамдығы, цифрлық технологияның қарыштаған заманында онсыз іс бітпейді. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасалады.
Президент дәстүрлі Жолдауында білім мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мектеп құрылысы облыс әкімдерінің жауапкершілігіне жүктелгенін айтқан болатын. Аймақ басшылары жыл соңына дейін салынып жатқан білім ордаларының жері мен инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешіп, мемлекеттен бөлінген қаржыға жауапты болуы тиіс. Қазіргі таңда 13 мектептің құрылысын жүргізу үшін барлығына мемлекеттік жер актісі алынған. Жоба тұрақты бақылауда.
Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.
Жалпы облыста бүгінде үш ауысымда жұмыс істейтін 4 мектеп, апатты жағдайдағы 1 мектеп, оқушы орны тапшылығы бар 2 мектеп бар.
Үш ауысымда жұмыс істейтін 2 мектептің мәселесі 2023-2024 жылдары қосымша құрылыс есебінен, 2 мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ апатты жағдайдағы Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің мәселесі 2024 жылы спортзал, асхана, мәжіліс залдың қосымша құрылысы есебінен шешімін табады деп күтілуде.
Тараз қаласындағы №53, №55 мектептердегі оқушы орны тапшылығы мәселесі «Арай» алқабындағы 600 орындық мектептің құрылысы есебінен осы жылы шешілмек.
Еліміз бойынша жаңа білім ошақтарының стандарты орын санына байланысты бірегей болады.
Келесі мақала